Қандай қоғам болсын ең алдымен ынтымақ пен бірлікті ту көтеріп, ұлы мұраттарын да осы ұғымдармен байланыстырған. Осы қағидадан ауытқымаған қызыл коммунистер де өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жаңадан құрған ұжымдарға “Ынтымақ”, “Бірлік”, “Үлгілі”, “Қоғамшыл”, “Жаңа құрылыс” деген атаулар беріпті. Жамбыл ауданында шағын ұжымшар ретінде ұйысқан ауылдар бүгінде өсіп-өніп, іргеленген. Дегенмен, әлі де солай аталады. Өйткені, ынтымақ пен бірліксіз дүние тірлігінің тізгіні тең болмайтынын ауыл адамдары жақсы түсінеді, оны өмірлерінің арқауына айналдырған.
Алатаудың етегіндегі Ынтымақ ауылына арнайы ат басын бұрып, қарлығаштың ұясындай қасиетті мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстық. Ондағы адамдардың шынайы сыйластығының куәсі болдық. Жадырай қарсы алған Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Жанғали Базарбаев, Ынтымақ орта мектебінің директоры Гүлнаш Жыланкөзова ауылдың құрметті қарияларын, қарымды шаруа иелерінің басын қосып, таныстырды. Ынтымақтағы ағайындар арасында алғашқы әңгімеге араласқан Яша Карслиев әңгімесін әріден бастады. Қазақ тілінде шешіле сөйлеп, бүгінгі Елбасының жүргізіп отырған саясатына деген ыстық ықыласын білдірді.
– Месхеттік түріктердің бір бөлігі 1944 жылы қараша айында Грузиядан жер аударылыпты. Сталиндік саясаттың қаталдығынан қағажу көрген аз ұлттардың қатарында арып-ашып Қазақстанға зорға жеткен шешеміз осы ауылдан тұрақ табады. Әкеміз Апу 1938 жылы әскерге алынып, содан соғыс сұрапылын түгел басынан өткеріп, 1946 жылы отбасымен осы ауылда қауышады. Қазақша оқыдым,– деді ол.
Я.Карслиев әңгімесін былайша сабақтады:
– Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тұла бойымызға етене сіңісті. Тойымыз да, асымыз да ортақ. Былай алғанда, қазақ болып кеттік десе де болады. Тәуелсіздіктің арқасында Елбасының сындарлы саясатымен талай дүниеге қолымыз жетті. Дербес шаруа қожалығын құрдық. Қазір 8 гектар суармалы, 3 гектар тәлімі жерімізге арпа, жоңышқа егеміз. Алматыға жақын орналасқандықтан, бұл – үлкен байлық. Сонымен бірге, жеке мал ұстаймыз. Бұрын да “Ұзынағаш” ұжымшарында механизатор, жүргізуші болып істеген маған техниканың тілі таныс. Тракторымыз, соқамыз, басқа қажетті құрал-саймандарымыз жеткілікті. Әйелім Вайда екеуміз алты бала өсіріп тәрбиеледік. Елмен араласымыз, ынтымағымыз жақсы, ертеңімізге еш алаңдамаймыз. Менің бір ұққаным, жерді күтіп мәпелеген адамды жер-ана жерге қаратпайды екен. Соны түсіну керек. Ал, ауылдықтар арасындағы ынтымақ – баға жетпес байлығымыз.
Ауылдасының сөзін жалғаған Галина Гиркина да әңгімеге ортақтасты:
– Жұбайым Николай екеуміз 1985 жылы Атыраудан көшіп келіп, Ынтымақ ауылына қоныстандық. Содан бері де ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Ауылдың тіршілігі, табиғаты, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы керемет. Шын мәнінде, Ынтымақ десе ынтымақты ауылмыз. Бөліну, жіктелу, бөтенсу атымен жоқ. Көршілер тіпті туған бауырымыздай. Бір-бірімізсіз ас батпай тұрады. Мереке дастарқанынан, құдайы тамақ рәсімінен қалдырмайды. Ал, Ораза кезінде өзіміз де арнайы ауызашар беретініміз бар. Барымызды бөлісіп ішіп, сыйласып өмір сүріп жатқанымыз бір ғанибет. Өз басым бұл ауылдан ешқайда кетпеймін. Шағын шаруа қожалығымыз кенже ұлдың атымен “Вова” деп аталады. Суармалы жерге майбұршақ, 4,5 гектар тәлімі егістікке арпа-бидай егіп, бұйырған өнімін алып жүрміз. Жұбайым – “Реал-Вей контракшн” фирмасының бас инженері. Астана – Атырау – Ақтау жолын салып жатыр. Үлкен ұлымыз Александр “Боран” арнайы бөлімшесінде қызметте, қызымыз Наталья Алматыда тұрады, дәрігер. Кенжеміз Владимир осы Ынтымақ мектебінде қазақша оқиды. Қазір Қазақ көлік-коммуникация академиясының студенті. Өзім мамандығым бойынша агроном едім, жердің бабын біраз білемін. Шаруа қожалығын қолға алғаным да содан.
Г.Гирхина этносаралық татулық пен мемлекеттік тіл туралы айтқанда, оларды өте бір нәзік мәселелер ғой, дейді. Оның сөзіне қарағанда ең бастысы, адамдар құқығының барлық тұрғыдан сақталуы, әлеуметтік теңдігі. Елбасы бастаған демократиялық қоғамның құндылығын түсіне отырып, мемлекет тәуелсіздігін ерекше бағалау қажет. Ал, түрлі этностар арасындағы достық пен ынтымақ – мемлекеттік саясаттың жемісі. Лайым осы саясат баянды болсын.
Осы “Ынтымақ” ұжымшарында талай жыл звено жетекшісі болған Бопатай Барлыбаеваның қызы Күлғайша Малаеваның пікірі де көңілге қонымды:
– Өзім қазақтың қызымын, күйеуім Аббас Малаевтың ұлты – ұйғыр. Ол Қытайдан бері өткен соң, 1963 жылы тағдыр бұйрығымен жарасып қосылғанбыз. Тоғыз бала өсірдік, төрт қыз, бес ұлым, шүкір, ержетті. Екеуміз ұзақ жыл ұжымшардың қойын бағып, озат шопан деген құрметті де көрдік. Кейін сауыншы болдым. Қазір жасым 70-ке келді. Өз ағайындарыммен де, ұйғыр туыстарымызбен де жақсы араласамыз. Түсінгенім – адамның көңілі кең болса, жетпейтін ештеңе жоқ. Оның үстіне бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде не кием, не ішемін десең де бәрі бар. Соңғы жылдары ауылымыз тіпті көркейе түсті. Үйлер салынды, таза ауыз су құбыры тартылды, ағын су әр ауланың бау-бақшасына еркін жетеді. Шет елдерден қандастарымыз көшіп келіп, іргеміз кеңейіп жатыр. Бәрі жақсылықтың, ел ішіндегі ырыс-берекенің, ауызбірліктің арқасы. Біз сияқты аналар осы бақытымыз баянды болғанын қалаймыз. Бүгінгі елдің түтіні түзу шығып жатса, одан артық не керек.
Бір кездері осы елді мекенде чешен ұлтының өкілдері тұрақтаған екен. Солардың бірі Қудуз Дадаев қария да өткен өмірі мен бүгіні жайлы айтқанды ұнатады екен:
– Ауылдағы чешен отбасының біріміз. Ата-анамыз осы Ынтымаққа көшіп келген соң қазақтардың балаларымен, тай-құлындай асыр сап бірге өстік. 1970 жылдан бергі аралықта мен қой да бақтым, зоотехник те болдым. Шаруаның бәрін істедім. Қазір 51 гектар жерім бар. Оның 6,3 гектары суармалы, 12 гектары тәлімі егістік. Жыл сайын майбұршақ егемін. Өткен жылы әр гектарынан 18 центнерден өнім алдық. Жағдайымыз жаман емес. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін бір адамдай білеміз. Бес баламыз бар. Үшеуі үйленіп, шаңырақ көтерді.
Зайыбым Роза Мұсаева екеуміз мал баққан жылдары ол үнемі аға шопан болып, абыройға бөленді. Дастарқанымыздан қонақ үзіліп көрген емес. Бәрі сыйластықтың арқасы ғой.
Осы арада әңгімеге Қудуздың зайыбы Роза араласты: –
–“Чешендер сүргінге ұшыраған жылдары қазақтардың арқасында аман қалғанын біздің ата-анамыз балаларының құлағына құйып отыратын. Егер Алла шынайы рақымымен пейіштен орын сайласа, оған барар халықтың бірден-бірі осы қазақ”, дейтін. Біз соны естіп өстік. Өзіміз де қазақтармен бір үйдің балаларындай біте қайнасып, есейдік. Дархандығына бас иеміз, рахметіміз шексіз. Қазіргі бақытты, бейбіт өмірімізге, ел тәуелсіздігіне шын риза отбасының бірі бізбіз.
Ұлы Отан соғысының ардагері Көбетай Созақбаев зеңбірекшілер бөлімшесінің командирі болған екен:
–Танкіге қарсы снаряд ататын зеңбіректен оқ жаудырып жатқан Волоколамск түбіндегі ұрыста жарақат алдым. Алайда, жазылған соң сапқа қайта тұрып, 1950 жылға дейін әскер қатарында жүрдім. Елге оралған соң біраз жыл орта мектептерде директор болдым. Заречныйдағы еңбекпен түзеу мекемесінің бастығы қызметінен зейнетке шықтым. Біздікі енді жастардың жетістігіне сүйіну. Ал, бәрінен қымбаты еліміздегі ынтымақ пен бірлік. Кемпірім Нүрке екеуміз сегіз баланың ата-анасымыз.
– Расында, біздің ауылдың атына заты сай,– деп бастады әңгімесін Нұрлан Ахметжанов. –Бірлігі бекем. Ынтымақ – өзіндік достық тағылымы бар, онысы өзгелерге үлгі боларлық құтты мекен. Сондықтан да сонау 2001 жылы 14-17 шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, олардың жекеменшік жерлерін жалға алдық та “Ынтымақ” шаруашылығын құрдық. Бүгінде жүздеген суармалы алқапты, тәлімі егістікті игерудеміз. 300 гектар жайылымдық, шұрайлы өріс өз алдына. Өткен жылы көкөніс, майбұршақ, темекі, астық септік. 30-40 адамды жұмыспен қамтыдық. Егін шаруашылығына қосымша мал өсірумен де айналысамыз. Төрт түлік өсіріп, жүйрік баптап, жылқы тұқымын асылдандыруға ден қоя бастадық. Ауылда бізден басқа Азамат Сұлубеков, Гүлнәр Келгенбаева, Мұқаметқали Жұрынов сынды іскер азаматтар шаруашылық жүргізуді жолға қойып отыр. “Елде болса, ерінге тиеді” деген емес пе, алынған өнімнің мөлшеріне қарай жер иелеріне табыс үлесін тең бөлеміз. Одан тыс осы орта мектептің түрлі шараларына жәрдемдесеміз. Жағдайы келмейтін отбасыларына жем-шөбін жеткізіп береміз. Шама келсе, ауылдастың алғысын алғанға не жетсін.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Далабаев қорытындылап, Елбасының бастамасымен жүзеге асқан “Жол картасы” бағдарламасының өткен жылы ауданда ойдағыдай орындалғанын, осыған орай биылғы жылдың жоспары бойынша Ынтымақтағы орталық көшеге де асфальт төселетінін айтып, жиналғандарды қуантты. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесінің толық шешілгені ортаға салынды.
Иә, 2018 адам тұратын 300-ге жуық ауласы бар Ынтымақ ауылы осындай. Оның орта мектебін бітірген шәкірттер өткен оқу жылында ҰБТ нәтижесі бойынша ауданда алдыңғы орындардың бірін иеленіп, жоғары оқу орындарына түсіпті. Озаттар мен екпінділер саны жеткілікті.
Жыл сайын іргеленіп, күн сайын көркейген Ынтымақ ауылының болашағы зор. Ондағы азаматтардың дидары ажарлы, табысы базарлы. Әрдайым ынтымағы жарасып, қуанышы молая берсе деген тілек көкейде тұрды.
Күмісжан БАЙЖАН, Аматы облысы.