Ардагер журналист Орынбай Тасыбековтің “Менің замандастарым” атты жаңа шыққан кітабын әріптестік қызығушылықпен қолға алғанбыз. Әуелі Жамбыл облыстық “Еңбек туы” газетінің қазанында шыңдалған, одан соң ұзақ уақыт аудандық газеттерде редактор болып қызмет еткен, бір ауық республикалық “Қайнар” баспасы мен “Қазақстан коммунисі” журналында да қалам қайратын танытқан автордың өрелі өмір жолынан, баспасөздегі шығармашылықтың қилы да қиын соқпақтарынан өткені аңғарылады.
Кітапқа автордың әр жылдары жазған шұрайлы мақалалары, очерктері мен публицистикалық толғаныстары топтастырылған екен. Соларды оқи отырып, Орекеңнің қазақ журналистикасына толайым адалдығын елжірей сезінесіз. Кітаптың аты айтып тұрғандай, үлкен-кішімізге бірдей ортақ замандастарымыздың қилы-қилы өмір өткелдерін көзайымдап, алуан-алуан қызық тағдырлардың куәсі боласыз. Олардың әрқайсысы өзіндік мінез-құлықтарымен, іс-әрекетімен, қиналыс-толғанысымен, қуаныш-сүйінішімен есте қалады.
Аудандық газет – журналистиканың ең бір күрделі буыны. Бұл буыннан қазақ баспасөзінің талай-талай тарлан қайраткерлері өсіп шыққанын білеміз. Орынбай Әбдірахымұлының да нақ осы саладағы еңбегінің ұсынар ғибраты молдығы мына кітаптың әрбір парағынан парықталып та, пайымдалып та танылғандай. Жинаққа эпиграф ретінде алынған Әбдірахым әке өсиеті де көңілімізді бір толқытып өтті. “Қазақта езуінен енші берген” деген бір жақсы сөз бар. Енші отау болғанда ата-анаңнан алған мал-мүлік, дүние-пұл емес, маңдайыңнан сипаған жылы алақан, бәйгеге түскенде қиқу салған демеу, торыққанда аузыңа тамызылған бір жұтым су. Соны жасаған адамдарды көзің жұмылғанша ұмытпай, құрмет тұт, балам” – деген осынау әке өсиетіне де қаламгер перзент адалдығынан жазбапты. Себебі, оның әрбір толғанысында адамдарға деген шексіз құрмет пен ілтипат, туған жерге деген мейірлі сүйіспеншілік пен іңкәр сезім тұнып тұрғанын байқар едіңіз. Шалымды журналист Сәкен Сейфуллиннің тар жол, тайғақ кешкен кезеңдерде Мойынқұм өңірінде болғандығы жайлы әдемі ой толғайды. Осы ауданға аңшылыққа келген кездегі Ғабит Мүсіреповтің сырбаз мінездерінен сыр аулайды. Кенен атасынан бата алған сәтін бабымен баяндап бір өтеді. Қазақтың киелі қарттарының бірі Жазылбек Қуанышбаев, Мойынқұмның арда азаматы Айтбай Назарбеков жайлы ағынан ақтарылған риясыз көңілі қандай. Орекең шымыр толғамдарының бір парасын штаттан тыс тілшіміз ретінде “Егеменнің” бетінде де жариялаған.
Ол бірде Парижге барған сапарын тамсандыра әңгімелесе, енді бірде өз Астанамыздың төрінде тұрып тебіренеді. Байтақ Сарыарқадағы Қулы, Мұңлы тауларының жан тербетер жұмбағына бойлатады. Сөйтіп, оқырманын ойлантады. Жалпы, журналист жазбаларына парасаттылық пен пайымдылық тән. Соған орай біз де Орынбай Тасыбеков туралы “елдік сөздің еңбекторысы екен-ау” деген пікірімізді тастүйін бекіте түстік.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.