Қалт-құлт етіп әрең жүретін қариялар Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі ішіндегі «Ардагер» шахмат клубына келгенде, жанығып кетеді, тақта үстінде жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап жатқандай. 64 торлы шаршы тақта үстінде иықтарын қомдап, жанарлары жарқылдап, буырқанып айқасқа түседі. Арғы-бергі шахмат тарихында өзінің дара қолтаңбасымен ерекше із қалдырған Кубаның біртуар перзенті Хосе Рауль Капабланка бар-жоғы төрт жасында қалқиып тұрып шахматшы әкесін ұтқан. Қазақ елінің мақтанышы, төрт дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік бес жасында сайысқа түсе бастады. Бұлар – кәсіби шахматшылар. Бірақ өзге салада жүрсе де ғұмыр бойы шахматпен тыныстап, шахматшыларды қолдап келе жатқан бір жан бар. Ол – Қазақ елінің еңбек сіңірген құрылысшысы Амантай Бөлекбаев. Қазақ елінде шахматтың өркендеуіне, жас таланттардың өсуіне жағдай жасап келе жатқан ақ жүрек, жомарт жан. Жақында Алматыда айтулы шахматшылар басын қосқан дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Қалалық Шахматшылар одағының президенті Амантай Бөлекбаев жүлдесіне арналған бұл халықаралық турнир қашанда тартысқа толы. Жарысқа көрші ел гроссмейстерлері де үнемі құлшына, білек сыбана жетеді. 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жарысқа ел шахматшылары да үлкен ықыласпен қатысады. Турнир жылына екі рет өткізіледі: көктемде және күзде. Жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде – 225 мың теңге. Үздік шығатын 12 шахматшыға түгелдей қаржылай жүлде тағайындапты. Мұндай жомарт жанды көргеніңіз бар ма?! Турнир тартысы шахматтың 15 минуттік рапид түрі бойынша өтті. Үш күнге созылған рапид жарысы. Күніне үш турдан. 60 шахматшы ішінде 9 гроссмейстер! Жарыс беделін осыдан-ақ байқауға болады. Тайталасты тартыста оза шауып бәйге алған – оралдық Азамат Өтеғалиев. Тоғыз турдан 8 ұпай жинады. Өзбекстандық Антон Филипов 6,5 ұпаймен 2-орында. Алматылық Азамат Дәуренбеков тура сондай ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Әйелдер арасынан коэффициент арқылы Шолпан Жылқайдарова 1-орынға көтерілді. Қорлан Рысбаева – екінші, Ксения Балабаева үшінші орында. Үш шахматшының да ұпайлары бірдей – 4,5. Ардагерлер жүлдесі тағы бар. Бас жүлдеге Владимир Илинский ие болды – 5,5 ұпай. Сабыр Сыздықов екінші, Марат Пірімбетов үшінші орында. Екеуінде де 5 ұпайдан. Оқушылар арасындағы жүлдені Рамазан Жалмаханов жеңіп алды. 7-сынып оқушысы талайдан жұрт назарын аударған шахматшы. Рапид жарысы аяқталған соң, келесі күні 50 шахматшы 3 минуттік блицтен «Күміс самауыр» турниріне білек сыбана кірісті. Он орынға жүлде тағайындалған. Бас жүлде – 150 мың теңге және «Күміс самауыр». Турнир кестесінің ең соңындағы ойыншыға да жүлде тағайындапты – күміс шәйнек. Сарт-сұрт, сарт-сұрт. Қимылдарына көз ілеспейді. Уақыт тынысты тарылтып, бітуге 1 секунд қалғанда сарт еткізіп шахмат сағаты түймесін басып үлгереді-ау. Секең етіп 3 секундты көрсетіп тұрады. Әр жүріске 2 секунд қосылады ғой. Үш секунд гроссмейстерлер үшін тыныс алатын мүмкіндік. Үлкен шахматшылар жүздерінен қандай қиын сәтте де абыржуды аңғару қиын. Уақыт тықсырып, тыпыршытқан сәтте де салқынқандылықтарын жоғалтпайды, селт етпейді. Мұны өзіміз ойынын қадағалаған гроссмейстер Ринат Жұмабаевтың тартысында байқадық. Ринат осының алдында ғана өткен Қазақ елі біріншілігінің чемпионы. 19 жасында гроссмейстер болған Жұмабаев ел намысын абыроймен қорғап келеді. Ақыл-ойдың қазығы – ғылым! Сол ғылымыңыз – шахмат. Шахматтың әрі спорт, әрі өнер, әрі ғылым екенін орыстың аса дарынды шахматшысы, жеңіліп көрмеген әлем чемпионы Александр Алехин айтып, дәлелдеп кеткен. Осы бір жолды таңдаған талай ақылды қазақ жастары қазір толқын-толқын болып қаулап өсіп келеді. Аз ғана жылдың ішінде тау өзеніндей буырқанып талай жас әлем чемпионы болды. Өткен күзде ғана Батуми қаласында өткен әлем чемпионатында 8 жасқа дейінгілер арасынан тағы бір талант жарқ етті. Айша Зәкірова – әлем чемпионы! Сол жолғы 12 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы – біздің Бибісара Асаубаева. Ресей елінің намысын қорғады. Неге бұлай? Бағалай алмадық па? Бибісара 11 турда 10 ұпай жинады, бірде-бір рет ұтылмады. Асаубаева бес дүркін әлем чемпионы! Жат ел намысын қорғаған жас талант... Өкінішті-ақ... Мұндай талантты Ресей енді оңайлықпен уысынан шығара қоймас. 50 шахматшы 25 жұп болып тартысқа түскен 9 турдың найзағайлы сайысы да зу ете түсті. «Дебют» клубында дамылсыз сартылдаған сағат тілі де тоқтады. Бас жүлдеге тағайындалған ақшалай сыйлық пен «Күміс самауырды» Азамат Өтеғалиев азулы қарсыластары алдынан жұлып әкетті. Екінші орында Әнуар Исмағамбетов. Үшінші жүлде Рустам Хуснидинов қанжығасында кетті. Соңғы екеуі де гроссмейстер. Осы жарыста үстелге бойы жетпегендіктен аяғын астына қайырып отырып ойнаған тоғыз жасар Әдемі Қуанышбекқызының қадамы қуантты. Ойнағанына бір жарым жыл ғана болған Әдемі жетпіске иек артқан тәжірибелі спорт шеберлігіне үміткер шахматшыны да тыпыр еткізбей ұтқанына куә болдық. Бұл да ел шахматының қарқынын, болашақ Жансая Әбдімәліктердің өсіп келе жатқанын аңғартады. Айтпақшы, Жансая бұл жарысқа қатыспады. Әлемдік додаға дайындалып жүр. Қазан айының басында Италияда 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты басталады. Жансая балалар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуды 12 жасында-ақ қойған. Ол жақта Жансаяға қарсылас жоқ. Сол ортада жүріп төрт дүркін әлем чемпионы болды. 14 жасында гроссмейстер! Бөлекбаев осы Жансая сияқты талай талантты жасқа көмек қолын созып келеді. Соның ішінде Рамазан Жалмаханов та бар. Жансая да осы жарыста талай ойнаған. Талай талант осы турнирде шыңдалды, қанат қақты. Жұрт тарауға бет алды. Шахматшылар бірінен кейін бірі келіп мүгедектер арбасына таңылған Амантай Бөлекбаевқа алғыстарын жаудырып, деніне саулық тілеп, қоштасып жатыр. – Елімнің шахматы өркендесін, бүгінгі жастар қазақтың талантты халық екенін дәлелдесе екен деп ғұмыр кешіп келемін, – деді бір сәт ойға түсіп. – Шамам келгенше қолдаумен келемін. Төрт күнге созылған жарысқа мықтылар түгелге жуық қатысты, қуанып барады. Осылардың қуанғанына қарап, ерекше шаттыққа бөленем, қолтығыма қанат біткендей болады. Амантай Қуанышұлы ұлдарының дөңгелеткен шаруалары бар. Ұлдары тапқан-таянғандарын турнир тоқтап қалмаса екен деп әке алақанына салады. Балаларының адал сезімдері, әке көңіліне қаяу түсірмейік деген ақ пейілдері. Ал Әбекең болса, олардың маңдай терімен жинаған қаржыларын жарыс жүлдесіне тігумен, тарыққан таланттарды қолдауға жұмсаумен келеді. Орайы келгенде айта кетейік, «Ардагер» клубындағы ондаған үстелдерді, соларға жетерлік барлық шахмат фигураларын станоктарда жондыртып дайындатқан да осы Бөлекбаев. «Еліме, халқыма не жақсылық жасадым?!», деген ой санаңда жүрсін деуші еді әкесі Қуаныш. Әке сөзін тұмардай тағып, ғұмыр кешіп келеді қайсар жан. Неткен қайсарлық, неткен жүрек! Алпамсадай жігіт еді бір кезде... Қарулы екі жігіт мүгедектер арбасындағы Әбекеңді тік көтеріп жайлы машинаға отырғызып жатты. Тәні сау, жаны мүгедек қаншама жан жүр десеңізші арамызда...
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ, журналист
АЛМАТЫ