• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Мамыр, 2017

«Қазақконцерт» ұйымының жаңа басшысы тағайындалды

333 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен танымал қазақстандық режиссер Асхат Маемиров «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлады министрліктің ресми сайты.

«Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы – Алматы қаласында 1960 жылдары құрылған Қазақстандағы ең ірі музыкалық ұйымдардың бірі. Өзінің бай тарихының алғашқы күндерінен-ақ «Қазақконцерт» қазақстандық мәдениеттің көш басында болды. Бұл жерде еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосқан.  «Қазақконцертте» барлық жанрлар ұсынылған: халық өнері, классика, эстрада. Шығармашылық құрамға фольклорлық-этнографиялық ансамбль, «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі, «Astana Musical» театры, эстрадалық және опералық әншілер кіреді.  Асхат Максимұлы Маемиров – театр өнерінің магистрі, доцент, философия ғылымдарының докторы (PhD) – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. «Болашақ» Президент стипендиясының иегері. 2008 жылы Францияның танымал Université Sorbonne Nouvelle Paris 3 университетінде білім алып, Драма өнерінің Париж ұлттық консерваториясында тағылымдамадан өткен. 2010 жылы Ресей театр өнері академиясында (ГИТИС) театр өнері магистрі дәрежесін аяқтап шықты.  Түрлі жылдары Асхат Максимұлы Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссеры, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті «Режиссура, хореография және КДР» кафедрасының оқытушысы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің «Актерлық өнер» бөлімінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Театрлық өнер» факультетінің деканы, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ-ның вице-президенті, сондай-ақ «Қазақ әуендері» АҚ-ның президенті ретінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Актерлік шеберлік және режиссура» кафедрасының доценті болып табылады.