«2007 жылдан Бақыт Тұрсынұлы тікелей өзінің бастамасымен «Сын» әдеби-сын журналының негізін қалап, осы басылымға басшылық етіп келеді. Қаламгердің «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағы, «Ел мен Елбасы» атты кітаптары шықты. «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Жиырма бес», «Бес мүшел», «Шандоз сөздің шаһы» секілді әдеби-сын еңбектері оқырман қауым тарапынан жоғары дәрежеде бағаланды. Осы орайда бір тоқталатын жайт, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шыққан көптомдық «Сырдария кітапханасы» сериясымен қаламгердің «Көккесене» әдеби-сын кітабы жарыққа шықты. Бақыт Тұрсынұлының әдебиет әлеміндегі өлшеусіз еңбегін қасиетті Қаратау мен киелі Сыр топырағының жұртшылығы әрқашан мақтан тұтады», деген аймақ басшысы мерейтой иесіне Қызылорда облысының құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, мерейтой иесін филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек құттықтады. Өз кезегінде Б.Сарбалаев ыстық ықыласын білдірген жерлестеріне ризашылығын жеткізді.
Әдебиет сыншысы Қызылордада екі күн болады. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Талмас талант иесі» атты шығармашылық кеші өтті, ал 16 мамырда қаламгердің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің және «Болашақ» университетінің студенттерімен кездесуі жоспарланған.