Жалпы, Қазақ елінде ұлттық мәдени мұралардың Кеңес үкіметінің қаһарынан қан тамып тұрған кезінде сақталып, музейлердің өз дәрежесінде болуына ықпал етіп, қамқорлық жасаған мәдениет министрлері Мүсілім Базарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков десем қателеспеспін. Өйткені, мен сол кезеңде мәдениет саласында үзеңгілес жүріп қызмет еттім. Олар ерен еңбектерімен қазақ тарихында, халық есінде қалды. Ұлт құндылықтарын бағалап сақтауда жанпидалық көрсеткендерін білемін. Бір ғана деректі еске алайын. Ол археолог Алан Медоев зерттеген Балқаш бойы петроглифтерінің коллекциясына байланысты. 1972 жылы Мәскеуде қазақ мәдениетінің тарихы жайлы үлкен көрме осы материалдармен ашылды. 1973 жылы Алматыда Азия және Африка елдері жазушыларының 5-ші конференциясы өтті. Оған 69 елдің өкілдері қатысты. Сонда Солтүстік Балқаш петроглифтерінің коллекциясы арқылы Қазақ елінің көне дәуірімен таныстырған еді. Осыдан кейін Балқаштың ғылыми тұрғыдан зерттеліп, хронологиясы реттелген, көшпенділердің он үш мыңжылдық көне тарихын қамтитын петроглифтері коллекциясын Мәскеудің тарихи музейіне қою талап етілді. А.Г.Медоев ұлттық тарихымыздағы теңдесі жоқ ғылыми деректердің бәз баяғы әлімжеттікпен өз жерінен кетуіне жол бермеу керек дегенді айтты.
Мәдениет министрі М.Базарбаевтың алдына барып, ғылыми материалдар өз Отанында, яғни Балқашта болуы керек деп өтіндім. Министр өзі қол қойған бұйрығын Мәскеуге кетіп қалса да өзгертіп, петроглифтердің Балқаш музейіне жіберілуін көрсетіп жаңа бұйрық шығарды. Бұл, ол кезде Мәскеуді тыңдамау министрдің өз басына өте қауіпті жағдай еді. Балқаш петроглифтері бұрынғы КСРО көлемінде төртінші (Эрмитаж, Мәскеудің орталық тарихи мұражайы, Новосібір мұражайынан соң) ғылыми экспозиция болатын. Осы бағалы жәдігерлерді Балқашқа жеткізуге ұшақ командирімен келісіп, археолог А.Медоев пен суретші А.Горбатовтың Балқашта экспозицияны өз қолдарымен құруына жағдай жасаған министр М.Базарбаев, құндылығын бағалаған Ресейдің атақты академиктері Окладников, Тихонов, Грязнов, т.б. болатын. Академик А.Окладников экспозиция барысын Новосібірден телефон арқылы сұрап біліп, бағыт беріп, менімен хабарласып отырған еді. Балқаштың тұңғыш қалалық тарихи-өлкетану музейі 1973 жылы 25 қыркүйекте ресми түрде ашылды. Осылайша, ғылыми экспозиция арқылы көне дәуірлерден тамыр тартқан тарихымызды насихаттағаным үшін министр М.Базарбаев Жезқазғанда өткен облыстық мәдениет қызметкерлері конференциясында маған Құрмет грамотасын өз қолымен тапсырып еді.
1974 жылы Мәскеуде барлық 15 одақтас республиканың белгілі музейлерінің директорлары қатысқан үлкен конференция өтті. Балқаштың қалалық музейінің көрсеткіштері Полтава музейімен қатарлас болып шыққан-ды. Нәтижесінде, мен шақырылған едім. Әрине, оны қадағалайтын Мәскеудегі мәдениет министрі жанындағы арнайы комиссия. Сол конференцияда ең төмен дәрежедегі Қазақстан музейлері деген пікір айтылды... Конференция соңында делегаттарға Прибалтика елдерінің, Украинадағы Киев, Львов қалаларының музейлерін, атақты «9-форд» музейін аралатты. Қуыршақтар музейінде (Латвия) таңқалғаным: дүние жүзінен жиналған қуыршақтардың ішінде көзіме оттай басылған Алдаркөсенің бейнесі. Қайтып келген соң министр Мүсілім Базарбаевқа көрген-білгенімді айтып едім: «Асықпаңдар, әлі ұлттық мәдениетімізді көтереміз. Мойындау керек, музей жағынан мешеулік бар. Балқаштың музейі Полтавамен таласып жатқаны жақсылықтың нышаны. Қолдау болады», – деп ағалық ілтипатын көрсетіп, менің КСРО Мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталғаныма қуанышын жасырмады. Биязы мінезді, сымбатты, білімдар азамат, белгілі ғалым Мүсілім Базарбаев сынды қазақтың біртуар перзентінің ықыласын есту мен үшін үлкен бақыт еді, әрине.
Кеңес заманында өз ұлтының мүддесіне қызмет ету әрі қиын, әрі қауіпті болды ғой. Әркімнің өз ұлтын сүюі ар-намыс, өре биіктігіне байланысты екен. Өз заманында Алаш азаматтарының жолын ұстаған азамат Өзбекәлі Жәнібеков. Осы кісінің туған еліне деген ыстық ықыласын көзбен көргендердің бірімін. Ол Орталық комитетте қызмет ете жүріп, барлық академиктерді, ғалымдарды жинап алып сөз сөйлегенде: «Алаш» деп қазақтарды айыптайды. Айтыңыздаршы, Алаш азаматтары қандай қылмыс жасап, кімге қиянат көрсетті? Мен осында отырып өзім білмеймін. Алаш азаматтарының нақты кінәсін ешкім ашып айта алмайды», – деп алғаш Алаш арыстарын ақтау мәселесін көтергені белгілі. Ол кезде Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсыновтың аты аталып кетсе, жауапқа тартылатын тар кезең еді. Міне, ұлтжандылық сананың кереметтігі! Қатерлі жерде тайсалмай сөз бастаған, қиындық туса көш бастаудан қаймықпаған азамат!
Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың салт-дәстүрлерін, тарихын, мәдениетін көрсететін музейлерді көтеріп, ел қатарлы өз болмысымызды насихаттау жолында көп еңбек еткен. Ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер музейлерін ашқызды. Қазақстанның мәдениет министрінің орынбасары, министрі болып он жылдан аса қызмет еткенде Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық болмысты қалыптастыруға қыруар еңбек етіп, батыл қимылдаған нағыз патриот еді. Қол астында қызмет істедім. 1980 жылы Алматыда Қазақ музыка аспаптарының музейі ашылды. Барлық музей директорларын жинап, ұлттық музыка аспаптарының түпнұсқаларын көрсетті. Үлкен концерт залының сахнасында музей қызметкерлері алғаш рет тарихи үлгідегі ұлттық киімдермен қобыз, домбыра, сыбызғы, сырнай, дауылпаз, шертер, жетіген, адырна, асатаяқ, шіңкілдек, сазген секілді бұрын көрсетілмейтін ұлттық музыка аспаптарымен халық ән-күйлерін орындады. «Сазген» ансамблінің алғашқы қадамы осылай басталды. Орысша тәрбиеленіп ұлттық киімдерге, киелі домбыраға жатсына қарайтын біздер үшін тума мәдениетімізді таңдана тануға мүмкіндік туған-ды. Көзбен көріп, құлақпен естіп, ғасырлар бойы жабық келген мұралардың жазылған кітаптай тарихты баяндайтынына куә болдық. Бұл көреген министрдің бізге берген бір сабағы еді.
Өзбекәлі республика музейлерін, тарихи архитектуралық ескерткіштерін жаңартуға, әсемдеуге, мән-мағынасының қазақ халқының тарихына ғылыми түрде сай келуіне аса мән берді. Қазақ болмысын тереңнен іздеп тауып, жариялап, аспандата көтергендей болды. Атамұраға деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, музей мамандарының қазақ жастарынан іріктелуіне көңіл бөлді. Ө.Жәнібековтің қазақтың ұлттық киімдерінің, киіз үйлердің түр-түрлерін зерттеп шығарған кітаптары біздің оқулығымызға айналды. Қазақ жеріндегі музейлерге үлкен-кіші деп қарамай, әрқайсысының заманға сай болуын талап етіп қойды. Өте іскер, ұлтжанды, өткір, шешен кісі, мықты этнограф еді.
Тағы бір айта кетерлік қамқорлығы есімде. Жаңашыл министр Өзбекәлі Жәнібеков Балқаш балалары үшін ойын-сауық паркінің болуына көп көмек етті. Көл жағасында балалар мінетін вагонеткалар, түрлі әткеншектер жұмыс істеді. «Чертово колесо» деп аталған, бүкіл қаланы аумағымен көруге болатын аттракцион ұзақ уақыт тұрғызылмады, қаражат жоқ, арнайы мамандар жоқ. Қыс айы. 1988 жыл. Мен қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісімін. Атқару комитетінің төрағасы Валентин Куприянов деген кабинетіне шақырып алып, осыған мені кінәлады. Сол жерде Куприяновтың кабинетінде өзінің көзінше телефонынан Өзбекәлі Жәнібековке барлық жайды айттым. Өзім ашқан Балқаштың музейінен кеткеніме реніш білдіре тұра, телефонды Куприяновқа беруімді өтінді. Арнайы мамандар барып көретінін, көмек беретінін қаттырақ айтса керек, менің бұл еркін әрекетіме қысылыңқыраған төраға: «Несіне министрге шықтың, келісетін едік қой» дегеннен басқа ештеңе дей алмады. Сөзі мен ісі бір Министр айтқанындай, қысқа уақытта «Чертово колесоны» тұрғыздырып, 1988 жылдың 22 наурызында салтанатты түрде ашылған еді. Бұл күн Өзбекәлі Жәнібеков сынды аймаңдай министрдің тапсырмасымен 1926 жылдан тыйым салынған Наурыз мерекесін Балқашта алғаш рет ашық тойлаудың бастамасы болды. Сондай азаматтың қолдауымен халық үшін орнатылған аттракциондардың өтпелі кезеңде қолды болып, талан-таражға түсіп, жойылғаны көзкөргендерге ғана аян.
Бүгінгі қазақ даласында әлемге белгілі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Ұлытаудағы Домбауыл, Алашахан, т.б. тарихи мұралардың жаңаруына, музей кадрларын дайындауға Ө.Жәнібековтің ықпалы, қамқорлығы мол болды. «Алдымен өз жеріңді таны» деп республикадағы барлық музей қызметкерлерін жинап алып оңтүстікті аралатып, тарихи мұраларды көрсеткен еді. Өзбекәлі Жәнібеков қарапайымдылығы мен біліктілігі, шешімділігі мен өжеттігі келбетіне жарасқан, шешімталдығы ісінен де, сөзінен де көрініп тұратын дарынды тұлға еді. Министрдің кабинетіне кез келген уақытта еркін кіруге, мақсатыңды, шешілмей тұрған мәселені қысылмай айтуға болатын және оң нәтижесі болатынына сенімділікпен шығарып салушы еді. Шіркін, бүгінгі кейбір шенеуніктер осы Өзағаңдардан үлгі алса, қане! Білімді, білікті арыстарымыздың халыққа жақындығы неге жұғысты болмады деген де ой келеді. Кез келген жергілікті әкімдіктердің есігінде күзетші. Бұл өз халқынан алыстау ма, әлде қорқу ма? «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұлы сөз бар ғой. Осындайда өзім көріп, қызмет бабында ақыл-кеңестерін тыңдап, қазақ қыздарының ғылымға, іскерлікке араласуын қолдап, ұлтының тағдырына барынша адал болған Мүсілім Базарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әшірбек Сығай, Мақаш Тәтімов сынды біртуар азаматтардың кісіліктері мен іріліктері еріксіз еске түседі. 25 жылда ғасырлық асулардан асып, әлемге танылған Қазақ елінің жастары осындай тектілердің ізімен жүрсе екен деп тілеймін.
Күләш САРДАРБЕК, Өлкетанушы, Мәдениет саласының үздігі
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы