Айта кетейік, Түркістанда өткен шараны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған болатын. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Бельгия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Түркия мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері қатысып, түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру – түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтып, ортақ мәдениет пен өркениет қалыптастыру мәселесін талқылады.
Форумның ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кіріспе сөз сөйлеп, аталған форум «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін іс-шаралардың ішіндегі маңызды жиынның бірі екендігін айтып, бүгінгі форумға қатысушыларға ақпараттық кеңістіктегі мәселелерді талқылап, белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, өңір басшысы түркі елдерінің рухани байлығын молайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Ашылу салтанатында сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің беделді БАҚ басшылары сөз сөйлеп, өздерінің пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.
Дархан Қыдырәлі жүргізген форумның алғашқы отырысында қатысушылар «Ақпарат алмасу мәселесі» тақырыбы бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, Әзербайжан баспасөз одағының Басқарма мүшесі, «Şark» газетінің Бас редакторы Акиф Ашырлы Валиев, өзбекстандық «Түркістан пресс» ақпарат агенттігінің Бас редакторы Улуғбек Асроров, республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, түркиялық Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігінің Бас редакторы Фарук Токат, қырғызстандық «Кыргыз туусу» басты ресми газетінің жауапты хатшысы Назарбек Байжигитов пен түркиялық «Yeniçağ» газетінің сарапшысы Күршад Зорлу Түркі әлеміне ортақ ақпарат алмасу тақырыбында баяндамалар жасады. Екінші отырыстың қатысушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы Бодрум Саммитінде ұсынған түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құру мәселесін жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.
Форум аясында Түркі әлемін бір-біріне және әлем жұртшылығына насихаттауға сіңірген еңбегін марапаттау және ынталандыру мақсатында Халықаралық Түркі академиясы тағайындаған Исмаил Гаспыралы атындағы халықаралық Медиа сыйлықтың иегерлері марапатталды. Атап айтқанда, түркиялық «Yeniçağ» газетінің сарапшысы Күршад Зорлу, Әзербайжанның белгілі қаламгер-журналисі Аида Эйвазова, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров пен түркиялық NTV арнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе Медиа сыйлықтың алғашқы иегерлері атанды.
Ғалымжан Елшібай,
"Егемен Қазақстан"