• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Орман

4642 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2011 жылды  халықаралық Орман жылы деп жариялап отыр Адамзат жаратылысы, оның өсіп-өнуінің ғажайып қыр-сыры әлі күнге дейін шешімі табыла қоймаған күрделі жұмбақ. Оның арғы басы қанша қайырылып үңілсең де көз көріп, ой жетпейтін тұңғиыққа, миға сыймас мыңжылдықтар кезіндегі тағылық пен меңіреулікке, мылқау хайуанаттар арасына апарып тірейді. Сол дүлей дүние ортасын жеке-дара жарып шығу, тік жүруге көшіп, қолын босатып алу, есті істерді бастап, етегін жабу, сезім мен ойға ерік беру, өзі жүрген ортада үстемдікке жетіп, оны өзгерте бастау, саналы адымдарын алысқа бағыттап, басқа планеталарға құлаш сермеу жалғыз ғана адам еншісіне тиюі нағыз қайран қалдырар құбылыс. Кезінде қазір көп еске алына бермейтін Ф.Энгельс адамзаттың осынау даму үрдісін бір ғана сөйлемге сыйғызып, «Медленно начинает история свой бег от невидимой точки вяло совершая вокруг нее свои обороты; но круги ее все растут, все быстрее и живее становится полет, наконец, она мчится подобно пылающей комете, от звезды к звезде» демеп пе еді. Қоғам басынан өткізген бұл өзгерістер заманын таптық көзқарастан тыс зерттеген ғалымдар оны адамның табиғатқа табыну дәуірі, оның табиғатқа тәуелділіктен шығу дәуірі және табиғатты өзіне тәуелді ету дәуірі деп үш кезеңге бөледі. Бұл жіктеу шартты түрде болса да, адам мен қоршаған ортаның кіндіктес екенін дәлелдейді. Тереңірек үңілген адамға оның төртінші кезеңі де даму көк­жие­гінен көрініп тұр. Ол – экономика мен эко­ло­гияны тепе-теңдік жағдайға жеткізу дәуірі. Бірақ бұл бағыттағы әлеми талпыныстарды өз деңгейіне жеткізу үшін көп алғышарттар орын­далып, талай онжылдықтар артта қалуы тиіс. Осы кезеңдер қоғам мен орманның да бай­ланысы мен сабақтастығын, өзара әсерлестігі мен тәуелділігін толық сипаттай алады. Өйт­кені, орман қоршаған ортаның ақ босағасы, алтын діңгегі, табиғи байлықтардың күрделі көзі. Оның алуан түрлі өнімдері мен пайдалы қасиеттерінсіз адам баласының қазірге дейінгі өсіп-өну жолын көз алдыңа елестете алмайсың. Адамзат ізінің ықылым заманнан аман-есен осы күнге дейін жетуі түптеп келгенде жылы, сулы, нулы орманды жерлерге байланысты екеніне ешкім шек келтірмейді. Әрине, қоғам мен орманның қатар дамуы қашанда біркелкі болды деуге болмайды. Мы­са­лы, адамның дәрменсіз (қарусыз, отсыз) кезіндегі аса зиянсыз орман пайдалануы кейін ағаш дайындау, өрт салу сияқты әрекеттермен алмасып, қайшылықтар көбейді, ормандар жыл­дам азая бастады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы тарихи мәлі­меттерге сүйене отырып, дүние жүзінде 8 млрд. гектар орман болғанын, олардың өткен ғасырдың сексенінші жылдарына қарай 3,6 млрд. гектары, ал қазіргі кезеңде тек 3,2 млрд. гектары ғана қалғанын анықтаған. Әсіресе, соң­ғы екі ғасырда орман өртінің және оны жаппай кесудің салдарынан жер жүзі ормандарының 40%-ы жоқ болып кеткен. Бұрын адам аяғы баспаған тропикалық ормандардың соңғы 35 жыл ішінде бестен бірі жойылған. Ал қазір дү­ние жүзіндегі орман қоры жылына шамамен 17 млн. гектарға азайып отыратыны ащы шындық. Дегенмен, бұл мәліметтерден жер бетіндегі орман қорының жанашырлары мен қорғау­шы­лары болмады деген ой тумауы керек. Шынына келгенде дүние жүзінде орман қорғау мен орман шаруашылығы ертеден ұйымдас­тырыл­ған істердің бірі. Кейбір мемлекеттерде орман шаруашылығын жүргізу жүйесі бұдан 4-5 ғасыр бұрын қалыптаса бастаған. Мысалы, Фран­ция, Германия, Австрия және Скандинавия елдерінде орман шаруашылығын ұйым­дастыру негіздері 15-16 ғасырларға барып тіреледі. Кейін ол мемлекеттердегі жүйелі орман ісі Ре­сейге тарап, онда классикалық орыс орман­шы­лығы қалыптасты. Оған бұдан 13 жыл бұ­рын Ресей Федерациясы бойынша бірінші рет Орман департаментінің (1798 ж.) құрылғанына 200 жыл толуы кеңінен аталып өткені айғақ. Әрине, орманның пайдасын жете түсіну және орман шаруашылығын ұйымдастыру әр елдің даму деңгейіне, орманның халық өмі­рін­де, оның тыныс-тіршілігінде алатын орны мен ерекшелігіне тығыз байланысты. Жалпы, білімі мен ғылымы, экономикасы мен мәдениеті жо­ғары әрі орман қоры көп мемлекеттерде орман шаруашылығы анағұрлым ерте дами бастады да, кешеуіл қалған елдер кейінгі уақытқа дейін орман шаруашылығын ұйымдастыру әдістерін ойластырған жоқ. Оның сыртында жеке мемлекеттердің ор­ман шаруашылығы ғасырлар бойы олардың өз ерекшеліктеріне ғана байланысты дамыды. Көп­ке дейін олар бір-бірінің орман шаруа­шы­лығын жүргізу жүйесін зерттемеді. Сондықтан олар бір-біріне ешқандай әсер етпей келді. Тек соңғы ғасырда ғана кейбір мемлекеттер басқа елдердің орман шаруашылығын жүргізу жүйе­сіне көңіл аударып, олардың жақсы жақтарын өз орман шаруашылығында пайдаға асыра бастады. Қазақстан жерінде орман басқару ісі Ресей үлгісімен ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде бас­талды. Ол алдымен жақын орналасуына байла­нысты еліміздің батыс аймағына, одан соң оңтүстігі мен солтүстігіне тарап, кейін жан-жақ­ты дамыған орман шаруашылығына ай­налды. Республикамыз биыл 20 жыл толатын тәуел­сіздік дәуірін де қарқынды даму жолына түсірді. Ол бүкіл экономикасын нарықтық қа­тынастарға көшіруде үлкен табысқа жетіп, тек Орталық Азия емес, бүкіл ТМД елдерінің алдына шықты. Экономиканың орман шаруашылығы сала­сы да осы негізде дамуды басшылыққа алып, нарықтық ортада жүргізіле бастады. Бірақ бізде нарықтық жағдайда орманшылық жүргізу тәжірибесі әлі жетімсіздеу. Онда шетелдерде пайдалы деп бағаланған орманшылық жолдары да осы күнге дейін жөнді қолданылмай келеді. Осының салдарынан Қазақстан орманшылығы тұрақты даму сатысына әлі көтеріле қойған жоқ. Сондықтан біздің елге әлемдік орман­шылық қағидалары мен тәжірибелері ауадай қажет. Олар ұлттық орман саясатын ұтымды құрып, орманшылық саласының басым бағыт­тарын дұрыс таңдауға көмектеседі. Орман шаруашылығы бойынша еларалық тәжірибе алмасу және орман қорының мемле­кетаралық маңызын насихаттау дүниежүзілік орман конгрестерінің (ДОК) шешімдерінен бастау алды. Оларды өткізу Халықаралық ауыл ша­руашылығы ұжымының Бас ассамблея­сы­ның 1924 жылғы шешімі арқылы жүзеге асырылды. Бірінші дүниежүзілік орман конгресі 1926 жылы Римде (Италия) өтті. Одан кейін 1936 ж. Будапеште (Венгрия), 1949 ж. Хельсинкиде (Финляндия), 1954 ж. Дехрадунда (Индия), 1960 ж. Сиэтлде (АҚШ), 1966 ж. Мадридте (Испания), 1972 ж. Буэнос-Айресте (Аргентина), 1978 ж. Джакартада (Индонезия), 1984 ж. Мехикода (Мексика), 1991 ж. Парижде (Франция), 1997 ж. Анталияда (Түркия), 2003 ж. Квебекте (Канада), ал 2009 жылы екінші рет Буэнос-Айресте (Аргентина) өткізілді. Соңғы 60 жыл бойы орман конгрестері әр 6 жылда жүйелі түрде бір өткізіліп тұратын бол­ды. Алғашқы кездерде өткізілген орман конгрестері ағаш материалдарының шаруашы­лықтағы маңызын, ор­ман қорын сақтаудың келешек үшін қажет­ті­лігін, олардың су саласы мен ресурс­та­рын қал­пына келтірудегі мә­нін, топырақ пен жер­дің құнарлы қабатын су шайып, жел ұшы­руын болдыр­май­тын бір­ден-бір құрал екенін кеңі­нен көрсете бастады. Дегенмен, көпке дейін орман конгрестері дүниежүзілік дең­гей­де өткізілуіне қара­май, тек мамандандырылған жиналыс қал­пында қалып жүрді. Оларға негізінен орман ғылымымен айналысатын оқымыс­тылар мен жеке мемлекеттердің орман шаруа­шылығын басқаратын мекемелерінің басшы­лары қаты­насушы еді. Сондықтан көп жағ­дайда дүние­жүзілік орман конгрестері тек ор­ман проб­лемалары мен орман шаруашылығын дамыту мәселелерінің төңірегінде шектеліп отырды. Басқаша айтқанда, бұл конгрестердің дү­ние­жүзілік деңгейі көпке дейін бір ғана орман шаруашылығы саясатынан аспады. Әрі оған қатысушы ғалымдар мен мекеме басшы­лары­ның конгресте алынған шешімдерді өз елдерінде толық жүзеге асыруға мүмкіндіктері болма­ды. Өйткені, олар жеке мемлекеттер деңгейінде іске асырылуы қажет, ал ол үшін сол елдің үкіметі арнайы шешім қабылдауы керек. Бірақ уақытында осындай шешімдер қабылдатуға көп орманшы ғалымдар мен осы саланың бас­қарушыларының құзыры жете бермеді. Сон­дықтан көп халықаралық шешімдер қағаз жүзінде қалып жүрді. Бұл бағыттағы жұмыстар бір топ мем­лекеттің орманшылық және балықшылық сала­лары бойынша халықаралық мамандандырыл­ған ұйым құру жөнінде 1943 жылғы АҚШ-та өткізілген бір жиналыстағы ұсынысы 44 елдің қолдауын тауып, Азық-түлік және ауылша­руа­шылық ұйымы (ААҰ-ФАО) құрылғаннан кейін жандана түсті. Бұл ұйым өз бағытына байла­нысты мамандандырылған 8 комитет құрып, тұрақты түрде қызмет атқара бастады. Солар­дың бірі болып табылатын Орманшылық ко­мите­тінің бастамасы бойынша ААҰ 1947-1959 жылдар аралығында өткен конференция­ларында дүние жүзінің аймақтары бойынша осы істі жүргізетін 6 комиссия құрды. Дегенмен, ормандар мен орман шаруашы­лығының халықаралық маңызы Біріккен Ұлт­тар Ұйымы құрылғаннан кейін ғана күрт артты. Оған дүниежүзілік орман конгрестері­нің шешімдеріне БҰҰ-ның және оның құрамына кірген Азық-түлік және ауылшаруа­шылық ұйымының ерекше көңіл бөле бастауы себеп болды. Мысалы, БҰҰ өзіне қарайтын ААҰ арқылы кейінгі кезде қабылданған дүние­жүзілік орман конгрестерінің ең маңызды шешімдеріне байланысты атқарылатын істердің бағдарламасын жасатып, оны жүзеге асыруды және қаржыландырып отыруды арнайы құрыл­ған БҰҰ-ның Даму бағдарламасына тапсырды. Бұл шешімдер орман мен орман шаруашы­лығы мәселелерін дүниежүзілік орман кон­грес­терінің ауқымынан шығара бастады. Олар кейде аймақтық әртүрлі мәжілістерде де қарала­тын болды. Осындай шараларға, мысалы, Еуропа елдерінің орман шаруашылығына жауап­ты министрлерінің конференцияларын және жеке тақырыптық дүниежүзілік немесе аймақ­тық конференцияларды, форумдар мен симпо­зиумдарды қосуға болады. Мұндай жиналыс­тардың ауқымы кейінгі кездерде едәуір кеңейе түсті. Олардың күн тәртібіне орман мен орман шаруашылығына тығыз байланысты басқа да көлемді мәселелер қойылып отырды. Мысалға 1972 жылы өткен халықаралық Стокгольм кон­ференциясын алуға болады. Онда қоршаған орта проблемалары жан-жақты талқыланып, олардың жаһандық мәселеге айналғаны, эко­номикалық даму алға кетіп, экологиялық жағдай күрделенгені, алдыңғы қатарлы елдер мен кешеуіл дамыған елдер арасындағы қайшылықтар көбейе түскені баса көрсетілді. Бұл конференция қоршаған орта проб­лемаларын дүние жүзі деңгейіне көтерді. Онда әлем елдерінің басшылары пікір алмасып, жаһандық деңгейде экологияға жанашырлық қажет екенін мойындады. Сондықтан Стокгольм конференциясы қоршаған орта жағ­дайын талқылаған бірінші форум аталып, онда БҰҰ-ның “Қоршаған орта бағдарламасы” (UNEP) құрылды. Бірақ бұл конференциядан кейін де эко­номикалық саясат экологиялық саясаттан ба­сым бола берді. Қоршаған орта проблемалары­ның шешімдері кешіге түсті, ал қабылданған шаралар айтарлықтай нәтиже бере алмады. Сондықтан кейінірек осы тақырыпқа дүние жүзінің тағы бір көңілі аударылды. Ол үшін БҰҰ арнайы комиссия құрды және оған сол кездегі Норвегия премьер-министрі Гру Харлем Брундтланд ханымға басшылық етуді тапсырды. Бұл ханым өз халқының «ұлт анасы» деп атап кеткен, осыдан шамалы уақыт қана бұрын терроршы Андерс Брейвиктің атып өлтіргісі келген Норвегияның көрнекті мемлекет қайраткері болатын. Брундтланд ханымның комиссиясы «Қорша­ған орта және даму» ұранымен жұмыс істеп, осы мәселе бойынша «Ортақ келешегіміз» атты баяндама дайындады. Онда өзекті мәселе ретінде орман жағдайы қаралды. Әлемде орманға қысым көбейе түскені, оларды жаппай егіс алаңдарына айналдыру етек алғаны және оның келешегіне қауіп төнгендігі, бұл қауіп қоршаған ортаға, адам баласының өміріне төнген қауіппен пара-пар екені ашық та батыл айтылды. Оның сыртында бұл баяндамада даму үдерісі тепе-теңдікте болуы қажеттігі және оның кейінгі ұрпақ тағдырын ескеретін “тұрақты орманшылық” принциптері арқылы жасалуы керек екені атап көрсетілді. Осыдан кейін “тұрақты орманшылық” деген термин қолданысқа еніп, олар кейін “тұрақты даму” ұғымының пайда болуына әсер етті. Бұл ұғымға заңды жол осы уақытқа дейін дүниежүзілік мәні мен маңызы әрі жеке мемлекеттерге әсері жағынан бірінші орында тұрған Рио-де-Жанейро конференциясында (1992) ашылды. Ол “Қоршаған орта және даму” “UNCED” девизімен әлемге мәлім болды. Оны ерекше маңызына байланысты басқаша “Рио шыңы” деп те атап жүр. Өйткені, оған 150-ге жуық мемлекеттердің президенттері мен королдері, үкімет басшылары, қоршаған ортаны қорғау немесе орман шаруашылығы салалары­ның министрлері қатысты. Бұрын-соңды әлем­нің осынша көп жоғары дәрежелі басшылары мұндай жиынға қатысып көрмеген болатын. Олардың қараған мәселелері де, алған шешімдері де тың және батыл болды. Мысалы, бұл конференцияда “Қоршаған ортаға қайшы даму немесе дамуға қайшы қор­шаған орта болмауы тиіс” екендігі ашық ай­тыл­ды. Осы себептен орта мен даму үдерісі тең дәрежеде қалыптасуын қолға алатын мез­гілдің жеткендігі негізгі шешім ретінде қабыл­данды. Орманды жерлердің көлемі индустрия­лық өркендеуден азая түсіп, тіпті жойыла бастағаны қоршаған ортаға төнген қауіптің ең зоры және ең қатерлісі екені мойындалды. Рио конференциясы талдаған сұрақтар да, ол қабылдаған құжаттар да алуан түрлі, ал олардың орман мен орман шаруашылығына байланыстылары мыналар: 1. Рио декларациясы. 27 бөлімнен тұратын бұл құжатта бірінші рет әр мемлекеттің қорша­ған орта мен дамуға байланысты мүмкіндіктері мен міндеттерінің сыртында, олардың саяси жауапкершіліктері көрсетілген. Сондықтан ол жоғарғы дәрежедегі әлемдік ортақ саяси жетістікті көрсететін алғашқы маңызды құжат болып саналады. 2. Орманшылық қағидалары. Онда орман мен орман шаруашылығына байланысты бар­лық басқару, қорғау және сақтау мәселелері 15 бөлімге бөлінген 42 қағида түрінде бекітілді. Олардың бастылары мына бағыттарды қам­тиды: – жер шары ормандары бүгінгі және келер ұрпақтардың әлеуметтік, экономикалық, эколо­гия­лық, мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ететін дәрежеде басқарылуға тиіс; – әлемдегі орман қорын қорғау жауапкершілігін барлық мемлекеттер біріге атқарысатын болуы керек; – әр елдің ұлттық саясаты мен стратегиясы орман қорының жаңғыру процесі арқылы көбейе түсуіне мүмкіндік беруі қажет; – барлық мемлекеттер, мекемелер мен ұжымдар орманның және оның алуан түрлі байлығының дұрыс дәрежеде бағалануына, орман мен орманшылыққа байланысты жоспарлардың халықаралық деңгейде қаралып, шешімін табуына жәрдемші болулары керек. 3. ХІХ ғасыр – күн тәртібінде. Бұл құжатта мемлекеттер мен халықаралық даму ұйым­дарының үстіміздегі ғасырда қоршаған орта мен дамуға байланысты атқаратын 4 тараудан тұратын шаралары белгіленген. Олар 45 бөлімге бөлініп, әр бөлім жеке-жеке талқыға түсті. Олардың ішінде 11-ші бөлім тұтасымен орманшылыққа арналды және “Ормандардың жойылуымен күрес” деп аталды. 4. Шөлге қарсы күрес туралы келісім. Бұл келісім жерлері шөлейттену үдерісі күшейген мемлекеттерге шөлмен күресу және олардың да­муын жақсарту мақсатында көмек көрсету үшін жасалды. Онда жер құнарлылығын арт­тыра түсу, топырақ эрозиясын бәсеңдететін әдістер қолдану, су қорларын үнемді пайдалану, жергілікті халықтың өмір деңгейін және әлеуметтік жағдайын көтеру секілді шаралар белгіленген. 5. Климаттың өзгеруі туралы келісім. Онда атмосфераның құрамына және ауа райына тікелей әсер ететін газдардың көбеюіне тосқауыл қою, ол үшін жеке мемлекеттерге қаржы бөліп, өндіріс процестерін жаңа технологиялармен алмастыру қажет екендігі көрсетілді. Осы мақсатта кейбір елдерге халықаралық көмек көрсету де ойластырылды. 6. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау ту­ралы келісім. Бұл келісімнің мақсаты өте зор. Ол жер бетіндегі тірі организмдердің әртүр­лілігі келешекте тұрақты дамудың кепілі екендігін анықтап берді. Биологиялық тұрғыдан алғанда әрбір түр генетикалық жұмыстардың қайнар көзі және ғылыми зерттеулердің басты құралы екендігін, олар азая түссе, алдағы мүмкіндіктер де кеми беретінін барлық мемлекет басшылары толық мойындап, оған жол бермеу шаралары белгіленді. Бұл келісімде де ормандар биологиялық әртүрліліктің негізгі қайнар көзі әрі сақтау ортасы екеніне, сондықтан орманды алқаптар­ды қорғап, олардың көлемін көбейту биология­лық әртүрліліктің алғышарты екеніне ерекше көңіл бөлінді. Одан бергі мезгілде БҰҰ Риода қабыл­данған құжаттарға сәйкес ғаламдық тұрғыдан үлкен рөлі бар БҰҰ-ның тұрақты даму комиссиясы (CSD) құрылды және ол салалық бағыттардағы алуан түрлі мамандандырылған жұмыс топтарына жүйелі түрде басшылық жасап келеді. Рио-де-Жанейрода қабылданған шешімдер кейінгі дүниежүзілік орман конгрестерінің де күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге айналды. Оның сыртында Рио шешімдері бойынша орман мен орман шаруашылығына байланысты әлемнің әрбір аймақтарында басқа да көптеген нәтижелі үдерістер басталып кетті. Олардың басым көпшілігі Азық түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО), БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасы (UNEP), Халық­аралық тропикалық сүрек ұйымы (ITTO), Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF), Халықаралық орманшылық зерттеу институты (CIFOR), Халықаралық тәуелсіз ұйым және орман сертификатына қамқоршы кеңес (FSC) сияқты халықаралық ұйымдар мен “Министрлер конференциялары” арқылы жүргізіле бастады. Осылардың бәрінде жетекші рөлді орман министрлері мен орманшы ғалымдар атқарды. Әсіресе бұл бағыттағы Еуропа елдеріндегі орман саласын басқаратын министрлердің өткізген шаралары ерекше. Мысалы, Еуропа орман министрлерінің Хельсинкиде өткен екінші конференциясы алғашқы рет “Орманды тұрақты өсіп-өну дәрежесінде басқару” ұғы­мына жан-жақты түсінік берді. Онда “Орманды тұрақты өсіп-өну дәрежесінде басқару – орманның және орманды жерлердің био­ло­гиялық алуантүрлілігін, өнімділігін, өзінен-өзі жаңғыру қасиеттері мен мүмкіндіктерін, экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени бағыттардағы көпжақты пайдалы әлеу­еттерін табиғи немесе жасанды жолмен қазіргі уақытта да, келешекте де жергілікті деңгейде ғана емес мемлекеттік, тіпті ғаламдық тұрғыда жалғастыра отырып, жергілікті халықтардың, бүкіл адамзаттың мұқтаждықтарын қанағат­тан­дыра алатын деңгейде және басқа табиғи жүйелерге экологиялық залалын тигізбейтін жағдайда басқару болып табылады” делінген. Оның сыртында, орманды тұрақты өсіп-өну дәрежесінде басқару үшін мынадай шарттар орындалуы керек екенін атап көрсетті: – ормандардағы биологиялық түрлерді қор­ғау; – ормандардың біртұтастығын сақтау, сапа­сын арттыру, жаңғырту және дамыта түсу; – орман төңірегінде орналасқан және оның ішіне кіретін немесе онымен шектесіп жатқан басқа экологиялық жүйелерге зиян тигізбеу; – орманның алуантүрлі пайдалы жақтары­ның азаймауына жағдай жасау; – ормандарды әділетті негізде халықтың пайдасына жарату. Міне 85 жылдық тарихы бар халықаралық орман саясатының қысқаша мәні осындай. Алғашқы рет оның маңызын жете түсінген де, оны ұйымдастыруға мұрындық болған да, оған белсенді қатысқан да Еуропа елдері болды. Кейін бұл бағыттағы істер кең етек алып, оған бес құрлықтың барлық дерлік мемлекеттері ын­талы түрде қатынасатын болды. Соның ар­қа­сында халықаралық орман саясатының ауқы­мы кеңіп, ол мемлекетаралық ынтымақ пен ізденістің күрделі үш бағытының дамуына ықпал етті. Бұлардың біріншісі, әрине, орманшылық­тың өзіне және орман пайдалану мәселелеріне байланысты. Көп мемлекеттер экономикалық мешеулікке тап болып, ормандарды шикізат кө­зіне айналдырды. Олар ағашты өлшеусіз кесіп, сырт елдерге сатуды әдетке айналдырды. Бұл іс әсіресе тропикалық аймақта қауіпті көлемге жетті. Сондықтан осындай қауіп төнген елдер өздеріне пайдалы осы бағыттағы халықаралық шешімдерге сүйене отырып, ұлттық бағдарла­ма­лар қабылдап, іске асыра бастады. Ондай бағдарламалар негізінде ормандарды сақтау мен қорғауды, ағаш кесуді тежеуді, ал орманы жоқ немесе ол аз елдерде орман алаңдарын көбейтуді көздейтін болды. Осылай әлемдік орман саясаты бірте-бірте жеке елдердің орманшылығына әсерін күшейте түсті. Бірақ оның ықпалы әр елге әлі күнге дейін әртүрлі. Өйткені, халықаралық шешімдер көбіне қарарлар немесе ұсыныстар ретінде қабылданады. Сондықтан оларды нақты іске асыру мемлекеттердің халықаралық орман саясатын түсінуіне, қолдауына және мойын­дауына байланысты әрі олардың ішкі саясаты мен экономикалық жағдайына тәуелді. Әлемдік орман саясаты дамуына түрткі болған екінші үлкен бағыт – қоршаған ортаға байланысты саясат. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл бағыттың тез дами бастауына “орманға төнген қауіп қоршаған ортаға төнген қауіп, ал қоршаған ортаға төнген қауіп, адам баласының өміріне төнген қауіп” деген қағида негіз болды. Осыдан кейін тұрақты орманшылық қажет екені халықаралық деңгейде дәлелденіп, әрбір мемлекет өздерінің дамуын экологиялық және экономикалық тепе-теңдікте жүргізуге талпы­нуы күн тәртібіне қойыла бастады. Жылдар өте келе бұл жұмыстар бір арнада тоғысып, дүние жүзі түгел мойындаған үшінші бағыт – “тұрақты даму” деп аталатын ауқымды мемлекетаралық мәселені күн тәртібіне қоюға мүмкіндік берді.  “Тұрақты даму” бойынша қабылданған әлемдік келісімдер күрделі шешімдерге жол ашты. Оларды көптеген мемлекеттердің парламенттері жеке-жеке қарап, тиісті қаулылар қабылдады. Мысалы, биологиялық алуантүр­лілікті сақтау туралы келісімді қазіргі уақытта жер жүзінің 164 мемлекеті мойындап, тиісті шешімдерге қол жеткізді. Осындай шаралар Қазақстанда да өткізілді. Біздің ел “тұрақты даму” аясында биологиялық алуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын та­биғи аймақтарды көбейту, климаттың өзгеруі, шөлейттену үдерісін тежеу, ормандардың жойылуымен күрес туралы және тағы басқа келісімдерді мақұлдап, тиісті заңдар мен қау­лылар қабылдады. Мысалы, орман тапшы­лығының зардаптарын азайтуға бағытталған Орман кодексі іске қосылды. Оған жеке орман­шылықты дамыту, ағашы кесілген жерлердің көлемін екі есеге ұлғайта ормандандыру сияқты шешімдер кіргізілді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өз бастамасымен жасалған «Жасыл ел» бағдар­ламасы да іске асырылып, жалғасын табуда. Орман көлемінің азаюын тежеу мақсатында қылқан жапырақты және сексеуілді ормандарда басты кесулер 10 жылға тоқтатылды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны 24-ке, ал жалпы көлемі 3,7 млн. гектарға жеткізілді. Осының бәрі елімізде орман ре­сурс­тары маңызының өсе түскенін және оған республика Үкіметінің назары жақсара түскенін білдіреді. Сәбит БАЙЗАҚОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі.