Астана әкімдігінде қала тұрғындары үшін жұмыс басталар уақыттың жаңа кестесі жария етілді. «Жұмыс уақытының жылжымалы кестесі – кептелектерді болдырмаудың ұтымды тәсілдерінің бірі. Егер Астана қаласының әкімдігі кейбір мекемелердің жұмыс уақытын 10-15 минут аралығында өзгертсе, бұл біздің кептелектерде тұру уақытымызды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, бұдан тиімділік айтарлықтай артады», – деді министр телебағдарламада.
Сондай-ақ, Д.Абаев қалалықтарды Астана әкімдігінің бастамасын қолдауға шақырды. «Мен Президенттің баспасөз хатшысы болған тұста біз әлемнің көптеген елінде болдық. Барлық жерде бұл тәжірибе бар: Токиода да, Берлинде де. Мен Голландия жұмысшылары таңғы 6-дан күндізгі 3-ке дейін жұмыс істейтінін нақты білемін. Сөйтіп, олар сағат 3-те жұмыстарынан босап, күні бойғы еркіндікке шығады», – деп қорытты сөзін ведомство басшысы.
Алдағы 1 маусымнан бастап елорданың көптеген тұрғындары үшін жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін екенін атап өткен жөн. Бұл жаңалық ЭКСПО-2017 қарсаңында елорда жолдарындағы жүктемені азайту үшін де енгізілгелі отыр.
Мәселен, құрылыс ұйымдары жұмысының басталуын қазіргі 09.00-ден 07.00-ге, қала коммуналдық қызметін өнеркәсіп және кәсіпорын секторлары ұйымдарымен бірге 09.00-ден 07.30-ға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарын Қаржы институттарымен бірге 09.00-ден 10.00-ге, сауда, ойын-сауық ұйымдарын 10.00-ден 10.30-ға, сондай-ақ, ұлттық компанияларды 09.00-ден 09.30-ға ауыстыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар, жұмыс кестесін міндетті түрде өзгертуге республикалық басқару органдары, жергілікті басқару органдары, білім беру мекемелері (колледждер мен ЖОО-лар) жатады. Мәселен, алдыңғылары жұмыстарының басталу уақытын 09.00-ден 09.30-ға ауыстырса, кейінгілері 09.00-ден 08.30-ға ілгері жылжытады.
Келіссөздер қорытындысына түсінік берді
Д.Абаев Сириядағы ахуалды реттеу бойынша жүзеге асырылып келе жатқан Астана процесі жанжалдасушы тараптарды бір-бірін естуге итермелейді деген үміт білдірді. «Біз Сирияда толық ауқымды соғыс жүріп жатқанын көз алдымызға елестетіп көруге тиіспіз. Ал Астана процесінің жүзеге асырылуы, оған дала командирлерінің қатысуы алға қарай ілгерілеушіліктің бар екенін білдіреді. Бастысы, олардың (процеске қатысушылар – ред.) бір-бірін көріп, бір-бірімен үнқатыса бастауы маңызды. Екі жанжалдасушы тарап қана бар басқа көптеген елдерге қарағанда, Сирияда бір-біріне қарсы тұрушы жақтар көп, сондықтан бұл процесс те оңай шешілмейді. Химиялық шабуыл делінгеннен кейін Астана процесі жалғасады дегенге ешкім де сенген жоқ. Бұл жерде Мемлекет басшысының беделінің арқасында да бұл процесс жалғасып жатыр», – деді «Открытый диалог» жобасы шеңберінде сөйлеген сөзінде Д.Абаев.
Ведомство басшысы процеске АҚШ мемлекеттік хатшының көмекшісі деңгейінде өз өкілін жіберіп, өкілінің мәртебесін жоғарылатып отырғанын атап өтті. «Мен Астана процесінің Иран жөніндегі Алматы келіссөздері секілді және де Мемлекет басшысының барлық бітімгершілік идеялары тарихта қалатынына толықтай сенімдімін», – деді өзінің сөзінде министр.
«Үркер» сыйлығына қатысуға шақырды
Д.Абаев журналистерді баспа, радио және интернет-журналистерінің алғаш жарияланған «Үркер» ұлттық сыйлығына қатысуға шақырды. «Мен журналистерге осы сыйлық аса қажет қой деп ойлаймын. Өйткені, қалам ұстаған қауымның еңбегін лайықты бағалау аса маңызды. Осы сыйлықтың арқасында журналистиканың сапасы артатын болады. Жюри шешімдеріне ешқандай қатысымыз болмайды. Кім лайықты сол жеңеді», – деді «Хабар» арнасындағы жоба шеңберінде ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол алғашқы ұлттық телевизиялық «Тұмар» сыйлығы журналистер арасында лайықты бағаланғанын атап өтті. «Онда лайықтылар жеңген болатын, «Тұмар» сыйлығын беру қалай өткенін көрген соң одан қандай да бір сабақ алдық. Енді ол «Үркер» сыйлығында міндетті түрде ескерілетін болады», деді министр.
Сөзінің соңында Д.Абаев журналистерді конкурсқа қатысуда белсенділік танытуға шақырды.
Сенат консервативті күш болып табылады
Өткен аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сенат депутаттарының сайлауын 2017 жылдың 28 маусымына белгілеген Жарлыққа қол қойды. Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың пікірінше, еліміз үшін Парламенттің жоғарғы палатасы аса маңызды рөл атқарады. «Сенат мемлекеттік басқару жүйесінде аса зор тұрақтандырушы рөлге ие. Сенат – бір сәттік трендтерге оңайлықпен беріле қоймайтын консервативті күш. Өйткені, Сенат депутаттарын жанама дауыс беру әдісімен мәслихаттар депутаттары сайлайды. Осының нәтижесінде жоғарғы палатаға күшті саяси ерік-жігері бар, айтарлықтай басқару тәжірибесіне ие адамдар сайланады. Сондықтан, Сенат еліміздің қазіргі даму үдерістерінде үлкен рөл атқарып отыр», – деді министр.