Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын − бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жатжұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», − деген сөзін келтіре отырып, назарды Қазақстанның солтүстік өңіріндегі, Көкшетаудан 120 шақырым жердегі, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының аумағындағы ең бір еңселі әрі айбатты Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған мемориалдық кешеннің қазіргі жағдайына аударғым келеді. Бұл мемориалдық кесене XVII ғасырда Есiм ханның бастауымен қазақ жерін шапқыншылардан қорғаған атақты Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Құлшынбай-төбесiне 1999 жылы Елбасының тікелей қамқорлығымен және қолдауымен салынған болатын. Қазақтың қос батыры жерленген биiк төбедегі мемориалдық кешен көгілдір Көкше тауларымен, ертегідей көлдерімен және Айыртау даласының бұзылмаған сұлу келбетімен көмкеріліп, Ұлы Далаға айбат беріп, бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын айдай әлемге паш етіп, асқақтап тұр. Бұл жерде жауынгерлердiң көптеген молалары да бар. Әлі де қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кезектi қазба жұмыстары кезінде бойы екі метрдей болатын, ауыр семсерімен бірге жерленген тағы бір батырдың мүрдесi табылды. Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған бұл мемориалдық кешенді көруге жыл сайын елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен мыңдаған адам, көптеген шетелдiк қонақ келетін қасиетті бір туристік орынға айналып отыр. Сол ағылып келіп жатқан адамдарға арналып, кесененiң жанынан мейманхана да салынған болатын. Және де кесенеге мектеп оқушылары, жас отау иелерi келедi, осы жерден жастарды әскерге шығарып салу да игі бір дәстүрге айналды. Кезінде Қарасай мен Ағынтай батырлар жайлы тарихи зерттеулер жүргізіп және де «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, осы кесене салу жұмыстарының басы-қасында жүргендіктен де, осы кесененің қазіргі жағдайына бей жай қарай алмас едік. Өйткені, қазіргі уақытта осы мемориалдық кешеннің батырлар кесенесіне жөндеу жұмыстары қажет. Кесенеден су кетіп жатқанына да көп болды. Соның салдарынан оның кей жерлерінің кірпіштері үгітіліп, шашылуға да айналды. Елбасының бағдарламалық мақаласындағы қағидаға сүйене отырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кесенесі алдағы уақытта жасалар «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне де енгізілуге әбден лайықты деп санаймыз.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Сенат депутаты