«Барлық пайдаланылған материалдар – америкалық өнімдер. Бұл – жай ғана қағаз емес, 40 тонна салмақты көтеретін өте мықты материал. Сонымен қатар, жылуды да ұстап тұруға қауқарлы. Біз оның беріктігін дәлелдей аламыз. Жалпы, түсініспеушілік орын алғаны үшін кешірім сұраймыз. Құрылысқа құм, топырақ немесе осы тектес басқа да қарапайым қоспалардан жасалған дүниелерді пайдаланған емеспіз. Бірнеше күн бұрын аталған аумаққа тиісті тестілеу шараларын жүргіздік. Сынақ нәтижесі бойынша материал төзімді болды», деді «Sembol» компаниясының менеджері Ахмет Қарахан. Жүргізуші болып істейтін бейнеролик авторы Вячеслав Павлюков қоғамда шу тудырған жарияланымы үшін кешірім сұрады. «Соңғы екі күнде бейнероликке байланысты жұрт дүрлігіп кеткендіктен, ЭКСПО қалашығына компания басшылығынан кешірім сұрауға келдім. Маған жобалаушы инженерлер ол жерде паркинг болатынын түсіндірді. Жүкті түсірген кезде нысанның аумағында материалды пайдалану мақсаты жайында толық білмейтін едім. Дегенмен, бейнежазбаны жүктедім. Атап айтқанда, бейнероликті үш апта бұрын екі досыма жібергенмін. Ал осыған қатысты кешеден бері көпшілік шулап кетті», деді ол. 35 жастағы В.Павлюков Астанада тұрады екен. Айтуынша, әзірге жұмыстан қуылмаған. «Дереккөзге назар аударсақ, материалды алып келген адамның заманауи құрылыс технологиялары жайында айтып жатқанын аңғарамыз. Ол білімді, оқыған жан шығар. Бірақ оның сөздерін растайтын ешқандай мәлімет айтылмады», деді өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»