Хат-хабарлар эшелондармен, сүңгуір қайықтармен де жіберілетін. Ал пошташылар оқ пен оттың арасынан 30-40 кило қаптарды арқалап өтуге тырысатын. Қысқасы, хат-хабар қалайда иесіне жеткізілмей қоймайтын. Соғыс және еңбек ардагері Ғ.М.ТОҚТАБАЕВ бүгінде 93 жаста. Біз Жеңіс күні қарсаңында қарт майдангерге жолығып, аз-кем әңгімелескен едік. – Ғизат Мұхтарұлы, майданда айтарлықтай ауыр жаралансаңыз да, соғысты жалғастыра беріпсіз. Осы туралы айтып беріңізші? – Украинада соғыстым. 1944 жылдың 12 шілдесінде бүкіл ротамен шабуылға шықтық. Бұл жолы артиллериялық дайындық деген болған жоқ, өйткені, тұрған жеріміз немістерге тым жақын еді. Ұрыс бірнеше күнге созылды, біз көптеген жолдастарымыздан айырылдық. Окоптарда жатамыз, күш сарқылған, бірақ шегінуге болмайды, тұра салып, «Ура!!!» деп алға ұмтыламыз. Сол сәтте мергеннің оғы маған дөп тиіп, жарақат алдым. Жап-жас санитар қыз мені ұрыстан алып шығып, дала госпиталіне жеткізді. Оқ басымнан тиіп, ішінде қалып кеткен. Одан тек 1958 жылы ғана арылдым. Оқтың ұзындығы 3,5 см, салмағы 11 грамм екен. Сол оқ қазір Ақтөбе музейінде тұр. Қысқасы, 20 күн госпитальде жатып, майданға қайта оралдым. Содан кейін де екі рет жараландым. – Үйден хат жиі келуші ме еді? – Хат деймісің... хат солдат үшін маңызды оқиға болатын. Біз пошташыны туған бауырымыздай күтіп, қарсы алушы едік. Соғыс уақытында полктің бір орнында тұра бермейтіні белгілі, сондықтан, хат-хабар уақтылы жеткізілмейтін кездер де болып тұратын. Ал пошта келген кез біз үшін үлкен мейрам еді. – Соғыстан кейінгі өміріңіз туралы мәлімет бере кетсеңіз. – Соғыстан кейінгі уақыт туралы айтсам, 1949 жылдың қаңтарында мен Ақтөбе облыстық телеграф ауысымының бастығы ретінде жұмысқа шықтым. Содан кейін Алматы байланыс электр техникумын бітіріп, зейнеткер атанған 1985 жылға дейін үзіліссіз жұмыс істедім. Бұл саладағы жалпы жұмыс өтілім – 36 жыл. Осы жылдардың бәрінде мен пошта байланысы бөлімшелерінде түрлі лауазымдарда қызметтер атқардым. – Әңгімеңізге рахмет. Денсаулығыңыз мықты болсын, ауырмаңыз.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ