Биылғы чемпионатта төрешілерге арналған семинар да болады. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Төкеевтің айтуынша, жиында ұйымның төрешілері африкалықтарға төл күресіміздің ережелерін үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі.
«Жақын күндері Африкада ұлттық күресімізден құрлықтық чемпионат өткіземіз. Бұл – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының Кейптаунда екінші рет ұйымдастырып жатқан жарысы. Бірінші чемпионат ересектер арасында 2013 жылдың 26 ақпан мен 3 наурыз аралығында болған еді. Сол кезде жарысқа Оңтүстік Африка Республикасы, Зимбабве, Ботсвана, Свазиленд, Габон мен Нигерия мемлекеттерінің палуандары қатысқан. Ал биылғы додада 6 емес, енді 15 елдің өкілдері бақ сынасады. Оның тағы бір ерекшелігі, чемпионат ерлер және әйелдер арасында өтеді. Жаңа айтқан елдердің спортшылары жарысқа тағы да қатысамыз деп белін буып отыр. Одан басқа Сейшель аралдары, Маврикий, Конго Демократиялық Республикасы, Бенин, Малави, Намибия, Уганда мен Оңтүстік Африка Республикасының Готенг, Шығыс Кейп, Солтүстік Кейп және Батыс Кейп провинциялары жеке команда болып қатысады», дейді Серік Төкеев.