• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Қандастар

477 рет
көрсетілді

Астраханьдағы Нұржан, Элистадағы Хатимолла мен Санкт-Петербургтегі Сәрсенғалидың айтар сыры көп «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қа­ла­лық филиалының бастама­сы­мен, қа­лалық әкімдігі және Қа­зан­ғап атын­дағы балалар өнер мектебінің қолдауымен ұйымдас­ты­рылған ха­лық­аралық «Ұлы мұра» байқау-фестивалі өтті. Қа­зақ­стан тәуел­сіз­дігінің 20 жылды­ғы­на арналған бұл шараға Ресей­дің түпкір-түпкірінен келген қан­дас­тарымыз алдымен Ал­ға ауда­нындағы Есет Көкіұлы баба­мыз­дың кесенесінде болып, аруаққа құран бағыштады. Есет батыр кесенесінен кейін қонақтар Ақтө­бе­дегі Достық үйіне келіп, осын­да­ғы этно­мәдени орталық­тар­­дың жұмысымен танысты. Алыс­тан ат арытып келген ағайын­дар «Нұр Ғасыр» мешітінде, қала­мыз­дың басқа да көрнекті орын­­дарын­да болып, «Мега Ақ­тө­бе» сауда, ойын-сауық кешенінің ки­ноза­лын­да Елбасы шығарма­лары­ның желісімен «Қазақфильм» түсір­ген «Ба­ла­лық шағымның аспаны» көр­кем­фильмін тамашалады. Келесі күні Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Қалма­қия, Астрахань, Орынбор, Баш­құрт­стан, Саратов өңірлерінен келген қазақ ұлттық-мәдени орталық­тары­ның жетекшілері, «Нұр Отан» пар­тия­сы ХДП облыстық, қалалық фи­лиалдарының басшылары және об­лы­сымыздың этномәдени бірлестіктері өкілдері «Нұр Отан» ХДП об­лыс­тық филиалының күмбезді за­лын­да өткен «Мәдениет: дәстүр­лер мен жаңалықтар үйлесімі» атты дөң­гелек үстелде бас қосты. Байқау-фестивальға келген қандас­тары­мыз­дың әңгімесі өздері тұра­тын жерде қазақ тілін сақтап қалу, жастарға ана тілін үйрету, салт-дәс­түрді ұстану, Қазақстанмен қарым-қатынасты ны­ғайту төңірегінде өр­бі­ді. Олардың пікірлерінен ұлт­жан­­дылық, ұрпақ тәрбиесіне деген ұлт­тық ұстаным айқын сезілді. Алыс­та жүрсе де Қа­зақстанды атамекен ар­да­ғ­ым, тарихи Отаным деп арқа сүйейтіндей мақтаныш сезімі аңға­рылды. «Ұлы мұра» бай­қау-фести­валі аясында өткізілетін шара­лар­дың көптігіне және уа­қыт­тың ты­ғыз­дығына қара­мас­тан, өз­дерін тол­ғантқан мәселе­лер­ді ке­ңі­нен қам­ты­ды. Сонымен, алыс­та жүр­ген аға­йындарымызға сөз берелік. – Саратов өңірінде қазақтар бар­шылық. Кей мектептерде оқу­шы­­лардың 40-50 пайызы қазақ ба­ла­лары болып келеді. Дүние жүзі қазақтарының ассоциациясы жіберген СD диск, оқулықтарды пай­да­ланып, облыстық үкіметтен бө­лін­ген қаржыға факультатив ретінде қазақ тілін оқытып жүрген мектептер бар. Бірақ ондай мектептер бірен-саран ғана. Тіл үйрететін маман оқытушы жоқ. Қазақстаннан келемін, оқытамын дейтін еріктілер табылып жатса, қуана қарсы алар едік, – дейді Саратов облыстық «Қа­зақ­стан» мә­де­ниет орталығы» қо­ғам­дық ұйы­мы басқармасының тең төрайымы Үмітхан Жөнелбаева. Мәскеуден шығып, Ресейдің 33 аймағына таралатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы, педагогика ғы­лымдарының кандидаты Орынбасар Қуандықов жастарды қазақ тілін үйренуге тарту үшін қазіргі заманға лайық тәсілдерді пай­далану керектігіне тоқталды. Жас­тардың интернетке деген ықы­ла­сын ескеріп, он­лайн режімінде қашықтықтан оқы­ту секілді тәсілдерге ден қойған дұрыс деген ұсынысын да алға тартты. Ақтөбемен барыс-келісі, қа­рым-қатынасы бұрыннан қалып­тас­қан көршілес Орынбор қазақ­тары ассо­циа­циясы төрағасының орынбасары Кенжеғали Дусалин­нің сөзінен аң­ғарылғандай, бұл мәселеде ауыз толтырып айтар­лық­тай істер бар. Оның айтуын­ша, Орынбор өңірінде 39 мектепте қазақ тілі пән не факультатив ретінде оқытылады. Орскідегі пе­да­гогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лім­­дерін даярлайтын бөлім бар екен. Мұн­да қазақ тілінде газет шығады. Өзара байланыстың арқа­сында біздің облыс орынборлық­тар­ға қазақ ауылын жасақтап беріпті. Дөңгелек үстелде облыстық мәс­лихат хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев қазір Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстар өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқанын елі­міз­дің басты жетістігі ретінде бағалай келіп, сыртта жүрген қандас­тары­мызға мүмкін­дігінше тілді, дәстүр­ді сақтау мә­се­лелерінде қолдау көр­сету жа­йын сөз етті. Осы бай­қау-фести­вальді өткізудің негізгі мақсаты да осы бағыттағы мәселе­л­ер­ді ортақ ойласу екенін атап өтті. Ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақ­дәу­летұлы Ресейдегі ұлттық-мәдени орталықтардың жұмы­сы­на бас-көз болып, ондағы қандас­тарымыздың ұлттық құндылық­тар­дан қол үзіп қалмауы үшін шыр-пыры шығып жүрген азамат­тарға ризашылығын жасырмады: – Адам өзінің туған тілінен, мә­де­­ниетінен, ұлттық тамырынан ажы­­ра­­мауы тиіс. Ресейде тұрып жат­­­қан қандастарымызды, әсіре­се, жастар­ды сондай қасіреттен сақтап қалу жо­лында сіздер үлкен шаруа тын­ды­рып жүрсіздер. Біздің серіктестікке қарасты екі облыстық газет, бірнеше аудан­дық газет шыға­ры­лады, кітаптар шығаруға да атса­лы­самыз. Біздің нақты көмегі­міз осы­ларды Ресейдегі ұлттық-мә­дени орта­лықтарға жібере аламыз. Бұл қандастары­мыз­дың Қа­зақ­стан өмірінен ақ­параттық хабардар болуына, қазақ тілін үйренуіне септігі тиеді, – деді ол. Астрахань аймақтық «Жолдас­тық» қоғамдық бірлестігі төрал­қа­сы­ның мүшесі, «Құрманғазы» мәде­ниет орталығының дирек­торы Нұр­жан Медетов: «Біз Қазақ­стан­дағы өмірді қадағалап отыра­мыз, Қазақ елінің әр жетістігіне көңілі­міз мар­қа­йып қалады. Біз алыста жүрсек те Қазақ­стан­нан әрдайым қолдау көріп келеміз. Сол өңірде жерленген атақ­ты бабамыз Құр­ман­ғазы күйшіге Қазақстанның тікелей қолдауы­мен Астрахань облы­сы Володар ауда­нын­да кесене тұр­ғы­зылды. Сондай-ақ Астрахань қа­ла­сында ескерткіш орнатылды. Құр­ман­ғазы кесенесіне мыңдаған адам келеді. Бес жыл ішінде 150 мыңға жуық адамды қа­был­дадық. Со­лар­дың көпшілігі: «Біз Қазақ­стан­ды, қазақты таны­дық» деп кетеді», – дей келіп, Астра­хань өңірі тұрғын­дарының 14 пайызын қазақ­тар құрайтынынан хабардар етті. Элистадан келген Хатимолла Ідірісов те, Санкт-Петербургте елу жылға жуық уақыт тұрып жатқан қазақтардың «Атамекен» қоғамы­ның президенті Сәрсен­ға­ли Құс­панов та қашықта жүрген қандас­тары­мыз қайткенде қазақ болып қалады деген ойларын ор­таға сал­ды. Қазақша шешен сөй­лей­тін Сәр­сенғали ағамыздың Санкт-Петер­бургте қазақтың қа­мы үшін жаса­ған шаруалары кө­ңіл­ге мақтаныш сезімін ұялатып қана қоймайды, нағыз қазақ осын­дай болуы керек дегендей ойға қалдырады. Фестиваль аясында ұйымдас­ты­рылған облыстық өнер музейінде ашылған халықаралық көрме және Ғазиза Жұбанова атындағы филар­мониядағы гала-концерт те бұл шара­ны байыта түсті. Халық­аралық көрмеге 49 автордың 80-ге жуық еңбегі қойылды. Жәния Бархамурова (Элиста қаласы), Дариға Аманшиева (Орынбор облысы) сынды шеберлердің, ресейлік жас талант иелерінің, сондай-ақ Қазан­ғап атын­дағы өнер мектебі оқу­шы­ларының қолынан шыққан түрлі жанрдағы тамаша туынды­лар жұрт­­­шылықты үлкен әсерге бөледі. Ғазиза Жұбанова атындағы фи­лармонияда жеңімпаздар мара­пат­талып, топжарған талант иелері қа­ла­лықтар мен қонақтарға өнер көр­сетті. Бес номинация бо­йынша бай­қау-фестивальдің гран-при же­ңім­паздары болып Саратовтан келген Нұрғаным Нұ­рышева («Вокал­дық орындаушы­лық өнер»), баш­құрт­стан­дық Самат Медетов («Ас­пап­тық жанр»), Самарадан келген «Ай­гүл» қазақ би ансамблі («Хореография»), Марат Оспанов атын­дағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Ювентус» хор ұжымы, самаралық Мөл­дір Сұл­танова («Вокалдық орын­дау­шы­лық өнер»), қалмақиялық Эсен Доржиев («Графика, живопись») танылды. Тағдырдың жазуымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды бауыры­мызға тар­­тып, бірлігімізді бекітіп, тұтас­ты­­ғымыздың тұғырын нығай­тып жат­сақ, ол жиырма жылдығын мерекелегелі отырған тәуелсіздігі­мізд­ің ар­қа­сы, егемендігіміздің еншісі деуіміз керек. Алыста жүрген аға­йы­нның ана тіліне, ата-баба салт-дәс­түріне деген ынтызар көңі­лін к­өріп сүй­сін­дік. Осындай шаралар арқылы бай­ла­ныс жақсарып, қа­рым-қатынас ны­ғая түсетініне сенім мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.