– Асқар Байжігітұлы, соңғы жылдары шығыстың волейболшылары қарсылас шақ келтірмей жүр. «Алтайдың» жігіттері де, қыздары да екі жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Мұның сыры неде?
− Әрине, чемпион болу оңай емес. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын. «Алтай» бұл деңгейге оңайлықпен жеткен жоқ. Облыс басшылығы қолдауының, клуб жұмысының дұрыс жолға қойылғанының нәтижесінде қос қоманда биік белестерді бағындырды. Спортшыларға тиісті жағдайлардың барлығы жасалды. Тұрмыстық, қаржылық мәселелері толық шешілді. 2015 жылы түркиялық Бурхан Жанболат есімді білікті маманды арнайы шақырып, қыздар құрамасына бас бапкер ретінде екі жылға келісімшартқа отырған болатынбыз. Нәтижесін көрдіңіздер. «Алтай» волейбол командасының қыздары екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында топ жарды. Бурхан Жанболатпен арадағы келісімшарт мерзімі жақында аяқталды, енді оның орнына бапкерлік қызметті 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ярослов Антонов атқаратын болады. Биыл «Алтай» волейбол командасының қосалқы құрамына да жаңа бапкер шақырдық. Жиырма үш жасқа дейінгі қыздар арасында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген волейболшыларды құрамаға алдық. Олар да ел біріншілігін жеңіп алды. Келесі Олимпиадаға осы қыздардың барып қалуы әбден мүмкін. 25-30 мамыр аралығында Өскеменде клубтық командалар арасында ашық Азия чемпионаты өтеді. Сегіз команда қатысады. Алдымызға екінші орын алсақ деген мақсат қойып отырмыз. Егер бұл межені бағындырсақ, әлемдік лигаларға қатысуға жол ашылады.
− Енді әңгімемізді «Алтай» футбол клубына қарай ойыстырсақ. Осы «Алтайдың» басынан неге бұлт арылмай қойды?
− «Алтай» футбол клубы былтыр бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жолдама иеленгені белгілі. Бірақ еліміздің футбол федерациясы клуб екі талапқа сәйкес келмейді деп «Алтайды» премьер-лигаға қатысатын командалар тізімінен алып тастады. Жалпы, облыс атынан бірінші лигада өнер көрсету үшін клубқа жеке қаражат қарастырылған. Тек ол қаражат мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы бөлінеді. 2016 жылы мемлекеттік сатып алу байқауында «Алтай» ФК» ЖШС жеңіске жетіп, қаражат клубқа бөлінген болатын. Ал 2017 жылы байқауда қай клубтың жеңіске жетіп, чемпионатта облыс намысын қорғайтындығы белгісіз болды. Қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Реті келгенде айта кетейін, «Алтай» футбол клубы 100 пайыз жекеменшік команда. Қазір елімізде футбол керемет сұранысқа ие деп айта алмайсыз. Облыста да солай. Керісінше, біздің өңірде хоккейге қызығушылар қатары қалың. Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионатын ұтып алып, «Братина» кубогының финалында өнер көрсетті. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының хоккей тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік.
Алайда, былтыр ел чемпионатында біздің облыстың жасөспірімдер құрамасы алғашқы бестікке де іліне алмады. Айналдырған сегіз өңір арасында. Құлдырау ма? Құлдырау. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаттықтырушылар құрамын ауыстырып, облыстық қысқы спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебіне жаңа директор тағайындадық.
− Директор дегеннен шығады, БАҚ беттерінде «Можанов басқармаға келгелі директорларды бірінен соң бірін жұмыстан босатып жатыр» деген әңгімелер тарады. Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.
− Жұмыс істемейтін басшылар кімге керек? Спорт саласының жұмысын, нәтижесін тексеру аса қиын дүние емес. Командалардың турнир кестесіндегі орналасу ретіне көз салсаңыз жеткілікті. Облыстың жасөспірімдер құрамасы шаңғыдан өтетін ел чемпионатында бірінші орын алмағалы қай заман?! Жасөспірімдер арасынан мықты спортшыларды дайындамасақ, ересектерден чемпион шыға ма? Резерв дегенді де мүлде ұмытқан. Бұл – үлкен проблема. Мен жұмыстан босатқан басшылар спортты дамытумен емес, қара бастарының қамын күйттеумен шұғылданған. Спортшыларға тиісті жағдай жасамаған. Мынаны қараңыз: өскемендік шаңғышы қыз Анна Стоян қазір Қарағанды облысының, ал риддерлік Ангелина Шурыга Алматының намысын қорғап жүр.
− Оларды қайта шақыру ойда бар ма?
− Маусым аяқталсын, шақырамыз, тиісті жағдайларын жасаймыз. Туған жерлеріне келуден бас тартпайтын шығар деп ойлаймыз.
− Былтыр өңір балуандарын жаттықтыруға Моңғолиядан бапкерлер алдырдыңыздар?
− Семейдегі спорт академиясында дзюдо күресі бойынша 2016 жылдың қыркүйек айынан бері моңғол бапкері балуандарымызға білгенін үйретіп жатыр. Еркін күрестен Әзербайжан мен Дағыстаннан маман шақырдық. Біздің облыс балуандарының еркін күрес бойынша Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижелері жаман емес. Ел біріншілігінде Азамат Дәулетбеков чемпион, Данияр Қайсанов екінші орын иеленді. Расул Қалиев алғашқы белдесуінде жарақат алып, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады.
− Өңірде бокстің дамуы бәсеңдеп тұрған секілді. Әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарынан Шығыстың боксшыларын көре алмай жүрміз.
− Бокс − еліміздегі ең қарқынды дамыған спорттың бірі. Бәсекелестік өте жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды әлсіретіп алғанымызды мойындаймыз. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Боксшымыз Әділет Құрметов 60 кило салмақта ел чемпионы атанды. Манат Өмірзақов та осы біріншілікте жүлдегер болды.
− Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығатыны белгілі. Ауыл балаларын спортқа тарту, баулу жағы қалай?
− Облыста 27 аудандық спорт мектебі бар. Ондағы тәрбиеленушілер аудандық, облыстық жарыстарға қатысады. Аудандарда, ауылды жерлерде спорт жақсы дамып келеді. Мәселен, Айбек, Мұхит сынды «Қазақстан барыстарын» баптаған Абай ауданын ерекше атап өтуге болады. Қазір аудандық спорт бөліміне жаңа маман келіп, ауданда кенже қалған спорт түрлерін түрлендіріп жатыр. Бұл, әрине, бізді қуантады. Мұңайтатын тұстар да бар. Шемонайха ауданы кезінде волейболдан мықты еді. Ұлдары да, қыздары да алдарына жан салмайтын. Қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі мектептердегі дене шынықтыру пәнінің жүргізілуіне, сабақтың сапасына байланысты. Атақты спортшылар қайдан шығады, әрине, мектептен шығады. Сондықтан, біз бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тиіспіз.
− Қалаға шақырылып жатқан білікті мамандарды ауылдарға да жіберу ойда жоқ па?
− Мұндай ойларымыз бар. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Семейде спорт академиясы ашылғанын білесіздер. Осы академия жанынан спорттың әр түрінен бапкерлер мен оқытушылар құрамының біліктілігін арттыратын сараптамалық орталық ашылатын болады.
− Бүкпесіз әңгімеңізге алғыс айтамыз.
Әңгімелескен Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН