Әлеуметтік маңызы бар істердің санатына, осы таңдағы өзекті мәселелердің бірі – алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар жатады. Осыған орай, 2015 жылдың 29 қазанында №376-V санды Қазақстан Республикасының Заңымен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа берілген «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңның 138-бабына сәйкес, жеке сот орындаушыларының құзыретіне мемлекеттің мүддесі қозғалған атқарушылық құжаттардан басқа, жеке және заңды тұлғаларға қатысты, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар істер бойынша барлық атқарушылық құжаттарды орындау жатады. Соның ішінде, алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар да бар. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар істер бойынша жеке сот орындаушылары тарапынан жеке тұлғаларға мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі көрсетіледі. Заңның 117-1-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар істер санатына жататын, сонымен қатар, алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысы қызметінің ақысы бюджеттен төленеді. Аумақтық органға ұсынылған атқарушылық әрекеттерді жасағаны және өндіріп алынған төлемдер туралы есеп жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу үшін негіз болып табылады. Жеке сот орындаушысының осы баптың 1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты қызметіне ақы төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. «Жеке сот орындаушысының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты қызметіне ақы төлеу мөлшерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы №1053 қаулысына сәйкес, жеке сот орындаушысының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты қызметіне ақы төлеу бір атқарушылық іс жүргізуге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген. Жеке сот орындаушыларымен, алимент төлемей қашып жүрген борышкерлерге, Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу, мүлкін тәркілеп қана қоймай, Қазақстан Респубикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Заңының 669-бабына сәйкес, 10 АЕК көлемінде айыппұл салудан 5 тәулікке дейін қамауға алу және де қылмыстық жауапкершілікке тарту сынды шаралар қолданылады.
Зере ҚАРЖАУОВА, Алматы қалалық әділет департаменті
жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің жауапты маманы