• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 13 Мамыр, 2017

Қазақстан спорт делегациясы Ислам ынтымақтастығы ойындарына аттанды

152 рет
көрсетілді

Қазақстандық спортшылар делегациясы бүгін салтанатты бастау алатын IV Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысу мақсатында  Әзербайжан астанасы Баку қаласына аттанды, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Отандық спортшыларды Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Бейбіт Исабаев қарсы алды.

Кездесу барысында елші спортшыларымыздың додалы жарыстарда жемісті өнер көрсететіндеріне сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол ірі спорт жиынына қатысу Қазақстанның халықаралық алаңдағы беделін арттыратынын айтты.

«Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш ойындарға қатысу ниетін білдіріп, спорттық құрамды толықтай іріктеу арқылы жасақтады. Кеше алғашқы спортшыларымыз – дзюдоистер мен боксшылар келе бастады. Жуық арада өзге де спорт түрлерінің өкілдері келеді. Осы додалы ойындарға еліміз екінші рет атсалыспақшы. Спортшылар жаттықтырушылармен бірге биік нәтижелер көрсетуге дайын. Спортшыларымыздың орналасатын жерлері жақсы, инфрақұрылым жаман емес, қонақжайлы Баку қаласы бізді жақсы қарсы алды. Ислам ойындарының салтанатты ашылуына арналған шеруден кейін жарыстар да басталады», - деп хабарлады ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жақсыбаев.

Сонымен қатар, 11 мамыр күні атлетикалық қалашықта қатысушы-мемлекеттердің туын көтеру рәсімі өтті.

Бүгін отандық боксшылар жүлделер үшін жарысты бастайды. 

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылғы 12-22 мамыр аралығында Әзербайжанда IV Ислам ынтымақтастығы ойындары өтеді. Жарысқа 54 мемлекеттен 3500-ге жуық спортшы қатысады. Қазақстан атынан 5 спорт түрі: бокс, дзюдо, таеквондо WTF, еркін және әйелдер күресінде 32 спортшы бақ сынамақ.