Жарамсыз жылу қазандығының көк тіреген мұржасы 1962 жылы салынған екен. 2003 жылы аталған мұржа жарамсыз деп табылған. Соны құлату барысында Тұрақ Бақанов есімді азамат үйіндінің астында қалып қойып, қаза тапты. Ал Рысқұл Айтқұлов жарақат алды. – Негізгі мердігер «АБК құрылыс» компаниясы болатын. «Алтын ЛТД» серіктестігі қосымша мердігер болып кіріскен. Мұржаның айналасында «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің бірнеше ғимараты болғандықтан, онда адамдар қызмет ететіндіктен, аталған жұмысты жексенбі күні жасайық деген шешімге келдік. Өйткені, қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Барлық жұмыс жоспар бойынша іске асты. Оқиға орнында үш адам жұмыс жасады. Бірақ мұржа құлаған кезде бір адам үйінді астында қалып қойды. Екіншісі жарақат алды. Қазір осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мәселенің мән-жайы әлі де анықталады, – деді «Қызылорда жылу орталығы» мекемесінің директоры Бауыржан Мадраимов. «Оқиға орнына Қызылорда облысы ТЖД жедел тобының техникасы мен қызметкерлері, Оңтүстік аймақтық аэромобильді жедел-құтқару отряды, өрт сөндіру қызметі мен Қызылорда облысы ТЖД апатты-құтқару қызметкерлері жұмылдырылды. 60-қа жуық құтқарушы мен он техника, екі кинологиялық есеп жұмыс жүргізді», дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрманов. Ал «Алтын ЛТД» серіктестігінің бригадирі Молдағали Олжағұлов қаза болған Тұрақ Бақановтың отбасына барлық көмек көрсетілетінін, ал Р.Айтқұловтың жағдайы бірқалыпты екенін айтады. «Мұндай тосын оқиғадан ешкім сақтандырылмаған ғой. Барлығы ойламаған жерден болды», – дейді ол. Бірақ осындайы «Сақтансаң – сақтармын» деген сөз де еріксіз еске түседі екен. Жұмысшылардың техникалық қауіпсіздігі бірінші орынға қойылуы керек емес пе еді?! Ал берілетін көмек отағасын алмастыра алмайды ғой.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА