• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2017

Ақтөбеде қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды

564 рет
көрсетілді

Ақтөбеде қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын кешен іске қосылды. Жоба құны - 1 миллион доллар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбедегі қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Бүгін қаладан шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтың 40 пайызын сұрыптып, қағаз, пластикалық заттар мен шыныларды, металды төрт бөлек жинап, қайта өңдеуге жіберуге мүмкіндік беретін кешен іске қосылды. Кешенді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Екі ауысымда еңбек ететін адамдар арнайы құрылғылардың көмегімен қоқысты сұрыптайды.

Жоба жетекшісі Алтынбек Қазантаевтың айтуынша, кешен құрылысы мен арнайы құрылғыларды сатып алуға 1 миллион доллар жұмсалған. «Бір рет пайдаланылатын пакеттер, пластикалық бөтелкелер ұзақ жылдар бойы шірімейді, зияны көп. Ал жаңа кешен арқылы қаладан шығарылған барлық пластикалық заттарды жинап, оны кәріз шұңқырларына арналған қақпақ жасайтын цехтарға шикізат ретінде өткіземіз. Кәсіпорында жылына 200 мың тонна қоқыс өңделеді. Сұрыпталған қағаз, металл, әйнек заттар да сатылады»,- деді Алтынбек Қазантаев.

Бір айта кетерлігі, Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонының аумағы 62 гектарға жетті. Мұнда күніне 500 тонна қоқыс жеткізіледі. Бұған дейін Ақтөбеде қатты тұрмыстық қалдық сұрыпталып, өңделген емес. Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту жоспарына сәйкес Ақтөбе қаласының әкімдігі, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Союз Гранд» ЖШС-і келісіп, кешен салды. Кешенге қоқыс полигоны аумағынан 1 гектарға жуық жер бөлінді.