• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 11 Мамыр, 2017

Адам ұрпағымен мың жасайды

441 рет
көрсетілді

Халқымыздың репродуктивті, яғни ұрпақ өрбіту денсаулығын, ана мен баланың өмірін қорғау – Елбасымыз Н.Назарбаев белгілеген еліміздің стратегиялық бағытының аса маңызды бөлігі.

Денсаулық сақтау жүйесінің жоғары деңгейін қамтамасыз еткенде ғана әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігі туатыны анық. Бүгінде әлеуметтік жаңғырту түпкілікті өзгерістерді, денсаулық сақтау жүйесінің қайта құрылуын және денсаулығымызға деген көзқарасымызды өзгертуімізді де талап етеді. Елімізде заманауи емханалар салынуда, медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсуде. Медициналық кадрлардың әлемнің дамыған елдерінде білім алу, біліктілігін жоғарылату мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Әрине, отандық медицина саласының жылдан жылға өркендеп келе жатқан жолында жетістіктер де байқалады, бас ауыртатын мәселелер де жеткілікті. Бұл орайда жасанды түсіктер, бедеулік мәселесіне айрықша  тоқталу керек.

Бедеулік репродуктивті жастағы отбасылардың 15-16 пайызында кездеседі. Бұл көрсеткіш азаяр емес және оған душар болған әйелдердің 75 пайызына жуығы аборт жасағандар.

Халқымыздың көпшілігінің өз денсаулығына байланысты сауатының төмендігі, ортақ жауапкершілігінің жоқтығы, алдын ала тексеруден өтпеуі қынжылтады. Асқынған жағдайда заманауи медицина да өмірді сақтап қала алмайды, яғни бедеуліктің асқынған түрлерін де емдей алмайды.

Бедеулікті емдеу көрсеткіштеріне әсер ететін басты мәселелер – әйелдер мен ерлердің денсаулық индексінің төмен көрсеткіші, кадрлар біліктілігі деңгейінің төмендігі және әлеуметтік мәселелер. Көбінесе әйелдер әртүрлі қабыну ауруларымен, сонымен қатар қан аздық және тағы басқа созылмалы аурулармен ауырады. Сүт бездері, жатыр мойны онкологиялық аурулары да елімізде азаяр емес. Осы орайда ерте диагностика жасаудың маңызы үлкен. Бұл ретте мемлекеттен көлемді қаражат бөлініп, профилактика тегін тексеруден өту мүмкіндігі кеңінен қарастырылған, бірақ оған әйелдердің өздері мән беріп, дер кезінде қарала бермейді.

Бедеулік мәселесіне келсек, әрбір 5-6-шы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кездеседі. Көбісі 10-15 жыл бойы емделіп, уақыт жоғалтады, жұбайлардың жасы ұлғаяды, сол себептен емнің нәтижелілігі күрт төмендейді. Алайда сауатты ем қолданған жағдайда, бұл мерзімді 5-6 есе азайтуға болар еді. Қазіргі заманда әлеуметтік бедеулік деген жаңа ұғым бар. Жастар уақытында отбасы құрмайды немесе отбасы құрса да ұрпақты болуға жаратылыстың берген мүмкіндіктеріне мезгілінде ие болмай, ата-ана болуды 30 жастан кейінге шегереді. Осының бәрі қолдан тапқан бедеулікке алып барады да, кейін емделуге көп жылдар, көп қаражат кетеді. Ем қолжетімді емес, емдеуге мемлекет жауапты деп көпшілігі үкіметке ренжіп отырады. Амал жоқ, соның нәтижесінде жоғары қосалқы репродуктивті технологияларға жүгінуге тура келеді. Оның да нәтижелілігі тікелей жұбайлардың жасына байланысты күрт төмендейді. Жоғары медициналық технология – денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін қажет ететін отбасыларға квота саны жетіспейді, себебі бұл технология дүние жүзінде қымбат. Бір әйелге бір рет ДТҰ бағдарламасымен ем өту үшін 1 квотаға орта көлемде 800 мың теңгедей мемлекеттен қаражат бөлінеді, бірақ бір бағдарламаға ол жете бермейді, өйткені 400-600 мың теңгеге жуығы тек дәріге жұмсалуы мүмкін. Оның үстіне, бұл әдісте қолданылатын барлық құрал-саймандар, жабдықтар шет елде атақты фирмаларда ғана шығарылады, яғни біздің елге тек валютаға алынады. Және қолданылатын шетелдік дәрілердің бағасы да тым жоғары. Бірақ бұл дәрілердің бағасы көрші Ресейде бізге қарағанда анағұрлым төмен, өйткені олар құнсыздануға қарамастан арнайы баға саясатын ұстап отыр.

 Бедеулік мәселесімен айналысатын жоғары дәрежелі мамандар саны әлі де көп емес, бедеулікті анықтап, емдейтін арнайы бөлімдер мен орталықтар өңірлерде жоқтың қасы. Арнайы орталықтар көбінесе Астана, Алматы және кейбір ірі қалаларда ғана орналасқан.

Біз өз тарапымыздан өңірлерде бедеулікті барлық заманауи әдістермен емдеуді халыққа қолжетімді ету үшін Шымкент, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларында орталықтар аштық, мамандар дайындадық. Соның арқасында жергілікті ел емді тұрғылықты жерінде, алысқа бармай алатын болды. Бедеуліктің өте қиын түрлерінде бұрын Астана, Алматы орталықтарына 1 айға баратын болса, енді осы орталықтардың арқасында 4-5 күнге ғана барады немесе толықтай емді жергілікті орталықтарда алады.

Еркектердің бедеулігі де жылдан-жылға бүкіл әлемде де, елімізде де өсуде. Соңғы 30 жылдың ішінде 2-3 есеге аталық ұрықтың саны да, сапасы да төмендеген. Білікті андролог мамандар көбінесе үлкен қалаларда орналасқан. Жергілікті андролог дәрігерлер әлі де аз және бедеулікті дұрыс анықталуға, емдеуге заманауи біліктілігі жете бермейді.

Жалпы, еліміз бойынша аборт көрсеткіші әлі де жоғары. 2014 жылы 83 709, 2015 жылы 81 440 түсік жасалған. Елімізде бала туатын жастағы әйелдердің 38%-ы ғана контрацептивтер қолданады және бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда өспеген. Аборт жасауға әсер ететін факторлар қатарына халықты ақпараттандырудың, отбасын жоспарлау мәселесі бойынша сауаттылығының төмендігі, контрацептивтерге қолжетімділіктің төмендігі және бағаларының қымбат болуын айтуымыз керек.

Жасөспірімдер мәселесі тіпті ерекше. Республика бойынша 2014 жылы 15-18 жастағы жасөспірімдер арасында 1,5 мың аборт жасау орын алды (2010жылы – 3,3 мың). Мұндай көрсеткіштердің орын алуы жалпы денсаулық, рухани-жыныстық мәселелер бойынша сауатты тәрбиелеудің жетіспеушілігінен немесе мүлдем жоқтығынан болуы мүмкін.

Жоғарыда атап өткен мәселелерді шешу жолдарын қарастыру қажет. Өзінің денсаулығына ортақ жауапкершілігін, отбасын жоспарлау және ұрпақ өрбіту мәселелеріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың сауаттылық деңгейін жүйелі түрде көтеру керек.

Жаппай консультациялық медициналық көмек көрсетуді, әсіресе шалғай ауыл-аймақтарда жылжымалы медициналық кешендер қарастырылып, профилактикалық тексерулер ұйымдастыруды кеңінен қолданған жөн деп ойлаймыз.

Балабақшадан бастап мектептерде 1-11-ші сыныптар аралығында «Денсаулық сабағы» арнайы білім беру бағдарламасын енгізу туралы 2015 жылы қараша айында Астана қаласында өткен «15-19 жастағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулық мәселелері жайында хабардарлығын арттыру үшін Қазақстанда адамгершілік-жыныстық білім беруді енгізу жолдары» атты Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның БҰҰ тұрғылықты халық саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп өткізген конференциясында Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасалған еді.

Отбасын жоспарлау және бедеулікті анықтаумен және емдеумен айналысатын орталықтар ұйымдастыру, гинеколог-репродуктолог, андролог мамандардың заманауи біліктілігін жүйелі түрде жоғарылату керектігі заманның талабы. Бедеулікті емдеудің заманауи алгоритмін жаппай жергілікті гинеколог дәрігерлерге қадағалап енгізуді қолға алса, көптеген отбасылар жоғары технологияны қажет етпей-ақ сәбилі болар еді.

Медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру үнемі талқыланып жүрген, бірақ әлі де толық шешімін таба алмаған мәселе. Жүрек қалауымен дәрігер мамандығын таңдап, оқуға 10 жыл өмірін, жігер-қайратын арнап, көз-майын тауысып, инемен құдық қазғандай білімін шыңдаған маманға берілетін аз еңбекақы көптеген жастардың көңілін суытады. Ақтауға барған іссапарымызда дәрігер тапшылығын қатты байқадық. Сол жақтың бірнеше бас дәрігерлері бізбен бірге ұшақпен ұшқанда әңгімелесіп, олардың дәрігер іздеп Қарағанды, Алматы, Астана, Ақтөбе медициналық университеттерінде биыл резидентура бітіріп жатқан мамандарын шақыруға бара жатқанын білдік. Бұл мәселенің бір ұшы қазіргі уақытта ел ішінде қалыптасқан, БАҚ арқылы бас-аяғын білмей жатып дәрігерлерді кінәлау, дәрігерлерге деген сенімсіздікті тудыратын материалдардың көптеп жарық көруі бұл мамандыққа жастардың баруына ынтасын жоюға өз үлесін қосуда. Бір таң қалатын жәйт, тек айыптау жағы жазылады, ал неге біз көптеген үздік мысалдарды көрсетіп, өлім халінен аман алып қалған, қаншама адами, кәсіби ерлік көрсеткен дәрігерлерді марапаттамаймыз?! Өткенде ел танитын бірнеше азаматтардың жол апатынан, басқа да қиын жарақаттардан аман қалып, жазылып кеткенін естіп, оқып жатырмыз. Бірақ солардың біреуінде де дәрігерлердің жанкешті еңбегі туралы айтылмайды, тура өздерінен өздері аман қалғандай, тіптен не өздері бір алғысын айтқанын естімейсің, не бір елдің жазған ой-пікірінен медицина қызметкерлеріне деген жылы сөз де көрмей таң қаласың. Әрине, адамдардың да, дәрігерлердің де бәрі бірдей емес. Дегенмен, адамның өміріне арашашы болған, денсаулығына үлкен көмек көрсеткен игі мысалдарды да ұмытпаған жөн деп ойлаймыз. Бірер жыл бұрын АҚШ-та болғанымызда бір әйелден «Ұлыңыз кім болып істейді?» деп сұрағанымызда, ол кеудесі тола шаттанып, ерекше мақтанышпен: «Менің ұлым – Дәрігер!» деп айтқанын естідік. Бұл мамандықтың аталған елде құрметті екенін байқадық. Сондықтан біз үздік оқып жатқан жастарды дәрігер мамандығына ынталандыруымыз қажет.

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға тегін және қолжетімді бедеулікті емдеу мүмкіндіктерін қарастырған абзал. Осы орайда елімізде қолға алынып жатқан міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін толық енгізгеннен кейін мүмкін болады деп ойлаймыз. Осындай жүйені бірнеше жыл бұрын енгізген Ресейде әрбір ДТҰ-ға мұқтаж отбасы мемлекеттік және жергілікті қаржыландыру арқылы жылына 1-2 рет осы әдіспен емделе алады. Бұл бағдарламаны Қазақстанда енгізу нәтижесінде елімізде де бедеулікті белсенді емдеу мүмкіндігі артып, халық саны едәуір көбейеді деген үлкен үмітіміз бар.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА,

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі,

«Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникаларының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы