Біз ежелден жеңістер тарихын қалыптастырған елміз. Бұл ұлы жолды ХХІ ғасырда көреген ойшыл және қазіргі заманның қайталанбас қайраткері, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастап келе жатқан жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы салтанатты шерумен жалғастыруда. Біз өз ғұмырнамамыздың алғашқы ширегін немен және қандай жетістікпен өзектестіре аламыз? Өміріміздің жаңа сатысына қандай әлеуетпен ендік? Біздің барша жеңістеріміз бен жетістіктерімізді ерекше мақтаныш сезіммен ұзақ әрі бірнеше мәрте айта беруге болады. Бірақ біз алдымызға мемлекетіміздің жүріп өткен даму кезеңін түйіндейтін ықшам шолу жасау жөнінде басқаша міндет қойып отырмыз. Біз Қазақстанның жаңа тарихындағы өткен кезеңіне қысқаша талдау жасамас бұрын әуелі мынаны атап өткіміз келеді. Халықаралық саясатта «raison d”etat» – ұлттық мүдде деген ұғым бар. Бұл тұжырымды дипломатиялық лексикаға бір кездері Францияның XVII ғасырдағы көрнекті мемлекет қайраткері кардинал Ришелье енгізді. Оның мәні халықаралық күштердің теңгерімін ескере отырып, мемлекет мүддесін жан-жақты қорғауға саяды. Мұның бәрі бүгінгі заманғы саяси сараптаманың көсемі Генри Киссинджердің «жаһандық эпопеясына» айналған «Дипломатия» кітабында ғажап көрсетілген. Бұл орайда, озық державалардың көшбасшылары мен әлемдік деңгейдегі жетекші сарапшылардың шынайы мойындауы мен шексіз құрметіне ие болуына біздің Президентіміздің аталған тұжырымды көпвекторлы қағидатпен байыта отырып, оны өте нәзік шеберлікпен табысты жүзеге асыра білуі деп ойлаймыз. Бүгінде жаһандық экономикалық турбуленттікпен сипатталатын «жаңа қалыптағы» заманауи жағдайда Қазақстан өзінің демократияға, бостандыққа және жасампаздыққа құрылған бағытын берік ұстануда. Сонымен, біздің табыстарымызды тарқатып көрсек. Бірінші және ең бастысы: біз әлем картасында жаңа мемлекет – табысты, заманауи, демократиялық Қазақстан Республикасын құрдық. Бұл жайында көп айтылып, көп жазылуда, бірақ ол бұлжымас дәйек. Бірегей Көшбасшының болуының арқасында мемлекетіміз орнықты. Ол дүниежүзілік ауқымдағы заманауи басшы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Еңбекқор, дарынды, парасатты халқымыз бар. Осы жылдар ішінде біз өзімізді тұрақты түрде ілгерілеуші, ұдайы ізденетін және өрге ұмтылған ұлт ретінде таныта білдік. Көшбасшы мен ұлт өзара үндес байланыста болады. Қайратты басшы мен тиімді идеяларсыз тиянақтылық та, тәртіп те және тұрақтылық та болмақ емес. Бұл сұраққа халықтың жауабы тұңғиыққа тартатындай қарапайым. 2015 жылғы 26 сәуірде өткен ел президентінің соңғы сайлауының қорытындылары өзі жайлы бәрін де жасырмай жайып салады. 8 миллион 833 мың сайлаушы Елбасына дауыс берді. Бұл 97,75 %. Бұл жерде тағы қандай пікірлер болуы мүмкін? Екіншіден, біз бір қоғамдық-экономикалық формациядан келесісіне көшуді ойдағыдай жүзеге асырдық. Қайта айналып соқпаудың нүктесінен біржолата өттік. Елімізде биліктің заңнамалық, атқарушы және сот тармақтары қағидаты бойынша негізін құрайтын демократиялық жүйе жұмыс істейді. Әкімшіл-әміршіл экономиканың қирандысында іргетасы жекеменшік болып табылатын нарықтық экономика құрылды. Бүгінде біз, мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдері тәрізді мемлекеттің экономикадағы үлесін 15%-ға дейін азайту бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі заманғы азаматтық қоғам құрылды. Қоғамның мүддесін танытатын бұған дейінгі бір партияның монополиясының орнына бірнеше қоғамдық-саяси ұйымдарға қол жеткіздік. Ең бастысы, 8 мың белсенді іс-қимыл жасайтын үкіметтік емес ұйымдар түріндегі ауқымды қоғамдық бастама қызмет етуде. Үшіншіден, Қазақстан жаһандық геосаяси және геоэкономикалық кеңістікке ойдағыдай кірікті. Біз 70-тен астам халықаралық ұйымның мүшесі болып табылатын және әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енген мәртебелі мемлекетпіз. Ал шын мәнінде әлеуметтік игілік, өмір сапасы, түптеп келгенде, нақ осы көрсеткіште көрініс табады. Айталық, егер 1991 жылы өмір сүрудің ұзақтығы 67,6 жасты құраса, бүгінде орташа алғанда 72 жас ғұмыр кешудеміз. Бала туу – 9,8%-ға артып, ана өлімі – 5,4 есеге, нәресте өлімі үш есеге, жалпы өлім-жітім – 6%-ға азайды. Бұл бірқатар «күңкілдеген» күдікшілдерге берілген көрнекі нақты жауап болмақ. Тұтастай алғанда, өткен кезеңнің жинақы түрдегі басты нәтижелері осындай. Еліміздің алдында тұрған болашақтың мақсаттары мен міндеттері қандай? Оларды ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барынша дәл, анық әрі терең түрде айқындап берді. Мақсаты – «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, дүниежүзінің озық 30 елінің біріне айналу. Міндеттер Қазақстанның Үшінші жаңғыруында, Рухани жаңғыру бағдарламасында, Ұлт жоспарында айшықталған. Енді қалған бір нәрсе – осыларды табысты, сапалы әрі дер кезінде іске асыра білу. Келесі аспектілерде сіздердің назарларыңызды, міне, осы тұстарға аударуды жөн санап отырмыз. Адами, материалдық, табиғи және өзге де ресурстарды қоспағанда табыстың таңғажайып факторы ұлттық рухтың болуы деп пайымдаймыз. Ел Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл барша заманаларға арналған айнымас аксиома. Біздің одан әрі тезистеріміз, terra incognito емес. Алайда, ұлттық рух қоғамдық құндылықтардың берік діңгегінсіз ештеңені өзгерте де, жасай да алмайды. Рухани құндылықтар – бұлар эволюциялық дамудың бастыларының негізі, дәлірек айтсақ, бұл өркениетті абсолют. Сондықтан да, уақыттың өзі «Ұлы Дала Елі» атты стратегиялық, зор ауқымды және жүйелі тұжырымдама жасауды талап етуде. Біздің ойымызша, бұл құжат киелі дүниетанымдық философияға, Қазақстанның әмбебап идефиксіне айналуға тиіс. Онда Мемлекет басшысы атап өткендей, «мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерді» өткенге қалдыра отырып, ұлттық рухани құндылықтар нақты жазылғаны дұрыс. Өзінің мәні бойынша «Ұлы Дала Елі» ұлан-ғайыр дала жұртының заманауи манифесі болмақ. «Манифест» сөзінің өзі латын тілінен аударылғанда «шақыру» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан, «Ұлы Дала Елі» – декларация және бір мезгілде Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа арнаған үні болып табылады. Бұл уақыттың бурыл тартқан қабаттарын көктеп өтетін және жарқын болашаққа құлшыныспен құлаш жазатын қуатты рухани ағын. Бұл ағын көне арийлерден бастау алып, түркілердің құдіретті билігімен, Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет – Қазақ хандығының құрылуымен жалғасын табады. Сол арқылы Түркі қағанатының негізін қалаушы Бұмын қағанның, «екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фарабидің, Қазақ хандығының қабырғалы ханы Қасым ханның бейнелері біздің көз алдымызға келеді. Қазіргі заманғы Қазақстан Республикасы – көшпенділердің ұлы өркениетінің тікелей мұрагері. Бұл жөнінде бірнеше рет айтылды және жазылды. Алайда, аталған фактілер оқтын-оқтын қайталанып қана қоймай, сондай-ақ, біздің ұлттық санамызға «қашалып» жазылуы керек. Бұл үшін еліміздегі тарих білімінің жалпы деңгейін арттырып, төл тарихымызды бүтіндей әрі біртұтас танудағы канондық кристалдау қажет етіледі. Демократия адамға, әсіресе, құмартушы зерттеушілерге кеңістік пен еркіндікті тарту ететіні белгілі. Соған сәйкес, бүгінде біз ел тарихы бойынша, тіпті кейбіреулерінде кереғар нұсқамалар кіріп кеткен кітаптар мен оқулықтардың, оқу құралдарының орасан зор дестесін көреміз. Алайда, дайындықсыз оқырманға кейде жалпыға бірдей тарихи үдерістің даму соқпағын ажырату қиынға соғып жататыны ақиқат. Сондықтан, біздің қоғамымызға, оның ішінде орта мектептер мен жоғары оқу орындар және жалпы халық үшін жеке-жеке сатыланған еліміздің тарихының канондық оқулығы аса қажет. Әлбетте, біздің классикалық оқулық түрлі идеологиялық өктемдіктер мен оған тән белгілерден ада болу керек. Сонымен бірге, Қазақстан тарихы бойынша ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі академиялық оқу құралын міндетті түрде жазу керек. Айтылған сөз ақиқатқа айналу үшін, ең әуелі, біз және біздің қоғам керітартпалықпен кейінге ысыра берместен, әрбіріміз рухани жаңғыру бойынша жұмысты бастағанымыз абзал. Әмбебап рухани құндылықтар қоғамдық сатыға көтерілгені жөн. Бұл жайында тыңдап қана қоймай, оны жатқа білуге тиіспіз. Күні кеше ғана ұйқыдағы адамды оятып сұрасаң, ешбір калькулятордың көмегінсіз-ақ көбейту кестесін жатқа соғатыны естеріңізде болар. Бастысы – біз зердемен терең ұғынып, жүрекпен сезінгеніміз дұрыс, егер қажет болса рухани құндылықтарымызды табандылықпен қорғауымыз керек. Өйткені, оның астарында жарқын өмірдің мәні, адами жансарайдың дегдарлығы жатыр. Жоғары рухани идеалдарға рухы мықты адамдар сай болуы керек. Сондықтан да, жинақталған тәжірибе мен өткен жылдарға қарайлай бермей, біздің әрбіріміз бойымыздағы рухтың қуатын нығайтуға тиіспіз. Біз жастарды ғана жан-жақты тәрбиелеп қоймай, көпшілікті жалпыға білім беру шеңберінде оқытуымыз керек. Әрбір қазақстандық жас шамасына қарамастан әрдайым, ұдайы әрі үзіліссіз барша білімді бойына сіңіруге мүмкіндік алғаны жөн. Бұл ретте, рухани өсу сөзсіз басымдық қағидатына ие болғаны дұрыс. Рухани-адамгершіліктің «мынау үйдегілерге, ал, мынау қонақтарға» деген қосарлы стандарттары болмауы тиіс. Ең озық 30 елдің қатарына кіру туралы алдына мақсат қойған ел заманауи өркениеттің ең биік өлшемдеріне сай болғанын қалаймыз. Бүгінде Қазақстан терең жаңғырулар дәуіріне қадам басты. Бұл еліміздің жаңа тарихындағы өзгерісті кезең саналады. Сондықтан, бұл үрдіске мемлекетіміздің әрбір саналы азаматы мейлінше атсалысуы керек. Себебі, өмірдің өзі – әлеуетті мүмкіндіктердің қатарынан ұдайы таңдау жасай білу болып табылады. Біз тағдырымыз тарту еткен осынау мүмкіндікті міндетті түрде пайдалана отырып, рухани жаңғырудың негізінде мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуымыз керек.
Серік АХМЕТОВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі