«Үрейлі қазақтар» Қазіргі таңда еліміз шекарасынан тыс жерде 5 млн қандасымыз өмір сүріп жатыр. Соның ішінде 1 миллионнан астам қазақ көрші Ресей территориясында. Осылардың бір парасы – Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Усть-Кан ауданы (Кан-Оозы) Шарғы ауылының қазақтары. Шарғы елді мекенінің орысша атауы – Черный Ануй. Бұл өлкеде қазақтар қалай пайда болды? Әрине, бұл сұрақ бізді де қызықтырмай қоймады. Өткен күзде шарғылық қандастарға арнайы ат басын бұрдық. Бардық, көрдік, тағдыр-тарихына назар аудардық... Шарғы қазақтары туралы көлемді зерттеу жасаған ғалым Ресей Ғылым академиясының Филология институтының этнография секторының ғылыми қызметкері И.В.Октябрская ханым. Осы кісінің 2005 жылы Новосібірде жарық көрген «Крещеные казахи Алтая. Конфессиональный фактор в этнической истории ХІХ-ХХ веков» атты еңбегінде Ануй өзенінің бойындағы Шарғы жеріне қазақтар ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, яғни 1760-70 жылдары қоныстанғаны жайлы айтылыпты. Сол сияқты, 1990-шы жылдардың соңында Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі филология институтының аспирантурасында оқыған жас ғалым Тимур Козыревтің 1997 жылы «Шалқар» газетінде жарық көрген «Тұраты қазақтары» атты зерттеу еңбегі бар. Осындағы деректе – Шарғы өңіріне қазақтар қоныстанғанына 250 жылдан асты делінген. Жоғарыдағы құжаттар Шарғы қазақтарының қоныстану тарихы тым тереңде жатқанын көрсетсе, жергілікті қандастарымыздың айтуы бойынша, сонау ерте кезде бір жігіт көңілі жарасқан қызды айттырып қойған жерінен алып қашып, осында келіп тығылған-мыс. Бұлардың соңынан ұлықтардан жәбір көрген немесе барымта-сырымтаға байланысып елден қашқан, ХІХ ғасырдың басында патша үкіміне қарсы келіп жандаралдың кәріне ұшыраған қазақтар келіп қосылып, уақыт өте келе бір қауым елге айналған. Әкімшілік жағынан Томск губерниясы Бийск уезіне қараған. Бұл қазақтар өте бір шұрайлы қонысқа иелік еткендіктен, әрі патшалық Ресей саясатына қарсылық танытушы адамдар тобынан болғандықтан орыстың барлаушы-саяхатшыларының (Ф.М.Краев, Г.О.Оссовский, С.П.Звягин, Н.В.Томашкевич т.б.) назарында болған. Өйткені, бұл батыр қазақтар маңайындағы қалмақ-хакас тектестерді қойдай өргізіп, қозыдай жусататын болған. Тіпті кейбір жазбалардан Ануй бойында «үрейлі қазақтар» өмір сүретіні жайлы деректі көруге болады. Қазірдің өзінде шарғылықтардың бойынан байырғы батыр аталарының мінезін аңғаруға болады. Біз жолықтырған бір қария бала күніндегі хикаяларын айтып еді расында адам таңданарлық ерлікке толы екен. Шоқындыру науқаны Тарих үшін айта кеткен жөн шығар: патшалық Ресей өз отарындағы халықтарды шоқындыру ісі қолға алып, 1719 жылы Сенат бұратаналарды шоқындыру арқылы орысқа айналдыру мәселесін мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне қойды. Сөйтіп, 1731 жылы Сенаттың қасынан «Шоқындыру кеңсесі» құрылып, 1846 жылы Қазан қаласында руханият (духовный) академиясы ашылды. 1861 жылы академияның «Мұсылманшылыққа қарсы күрес» кафедрасы пайда болды. 1864 жылы 20-желтоқсан күні Сібір қазақтары әскери губернаторы тарапынан Батыс Сібір генерал-губернаторына «қазақтар арасына христиан дінін тарату жайы» дейтін құпия жоспар ұсынылды. 1865 жылы наурыз айында І Александр патша қазақтарды шоқындыру һәм орыстандыру құжатына қол қойды. Бұл құжат бойынша шоқындыру және орыстандыру ісі асықпай жүйелі жүргізілуге тиіс болды. Осы шоқындыру әрекеті ең әуелі Шарғыда шалқып жатқан қазақтарды шарпыды. Осы мақсатта шоқындырудың «Алтай миссиясы» құрылып, орталығы ретінде Бийск қаласы таңдалды. Сөйтіп, 1870 жылдардан бастап Шарғының қазақтарын шоқындыру ісі қарқынды жүргізілді. ХХ ғасыр басында халықтың көз-құлағы саналған «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №235 санында Томск губерниясы, Бийск уезі, Шарғы ауылында тұратын Иван Семенович Кусков деген қазақ (қазақша аты-жөні – Сағындық Тұяқұлы) мақаласы жарияланған. Онда: «Біз 100 үйден астам қазақ бармыз. Ата-бабамыз орысқа кіріптар болып шоқынып кетті» деп мұңын шағып барша қазаққа хат жолдапты (Мәмбет Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. Алматы, «Санат», 1995 ж. 76-б). Жоғарыдағы Алтай миссиясы негізінде 1882 жылы Семей облысында қазақтарды шоқындыратын «Қазақ миссиясы» құрылып, Ямышевка (Тұзқала) бекінісінде жұмысын жүргізген. Осы іске шарғылық ағайындарды тартқаны байқалды. Қалай десек те қазақ тарихында алғашқы шоқынған бауырларымыз осылар болғаны анық. Шарғы қазақтарының діни ахуалын ұзақ жыл зерттеген И.В.Октябрьская ханым мына бір қызық деректі келтіреді. Оның айтуынша қазақтар христиан дінінің негізі икондарға бір сыйынып алып, артынан қолын жайып өздері білетін аят-дұғаларды оқып, тәңірден қазақша медет тілейтін болған. Осыған қарағанда мұндағы қандастарымыз қос дінді қойыртпақ құлшылықты болған тәрізді (суретте). Жалпы ресейлік шоқындыру саясатының ұстанымы – жат діндегілер христианды қабылдаған жағдайда олардың аты-жөнін орысшалау болатын. Бұл үрдіс Шарғыда толық жүзеге асты деуге болады. Қазіргі таңның өзінде бұл қандастардың құжаттық аты-жөні негізінен орысша.
Шарғылық қазақтардың бірлі-жарымы болмаса, түгелдей шоқынбаған сыңайлы. Қарсылық танытқандар көп болған. Яғни, шоқынғысы келмегендер Шарғыдан түп қопарылып көшкен. Олар тым ұзап кетпей қозыкөш жерге қостарын тігіп, жаңадан тағы қазақ ауылының іргесін қалаған. Ол қазіргі Тұраты ауылы. Осында олар тірлігін түзеп үйір-үйір жылқаларын күзеп күллі Томск губерниясын қымызбен қанымдап отырған. Томск архивтерінде бұлардың қымызы жайлы жақсы мәліметтер сақталған.
1900 жылы Н.В.Томишкевич түсірген.
ХІХ аяғында түсірген. Тұратының қымызшы қазақтары
ХХ ғасырдың басы. Шарғы ауылының тұрғындары
Қазақ автономиясына артылған үміт Ресейдегі патшалық биліктің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған 1917 жылдары бұрынғы бодан халықтар еркіндікке ұмтылды. Осылардың қатарында қазақ оқығандары да ел болудың қамын күйтеп, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпы қазақ съезін шақырады. Жиынға Самарканд облысы мен Алтай губерниясы (бұл губерния 1917 жылы Томск губ. бөлініп жаңадан құрылған) атынан – 58 өкіл, әр түрлі қазақ ұйымдарынан – 8 өкіл, арнайы шақырумен – 15 адам, барлығы – 81 адам қатысқаны жайлы тарихтан жақсы білеміз. Осындағы мәртебелі жиында шарғылық өкілдер атынан сөз алған Сағадат Шағимарданов деген азамат Алтай губерниясы Бийск уезіне қарасты қазақтарды Қазақ автономиясының құрамына алу жайлы ұсыныс айтып, онысы бірауыздан мақұлданған көрінеді.
Жалпы қазақ съезі құжаты
Сөйтіп, Қазақ автономиясы құрамына – Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарханд облыстары, Амудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездерімен қатар Алтай губерниясындағы шарғылық қазақтар да кірген. Бұл деректен біз шарғылық ағайындардың ұлт мәселесінде қырағылық танытып, сонау итарқасы қияндағы Алтайдан алты мың шақырымдық жол Орынборға келіп, жиынға қатысып, өздерін бүтін қазақтың құрамынан орын алуға деген талпынысын аңғаруға болады. Бірақ Кеңес үкіметі орнауына байланысты Қазақ автономиясы жұмысын тоқтатып, бұл үміт ақталмады. Тұратылық тұрғындар Жоғарыда атап өткеніміздей Шарғыдағы шоқындырудан қашқан қазақтар Туғанбай және Елеуіс деген адамдардың бастауымен қозыкөш жер Тұраты өзенің бойына келіп қоныстанып, байырғы ата кәсібі жылқы саудасымен айналып, қымыз өндірісін жолға қойған. Кеңес үкіметі орнап, колхоздастыру жүргізілген тұста өңірдегі ең бай шаруашылық осы Тұраты болыпты. Бұлардың шат-шадыман өмірін 1937 жылғы репрессия талқандап кеткен сыңайлы. Бұрында «барымташы немесе үрейлі қазақтар» деген аты бар ағайындарымызды қынадай қырыққан. Осы жылдары тек Тұратыдан 61 адамды халық жауы деп ұстаған. Осылардан 2 ер, 1 әйел адамға ғана тірі келіп, 58-і атылған. Қалған еркек кіндіктілерді 1941 жылы Ұлы Отан соғысына айдаған. Соғысқа Тұратыдан 74 адам аттанып, осылардан 4 адам ғана еліне оралыпты. Бір қызығы алақандай Тұратыдан соғыс жылдары 3 Кеңес Одағының Батыры туып шыққан. Олар шоқындыру шарасына қарсы шығып елді бастап көшкен Туғанбай мен Елеуістің немерелері – Қадыран мен Жәнібек және ұлты алтай Иван Шуклин. Қадыран Туғанбаев ¬¬¬– 1942 жылы майданға алынған. Совет армиясының 333-ші дивизиясы, 1116-ші атқыштар полкында жауынгерлік міндетін атқарады. 1943 жылы Совет армиясы Днепрге келіп тіреледі. Немістер өзеннің арғы жағалауына өте күшті қорғаныс шебін орнатып, Кеңес әскеріне қарсы соққы беруге көп уақыт дайындалады. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір шешуші шайқастардың бірі осы. Әскерлердің арғы жағалауға аман-есен өтіп, шығуын қамтамасыз ету 333-ші дивизияға жүктеліпті. Арғы жағалауда биікте орналасқан жау пулеметі біздің әскерлерге оқ бүркіп, аттап бастырмай қинайды. Жаудың пулеметіне қарсы шапқан қазақ Қадыран граната лақтырып, тажалдың үнін өшіреді. Өзі де ауыр жараланады. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Жәнібек Ахатұлы Елеуісов ¬¬– 1925 жылы туған. 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Оның өтінішін 1943 жылы қабылдап, 6 айлық мергендер курсына жібереді. Кешікпей Воронеж майданының 6-шы гвардиялық дивизиясының 25-ші пулемет полкына командир болып барады. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең жас батыр осы кісі. Жәнібек Ахатұлы 1946 жылы майданнан аман-есен оралып, туған ауылы Тұратыда орта мектеп директор болады. 1954 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Батырдың балалары қазір әртүрлі әскери салада ойдағыдай қызмет етіп жүр.
Қос қазақ батырының аллеясы
Қандастардың қазіргі ахуалы Қазіргі таңда Шарғы елді мекені (Черный Ануй) ауылдық округтің орталығы есебінде де. Оған бағынышты Тұраты және Қарақол бөлімшелері бар. Округке қарасты 8000-ға тарта тұрған бар. Осылардың 30 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс, 30 пайызы алтайлықтар. Шарғыда Қ.Туғанбаев атында 10 жылдық орта мектеп жұмыс істеп тұр. Онда 109 оқушы білім алып жатыр. Осылардың 30-ы қазақ. Оқу бағдары түгелдей орысша. Мектеп директоры Татьяна Кусакова деген қазақ қызы. Ауыл әкімі де (глава) Күнипа Александровна дейтін қазақ әйелі. Тұратыда Жәнібек Елеуісовтің атында мектеп бар. Бұл білім ошағы бұрын 8 жылдық қазақша әрі білім беретін мектеп болған. Соғыстан кейін сонау 1950-ші жылдары Семей өңірінен арнайы мұғалімдер келіп, қазақша сабақ берген. Бұл ұстаздар отау көтеріп, осында қалып қойған. Қазір «азғана үй арғын» деген атаумен ұрпағы өсіп-өніп жатыр. Соңғы жылдары бұндағы қандастар арасында мұсылманшылыққа бет бұру сияқты жақсы үрдістер жанданып келеді. Бұрын мәйіттерді табытқа салып жерлейтін болса, қазір бұл іс тиылған. Кәдімгі мұсылманша жаназа оқылады, өлікті кебіндеп жерге тапсырады. Тұраты ауылында бірнеше жыл бұрын мешіт салыныпты. Мақаланың басында айтып өткеніміздей сонау 1917 жылы «Қазақ» газетіне мақала жіберіп, шоқындыру жайын айтып жар салған Сағындық Тұяқұлы дейтін адамның шөбересі Жолдыбай Тұяқов ақсақал мешітте имамдық етіп жүр.
Тұраты ауылындағы мешіт.
Бір қуанарлық жағдай бұндағы қандастарымыз бір-бірімен өте тату-тәтті тұрады. Мұнда ру-жүз деген ұғым жоқ. Тіпті ондай сөздерді естімеген. «Руың кім?» десеңіз түсінбеуі мүмкін «сүйегіңді айтшы?» десеңіз біліп тұр. «Керей», «бура» немесе «сарыжомарт» деп тақ еткізеді. Аман-саулық сұрасқанда «жақсысыз ба?», «жақсымысыз?» дегенді көп айтады. Бұл әрекеттері дәл Қобда (Моңғолия) және Қос-ағаш қазақтарына қатты ұқсайды. Шарғы орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Татьяна Елеуісова (Жәнібек батырдың немере қарындасы) дейтін қандасымыз мұндағы қазақтардың фольклорын және рулық тегін қағазға түсіріп, жинап жүр екен. Осы Татьянаның қолындағы деректерде айтылғандай Шарғы мен Тұратыда тұратын қазақтар арасында ең көп сүйек (бізше ру) – бура екен. Бура сүйекті адам саны – 420, керей – 310, джарынбет – 300, сарыжомарт – 270, тырыс-тамба – 240, төрт қара-керей – 200, матай – 130, архын – 60, аже – 60, даулет – 40, керей-себанда – 30, джаныбек – 25, уак – 30, тертол – 25, керей-аже – 20, керей-куттубай – 20, керей-так – 15, конек – 15, саргалдак – 10 (сүйек атаулары түпнұсқадан өзгертпей берілді).
Түйін Шарғы мен Тұраты қазақтарының әзірге қарны ашатын түрі жоқ. Әрбір үйде жүздеген жылқы бар. Өлкенің шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Бірақ, бұнымен мәселе шешілмейді. Ендігі күрделі дүние – тіл және оқу мәселесі. Соңғы жылдары Тұраты тұрғындары әкімшілік орталық Шарғыға көптеп қоныстануына байланысты Тұраты орта мектебі жабылуға шақ тұр. Қазір мұнда оншақты ғана бала оқиды. Екінші бір аңғарғанымыз – қандастарымыздың біз сияқты жолшыбай-журналистерге өкпесі бар. Келіп-кеткендер мұндағы жақсылықты айтпайды, «ойбай, шоқынған қазақтарды көрдік» деп жарты әлемге жар салады. Өткен жылдары Тұраты ауылында мешіттің ашылу рәсіміне барған керекулік тілшілер «Шоқынған қазақтар мешіт салды» деген тақырыппен ақпарат таратты. Осыған ренжулі. Өз басым екі ауылдан шоқынып жатқан қазақты көрмедім. Бұрынғы шіркеу ерте де құлатылып, оның орнында қазақтың қос батырына арнап аллея ашылған. Шарғы бойын жағалап жүрген бізге жолай кездескен Таулы Алтай қаласында тұратын Аманкелді Қобдабаев деген азамат былай деп аманат айтты: «Бұл қандастар баяғыдан бері өз бетімен өмір сүріп үйренген жандар. Сырттан көмек-қолдау күтіп, қол жаятындар қатарынан емес. Сондықтан да болар Қазақстанда болып жатқан жақсылық-жаңалықтардан бейхабар. Егер сіздер жақтан (Қазақстанды айтады) демеушілер табылып, Отау ТВ немесе Алма ТВ-нің оншақты табақшасын әкеліп, 10 үйге орнатып кетсе болғаны. Сол арқылы «Ұлттық арна», «Балапан» т.б. рухани-ағартушылық хабар таратын каналдарды бір көрсетсе жетіп жатыр. Он жылдан кейін шарғылықтар таза қазақ боп шыға келер еді». Ендеше, халқым дегенде түн ұйқысын бөліп, қазақ дегенде қабырғасы қайысатын азаматтар болса бұл соншалық қиын шаруа емес секілді. Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»