• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Мамыр, 2017

Айтматовты егілткен ана ескерткіші

760 рет
көрсетілді

Өзегінен жалын атқан жылдардың сұрапыл сәті, қасіретті кезеңі ұлт жадында. Болмаған балалық шақ, орындалмаған арман, үзілген үміт, жарсыз өткен ғұмыр да соғыс дейтін зұлматтың еншісінде. Өткен күн із-түзсіз кетпек емес, одан қалған белгі бар. Бір-біріне ұқсас тағ­дырлар қай қиырда да қайталанып жатты. Ал тағдыр өлмес өнерге де, ерекше естелікке де өзек.

Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» толғауын кешегі күрең күндерге әнмен қойылған ескерткіш деуге болады. Қа­зақ даласында осынау қасірет күйіне елтімеген, қайғы зарына егілмеген көңіл жоқ шығар. «Сағындым Жексенқұлым, Қосшығұлым, өзекті жарып шыққан қос шыбығым» деп басталатын қайғылы әуен іздеу-сұраусыз кеткен талай тағдырды жоқтау. Қырық бірдің қасіретінде қайғы құшағында болғанмен үміт жетегінде де әр үйден аттанған Жексенқұлдар мен Қосшығұлдардың жат жерді жастанған жайы. Ал ақ жаулығының ұшымен жанарын сүртіп, жылауды жаман ырымға балап, «кебенек киген келеді» деген үміттің жетегінде алты қырдың астынан қара көрінсе, қарағымнан хабар бар ма деп елеңдеген ардақты аналардың аңыраған дауысы. Өзегін жарып шыққан перзентінің өкініші өзегін өртемей қойсын ба... «Қара кемпір» әні Меркі ауданы, Қызылсай ауылындағы Қали ананың тағдырынан туған туынды. Отты жылдары қос ұлынан қатар айырылған ананың зар күйі, жүрек жоқтауы бұл. Енді бұл ән қоңыр домбыраның қос ішегінен тағдыр толғанысы болып төгілгенде, сол отты жылдар елес береді. Ән авторы Алтынбек Қоразбаевтың туынды турасында да айтары бар екен... – Бұл ән 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай жазылды. Қызылсай ауылындағы Қали кемпірдің Жексенқұл, Қосшығұл деген жасы жиырмаға толмаған екі ұлы соғысқа қатар аттанып, ақыры келмей қалады. Қали апамызды көзіміз көрді. Ұлты қырғыз еді. Ал жары Құдайберген деген кісі болған екен, біз оны көре алмадық.  – Ауылдағы «Қара кемпір» ескерт­кішін ұрпақ өткен күнді біле жүрсін деген ниетпен өз қаражатыма тұрғыздым. Ол жерге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, қазақ пен қырғыз өнеріне қатар еңбек сіңірген Естемес Тұрсынәлиев және басқа да ел азаматтары келген. Тіпті, сол жерде тұрып Шыңғыс Айтматовтай алыптың көзіне жас алғаны да бар, – дейді автор. Қызылсай ауылындағы «Қара кемпір» ескерткіші 1994 жылы бой көтерген. Сол монументте ұлдарын жоқтаған қамкөңіл ананың атынан бір ауыз өлең жазылған. Қараймын Батыс жаққа келе ме деп, Анасын ғаріп болған көре ме деп. Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де, Хабарын қос қозымның бере ме деп. Бұл өлеңді Алтынбек Қоразбаевтың өзі жазған екен. Автор осы бір жолдарды Фариза Оңғарсыноваға бір қаратып алыпты. «Сонда Фариза апамыз «Алтынбек, сен ақын екенсің ғой» деп жоғары бағасын беріп еді», дейді ол. Қали ананың қасіреті ән болмысынан бөлек, ескерткіш тұғырында да тұнып тұрғандай. Қызылсай бауырында қос ұлын өмір бойы жоқтап, арманда кеткен ананың көз жасындай. Жалған дүниенің жалғандығын жазып қойғандай. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы