Бұрнағы күні Мәскеуде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1931-1934 жылдары тұрған үйге ескерткіш тақта орнату салтанаты болып өтті.
Ресей астанасында он бір жыл тұрып, Кеңес өкіметінің басшылық органында қызмет еткен қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың есімін Мәскеу қаласы тарихында қалдыру оның ұрпақтарының, Қазақстан жұртшылығының, замана салмағын санада ұстаған күллі зиялы қауымның көкейінде жүрген өзекті тілектің бірі еді. Кеңес заманында қол жетпеген бұл ниетті іске асыруға тәуелсіздік дәуірінде жол ашылды. Сөйтіп, Тұрар тұлғасын асқақтату арқылы Қазақ елінің, ұлтымыздың жақсы аты тағы бір мәрте өзге жұртқа жария етілді.
Бұл салтанатты рәсімге Қазақстан мен Ресейдің бірқатар белгілі қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар мен жазушылар, Тұрар Рысқұловтың жерлестері, туысқандары мен ұрпақтары, Мәскеудегі қазақ қоғамдық ұйымдарының өкілдері, басқа да қазақстандықтар мен ресейліктер қатысты. Жерлестерінің қуанышына әрдайым ортақтасып жүретін Олег Сосковец, Владимир Шумов, Асқар Тұралин, Фахр Әбдіхалықов және басқа белгілі азаматтар да айтулы іс-шараның белортасында болды.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Мәскеу қаласы Мәдениет департаменті басшысының орынбасары Ольга Гришина, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сатыбалды Ибрагимов пен Динар Нөкетаева, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев алқызыл лентаны қиған сәтте «Турар Рыскулов (1894-1938) Видный государственный деятель Казахстана и России, Заместитель Председателя Совнаркома РСФСР жил в этом доме с 1931 по 1934 г.» деген жазуы бар ескерткіш тақтаның жамылғысы сырғып түсіп, Тұрардың тарихи жарияланымдардан көзіміз үйренген танымал фотосуреттері негізінде әзірленген, жағын таянып отырған қола мүсіні жарқ ете қалды. Ел тәуелсіздігінің мерейлі тойы қарсаңында ашылған, халқымыз көптен күткен ескерткіш тақта лезде алқызыл гүл шоқтарына бөленді...
Іс-шараға қатысушылар бұдан кейін Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды одан әрі жетілдіруге елеулі ықпал ететін, Мәскеудің сан ғасырлық мәдени-тарихи шежіресінің жаңа парағы болып ашылған Тұрар тақтасының саяси мән-мағынасы мен мазмұнды болашағы жайында, оның екі елдің бүгіні мен болашағына қызмет ететіндігі туралы тағылымды ой толғады. Сөз орайында Қазақстан елшісі З.Тұрысбеков жаңа жобаның іске асырылуына игі көмек көрсеткен Мәскеу үкіметіне, ескерткіш тақта жобасының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Азат Баярлинге шынайы ризашылығын білдірді.
Осы ретте Қазақстан елшілігінің Елбасымыздың тапсырмасымен соңғы жылдары Тұрар Рысқұловқа Мәскеуде ескерткіш тақта орнату мәселесін жан-жақты зерделеп, мұның нақты шешімі табылуы мүмкін бағыттарын іздестіргенін, сөйтіп, халқымыз үшін маңызды елеулі жобаны ойдағыдай іске асырғанын атап өте кетсек дейміз.
Мәскеу үкіметінің 2009 жылғы қаулысына сәйкес мемориалдық тақтаны жобалау, әзірлеу және орнату жұмыстарын әдетте өтінім жасаушы тарап өз күшімен жүзеге асырады. Мәселен, арнайы комиссия қарауына шығарылған кезде тақта қойылатын тұлға туралы тарихи-өмірбаяндық анықтама, оның еңбек сіңіргенін дәлелдейтін мұрағат құжаттарының көшірмелері, тақтаның сұлбасы мен ондағы мәтіндік жазбалар, осы үйде тұрған мерзімі туралы үй кітабынан алынған көшірме, ескерткіш тақтаны көркемдік-сәулеттік жағынан жобалау, орнату және салтанатты ашу мәселелерінің техникалық жағынан қамтамасыз етілетін жұмыстарға төленген ақыға берілетін кепілхат сияқты қағаздар талап етіледі.
Осы ретте Қазақстан елшілігі Тұрар Рысқұлов тұрған үйді табу және оны құжаттық негізде дәлелдеу үшін көп еңбек сіңірді деуге болады. Мәселен, жұртшылық Тұрардың Мәскеудегі 1937 жылға дейінгі шаңырағы ретінде Новинский (бұрынғы Чайковский көшесі) орамындағы (бульварындағы) 25-інші үйді көбірек айтады. Бұл туралы елшілік Ресей Федерациясының көптеген мекемелеріне сұрау салған еді. Бірақ нақты қолға ұстайтын құжат табылмады.
Дегенмен, «бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, РФ Мемлекеттік мұрағатының жауап хатында 1927-1930 жылдары шыққан «Вся Москва» деп аталатын анықтамалық жинақта Тұрар Рысқұловтың Мәскеудегі мекенжайы «Мясницкая көшесі 24/27» деген бір ауыз сөз айтылған екен. Кейін онда тіркелгенін дәлелдейтін мұрағаттық құжат жоқ екені хабарланды.
Жоғарыда сөз болған «Вся Москва» жинағы – 1894 жылдан 1917 жылға дейін, бұдан соң 1923 жылдан 1937 жылға дейін шығарылған Мәскеудің мекенжайлық және анықтамалық басылымы болғандықтан елшілік деректі осы жинақ төңірегінен тереңдете іздеуді ұйғарды. Алайда, аталмыш анықтамалық Мәскеу құжатханаларынан табыла қоймады. Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасының қорына үміт артылды. Сөйтіп, өткен жылғы тамыз айында Нева жағасындағы қалаға ресми хат жазылды. Бұған Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы да жұмылдырылды. Көп ұзамай, елшілікке Ресей Ұлттық кітапханасы бас директорының халықаралық қызмет жөніндегі орынбасары И.Л.Линден қол қойған және құжаттар көшірмесі қоса тіркелген хат келіп түсті. Онда былай деп жазылған: «1927-1937 жылдар ішіндегі Мәскеу қаласы телефон желісі абоненттерінің тізімін» тексеру барысында Т.Р.Рысқұловтың есімі көрсетілген төмендегі үш мекенжай анықталды: 1) Мясницкий көшесі, 24/27-үй (1927-1929 жылдары); 2) Покровский бульвары, 14-үй, 5-пәтер (1931-1934 жылдары); 3) Новинский бульвары, 25-үй (1934-1937 жылдары)».
Болашақ ескерткіш тақта осы үйлердің біріне қойылуға тиіс еді. Ең алдымен үш үйдің де сақталғаны, бұзылмай, қиратылмай, уақыт белестерінен аман өтіп келе жатқаны белгілі болды.
Мысалы, Тұрар 1934-1937 жылдары тұрған, отызыншы жылдары «Наркомфин үйі» деп аталған Новинский бульварындағы екі қабатты оқшау үй (особняк) әлі мызғымай тұр. Тарихи деректер бұл үйдің 1812 жылғы соғыс өртінен аман қалғанын, шежірелі аңызы бар ғимарат екенін айтады. Зерттеушілер бұл үйді орыстың атақты әншісі Федор Иванович Шаляпиннің есімімен байланыстырады. Ол осы үйде тұрған, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде үйінен госпиталь ашып, солдаттар алдында ән шырқаған деседі. Үйді 1918 жылы мемлекет өз қарамағына алып, басқа тұрғындарды орналастырады. 1922 жылы Шаляпин шетелге кетіп, 1938 жылы Францияда қайтыс болады. Шаляпиннің есімін Отанына оралтудың алғашқы қадамы ретінде 1978 жылы осы екі қабатты оқшау үй атақты әншінің болашақ мұражайы болып белгіленеді. 1988 жылы аталған үй орыстың ұлы әншісі Федор Иванович Шаляпиннің мұражай-усадьбасы болып ашылды.
Мәскеу үкіметінің қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес мән-мақсаты бар мұндай ғимараттарға ескерткіш тақта орнатылмайды. Демек, Тұрарға арнап бұл үйге бір белгі орнатуға қолданыстағы заң мүмкіндік бермейді. Ал Мясницкий көшесіндегі 24/27-үй – Тұрардың мәскеулік өмірінің алғашқы жылдарында тұрған мекені. Алайда, ол көп үйдің ортасына орналасқан, кең көшеге қарап тұрған тұсы жоқ. Сондықтан тақта орнатыла қалған жағдайдың өзінде, ол екінің бірінің көзіне түсе қоймайды.
Елшілік осы жайларды салмақтап, салыстыра келіп, ескерткіш тақтаны Покровский бульварындағы 14-үйге орнатқан жөн деген ұйғарымға келді. Бұл үй халық көп жүретін кең көшенің бойында орналасқан. Елшілік өтінімін Мәскеу үкіметі жанындағы арнаулы комиссияда қалалық мәдениет департаментінің басшысы С.И.Худяковтың төрағалық етуімен 2010 жылғы 2 желтоқсанда қаралды. Комиссия Тұрар Рысқұловтың мемлекеттік қызметке сіңірген еңбегін ескере отырып, оған ескерткіш тақта орнату жөніндегі елшіліктің ұсынысын бірауыздан мақұлдады.
Айтулы іс-шара М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бастамашы болуымен «Тұрар Рысқұловтың мемлекеттік, қоғамдық-саяси және ғылыми-ағартушылық қызметі» деген тақырыптағы дөңгелек үстелге ұласты. Оның жұмысына бірқатар дипломатиялық корпус өкілдері, қазақстандық және ресейлік танымал зерттеуші ғалымдар қатысты.
Қасиетті Ораза айының он бірінші күніне сәйкес келген осынау игілікті іс қазақстандықтардың Тұрар Рысқұловтың әруағына арнап ас беруімен жалғасты.