«Жасанды бауыр - «MARS» жүйесінен хабардар болыңыз
Алматыда ғана емес, еліміз бойынша ең үздік емдеу мекемесінің бірі Орталық қалалық клиникалық ауруханада «Жасанды бауыр – «MARS» альбуминдік диализ аппараты әртүрлі генездік бауыр жетіспеушілігі кезінде экстракорпоралдық уытсыздандыру (қан тазалау) мақсатында қолданылмақ. Бұл жүйе – экстракорпоралдық әдістерінің бірі болып саналатын бауыр қызметін алмастырудың инновациялық және тиімді тәсілі болып табылады.
Германиядағы «Qambro» фирмасы жасап шығарған аталмыш аппарат – бауырдың бұзылған қызметін уақытша атқарып, клеткалардың құрылымын қалпына келтіру мүмкіндігіне ие. Бұл науқастың толық жазылып шығуына әкелетін аталмыш аппарат соңғы 16 жыл барысында Еуропа, АҚШ және Ресейдің клиникаларында табысты қолданылып келеді.
Орталық клиникалық аурухананың гемеодиализ және экстракорпоралдық детоксикация бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Жетпісованың айтуынша, Қазақстанда бұған дейін бүйректегі қан тамырлары қурап, өз жолымен улы дәрет шықпаған жағдайда сол қызметті атқаратын жасанды бүйрек аппараты отыз жылдан бері қолданып келсе, ал мына жасанды бауыр аппараты елімізге келген жаңа технология, тұңғыш аппарат. Бір айта кетерлігі, бауырды тазалаған жағдайда жасанды бүйрек аппараты бірге қосылады. Өйткені, барлық тазалау үдерісі бүйрек арқылы өтеді.
Деректерге сүйенсек, медициналық және әлеуметтік-экономикалық сипатына қарай бауыр дерттері Қазақстанда кеңінен тараған аурудың ондығына кіреді. Өлім жағынан бауыр дертімен ауырғандар – жарақат, миокард инфарктісі және мидағы қан айналымының бұзылуынан кейінгі төртінші орында. БҰҰ-ның статистикасы бойынша дүние жүзінде соңғы 15-20 жылда гепатиттен қаза болғандар екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының санынан асып түскен.
Елімізде бауырды тазалайтын алғашқы аппараттың бауыр қызметінің жетіспеушілігі, жұқпалы гепатиттің барлық түрін, бауыр церрозы, әртүрлі жағдайда уланған токсикалық бауыр, цепсиспен (қанның бұзылуы) ауырған науқастар, әсіресе, бауырды трансплантация, яғни ауыстырған жағдайда қолданылатынын жеткізген С.Асфендияров атындағы ҰМУ-дің анестезиология және реаниматология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласының бас анестезиолог-реаниматологы, медицина ғылымының кандидаты, профессор Светлана Нұралина, егер бауырдың 15 пайызы ғана жұмыс жасайтын болса, ал бұл аппарат адам өмірін ұзартып, оның қызметін сексен пайызға дейін жеткізе алатынын алға тартып отыр. «Ал бұл – өте жоғары көрсеткіш. Әсіресе, жұқпалы А,В,С гепатиті, сондай-ақ хирургияда маңызы зор. Мәселен, өттегі тас түтікке тұрып қалып, адам сарғайғанда, болмаса церроз (бауырдың қатерлі ісігі) болғанда оның арты өкінішпен аяқталып жатады. Егер біз ондай науқасты дер кезінде бүйрек жетіспеушілігі аппаратына қосатын болсақ, бауырға қатысты бірқатар проблеманы шешуге мүмкіндігі мол. Орталық ауруханада бұл бағдарламаны зерттеп, қолға алғанымызға екі жылдай болды. Оны емдеу орны шаруашылық есептегі қаражатына сатып алып отыр. Бұл тәсіл ауруханадағы кез келген детоксикация бағдарламасымен іске аспақ. Адам өмірін сақтауда белсенді терапия кезінде, болмаса өте қиын жағдайда көмектесе аламыз. Мен біздегі осындай медицинадағы ілгерілеуге қуанып отырмын», – деді бізге Светлана Нұқашқызы.
Қазақстанда аталмыш аппаратты тұңғыш рет іске қосып, алғашқы пациентті қабылдауға Мәскеуден арнайы шақырылған маман – Бакулев атындағы жүрек қан-тамырлары орталығының ғылыми қызметкері Олег Томаровский бұл әдісті жетінші жыл жансақтау бөлімінде бауыр жетіспеушілігі ауруы бар жүрек қан-тамырлары ауруларына операция жасалғанда қолданылатынын алға тартты. «Нәтижелер жаман емес, – деді бізге Олег Викторович. – Өйткені, мұндай бауыр жетіспеушілігімен ауырған науқастың бәрі бұған дейін қайтыс болып, оларды құтқара алмайтынбыз. Қазір 40 пайызға дейін жазылып шығады. Оның бүйрек тазалаудан айырмашылығы – бұрын қандағы альбуминді тазартып шығара алмайтынбыз. Қазіргі тазартудан кейін бауыр біздің көмегімізсіз-ақ қайтадан қалпына келеді. Бұл аппаратты мәскеуліктер бауыр алмастырғанда, адам уланған кезде міндетті түрде пайдаланады. Мәселен, саңырауқұлақтан уланған адамның тоқсан пайызының арты өкінішпен аяқталса, қазір осы әдісті қолданудың нәтижесінде аман қалады. Ең бастысы, уақытында емдеуді бастау керек. Германияда бұл аппарат 1989 жылы шықса, Ресейде жұмыс істегеніне он бір жыл. Қазір оның пайдалану ауқымы кеңіп, цепсис кезінде қолданылуда. Өйткені, цепсис кезінде бауыр қатты зақымданады. Сондай жағдайда бауырды да емдейді, қанды да тазалайды. Қазір осы мәселеде зерттеу жүргізіп жатырмыз. Ресейде емнің бәрі тегін. Менің жеті жылдық тәжірибемде бір пациент ғана ақы төлеп ем жасатты.
Елімізде жасанды бауыр аппаратына емделуге алғашқы болып келісім берген 27 жастағы Бақытжан Амангелдиевтің ауырғанына бір апта болған. Бастапқы кезде улану белгісі болғанмен, үш-төрт күннен кейін бүкіл денесі көзіне дейін сарғайып кеткен. Мамандардың айтуынша, бұл өте баяу, яғни, 6-8-12 сағатқа дейін созылатын үдеріс. Әр екі сағат сайын анализ алып отырады. Мәселен, науқастың бауыр ферменті жиырма есе көбейіп, қабынса, емнің алғашқы сағаттарында-ақ билирубині 160-тан 70-ке түскен. Егер бәрі ойдағыдай болса, емнің аяғында Бақытжан ағарып шығуы керек.
– Елімізде бауыр ауруын анықтағанмен, оны емдеу өте қиынға соғатын, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласы бойынша медицина саласына ақы төлеу комитетінің директоры Мақсұт Қалажанов. – Ал науқастар саны болса, жыл санап өсуде. Оларды емдеуде мына жаңадан келген технология өте қажет. Өкінішке орай, оны қолдануға әр адамның қалтасы көтере бермейді. Бұл құнды құралды жоғары мамандандырылған медициналық көмекке енгізетін болсақ қана, оған мемлекет қаражат бөлмек. Мысалы, жасанды бауыр аппараты 13 млн. теңге тұрса, бір адамға қажетті материалдар шығыны 1 млн. 300 мың теңге. Сондықтан бұл қызметті біздің комитетке енгізуді бірер айдың көлемінде шешуге тырысамыз. Алдағы уақытта мұндай аппаратты бюджеттегі ауруханаларда қолдануды да ойластырмақпыз.
Ал Орталық клиникалық аурухананың бас дәрігері, профессор Есентай Тәжиев бізге берген сұхбатында қазіргі кезде бүкіл дүние жүзінде қолданылып жатқан ем түрінің көптігін, аталмыш аурухана еліміздегі жаңадан салынып, іске қосылып жатқан емдеу мекемелерінен көп кейін қалып кетпеуі үшін қашанда заманауи технологияларды алуға тырысатынын, мына «MARS» аппараты соның бір нышаны екенін жеткізді. «Мен қашанда ауруханада жұмыс жасайтын 28 кафедраны меңгеретін профессорларға өздері жүргізіп отырған сала бойынша, ол хирургия, реанимация, урология бола ма, дүние жүзінде қандай мемлекетте жақсы аппараттар бар, соны зерттеп, көз жеткізе алса, сол технологияны әкелуге дайын екенімді естеріне салып отырамын. Бірде профессор С.Нұралина осы технологияның қажеттігін, оның әлі күнге Қазақстанда жоқтығын айтты. Содан Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алып, аппаратты сатып алдық. Бүгінде бауыры ауырмайтын адам аз шығар. Қазір көріп тұрсыз, денесі сап-сары болып келген науқас жігіттің денесі бозарып, қандағы билирубин, токсиндері азайып келеді. Осындай өте қажетті ангеограф аппаратын жақында тендер өткізіп, сатып алмақпыз. Шамамен 240 млн. теңге. Ол қан-тамырларындағы қанның қозғалысын, күретамырдың стенкаларын тексереді.
Бас дәрігердің айтуынша, әзірге науқастар ақылы түрде ем қабылдайды. Ал оны бюджеттен қарастыру мақсатында Қалалық медициналық қызметке ақы төлеу комитетімен келіссөз жүргізіп, екі-үш айдың көлемінде шешпек.
Мәскеу қаласындағы жыл сайын елуге жуық ем жасайтын №67 клиникалық ауруханада тәжірибеден өтіп келген С.Асфендияров атындағы ҰМУ-нің анестезиология және реаниматология кафедрасының ассистенті Еркінбек Исмайловтың айтуынша, ««MARS» терапиясының негізгі мақсаты – молекулярлық жағдайда адамның денесіндегі токсиндерді шығарып уытсыздандыру. Мысалы, бұрын экстракорпоральды тәсіл арқылы бүйректің жетіспеушілігі кезінде токсинді шығарса, ал адамның қанындағы ақ уыз – альбумин уларын тазартуда мұндай тәсіл болмаған. Бұл өте қажет. Аппарат төрт бөліктен тұрады. Қан екі отсорбер, екі диализатор арқылы тазаланады. Адамның денесіндегі у тікелей донор альбуминмен қосылып тұрады. Бұл аппараттан кейін қайтыс болу қасіреті 85 пайыздан 65 пайызға дейін төмендейді екен. Ең бастысы, қолданғанда қарсы көрсетілімі аз. Мәселен, төрт айлық баладан екі қабат әйелге дейін емдеуге болады. Бір ескеретін жәйт, ем ақылы болғанмен, науқастар өздеріне дигноз қойғызып, бауырын тазартып алам дегенмен, науқастың талдау көрсеткіштері осы емді қолдануды қажет деп таппаса, рұқсат етілмейді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Суретті түсірген Сергей ПЕРМИНОВ.