Осындай маңызды шараны ұйымдастырушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен ұштастырып, форум қарсаңында қонақтарды Оңтүстіктегі киелі орындар Қарашаш ана, Ибраһим ата, Арыстан баб, Әзірет сұлтан кесенесін және көне Отырар қалашығын аралатты. Алыс-жақын шет елден келген қонақтар Түркі әлемінің атамекені – қазақ жерінің қасиетіне қанығып, Мемлекет басшысының мақаласындағы ұлттық код, ұлттық сана, киелі жерлер географиясы жобасынан хабардар болды. Жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ-тың басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізіп, соңғы уақытта түбі бір түркілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында көптеген іс-шаралардың өтіп жатқандығына тоқталды. Жиында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың форумға қатысушыларға арнап жолдаған құттықтау хаты да оқылды. Бұдан кейін сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев алдымен осындай шараға мұрындық болған Халықаралық Түркі академиясына алғыс білдіріп, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталды: –Түркі халықтары Ұлыстың ұлы күні Наурызды қасиетті Түркістанда атап өтті. Киелі қалада барша түркі жұртының ғалымдары мен өнер тарландарының басын қосқан халықаралық ғылыми-танымдық конференция, театр фестивалі, фотосуретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Мақсатымыз – Жер шарындағы түбі бір түркі елдерімен ақпараттық салада ынтымақтастық орнату, жедел ақпарат алмасу, ортақ рухани құндылықтарымызды насихаттау, саяси-экономикалық байланыстарды нығайту, деді облыс әкімі. Форумның алғашқы отырысында қатысушылар «Ақпарат алмасу мәселесі» тақырыбы бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, Әзербайжан баспасөз одағының басқарма мүшесі, «Şark» газетінің бас редакторы Акиф Ашырлы Валиев Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесіне өз елі үлкен қызығушылықпен қарап отырғанын айтса, қырғызстандық «Кыргыз туусу» газетінің жауапты хатшысы Назарбек Байжигитов қазақ елі латын әліпбиіне көшетін болса, Қырғызстан да осы жолға түсуі мүмкін екенін атап өтті. Осы отырыс барысында Өзбекстандық «Түркістан пресс» ақпарат агенттігінің бас редакторы Улуғбек Асроров, түркиялық Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас редакторы Фарук Токат, Yeniçağ газетінің сарапшысы Күршад Зорлу және республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп баяндама жасады. Форумның екінші отырысы түркі елдеріне ортақ телеарна құру тақырыбына арналды. «Хабар» агенттігі төрайымының орынбасары Ринат Кертаев модераторлық еткен жиында мінберге шыққандар телеарнаның тілі мен қаржыландыру көзі туралы пікірлерін білдірді. Түркиялық NTV телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепенің телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс деген ұсынысын көпшілік қызу қолдады. Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, «TRT-Avaz» телеарнасының директоры Мұрат Аккоч пен бас кеңсесі Брюссель қаласында орналасқан «EURELIZ» Медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиева, қырғызстандық «Kabar» Ұлттық ақпарат агенттігі директорының орынбасары Тынчтык Карымшаков та осы тақырып төңірегінде ұсыныстарын айтты. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы Бодрум Саммитінде түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құруды ұсынғаны белгілі. Содан бергі аралықта біздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өкілдерінің және түркі мемлекеттері делегаттарының қатысуымен көптеген отырыстар өтті. Арнайы жұмыс топтары жиналып, нақты ұсыныстар айтылды. Әрине, телеарна құру бүгінгідей экономикалық дағдарыс кезеңінде бірден жүзеге асатын дүние емес. Дей тұрғанмен, мемлекеттердің барлық телеарналарының, бұқаралық ақпарат құралдарының ауқымында байланысты дамыту, деректі фильмдермен алмасу, дайын контентті түрлі мемлекеттердің ақпарат құралдарында көрсету біртіндеп жүзеге асып жатыр, – деді отырыстағы айтылған пікірлерді қорытындылаған Ринат Кертаев. Жалпы, түркі журналистері арасындағы іскерлік байланыстар қазірдің өзінде қарқынды дамып келеді. Р.Кертаевтың айтуынша, биыл «Хабар» агенттігінің 150 қызметкері Түркияның беделді телеарнасында тәжірибеден өтеді. Осындай жобаларды «Қазақстан» ұлттық арнасы да қолға алып жатыр. Түркі әлемінің ортақ телеарнасын құру мәселесі биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында өтетін Еуразиялық медиафорумда да кеңінен талқыланбақ. Жиында сөз алған әріптестер қазақ еліне деген ықыласының ерекше екендігін байқатты. Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемінің көшбасшысы ретінде мойындалған тұлға екендігі айтылды. Түркиялық Yeniçağ газетінің сарапшысы Күршад Зорлуның айтуынша, Елбасының Түркиядағы беделі өте зор. Түрік әлеуметтік желілеріне жүргізілген зерттеу қорытындысы ондағы жазбаларда ең көп қолданылған есім Нұрсұлтан Назарбаев екенін анықтаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияның сол кездегі президенті Абдулла Гүлдің дәл осы Түркістан қаласында әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің көшбасшысы деп атап, иығына шапан жауып, қолына асатаяқ ұстатқаны да осындайда еске түсті. Форум аясында Халықаралық Түркі академиясы тағайындаған Исмаил Гаспаралы атындағы халықаралық Медиа сыйлықтың иегерлері марапатталды. Гаспыралы атындағы сыйлықтың тұңғыш иегерлері болып, түркиялық Yeniçağ газетінің сарапшысы Күршад Зорлу, Әзербайжанның белгілі қаламгер-журналисі Аида Эйвазова, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров пен түркиялық NTV арнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе танылды. Осы күні Түркістанда Түркі әлемі әдебиетінің кітап көрмесі мен ақын-жазушыларының дөңгелек үстелі өтті. Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Қазақстанның Астана, Алматы қалаларының және өңіріміздің көрнекті қаламгерлері қатысты. Кездесуде жазушылар түркітілдес елдердің, оның ішінде қазақ әдебиетін насихаттау жайы мен кешегі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында пікір алмасты. Жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңыздылығына тоқталып, алдағы ортақ мақсат-міндеттерді сөз етті. Аталған шара аясында Түркітілдес елдердің әдебиетін, мәдениетін насихаттау мақсатында Түркістандағы Тарихи-мәдени этнографиялық орталығында «Түркі әлемі: әдеби-мәдени дәстүр» атты түркітілдес елдер қаламгерлері шығармаларының кітап көрмесі ашылды. Шара соңында облыс әкімі бірқатар зиялы қауым өкіліне облыстың 85 жылдығына орай Алғыс хат табыс етіп, иықтарына шапан жапты. Одан бөлек, жазушы Еркінбек Тұрысов, Зәкір Асабаев бастаған 10 ақын-жазушыға ТҮРКСОЙ ұйымының медальдары мен Құрмет грамоталары табыс етілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»