• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2017

Жеңісті Берлинде қарсы алған

190 рет
көрсетілді

Бүгінде Астана қаласында тұратын Анна Павлова таяу күндері тоқсан төр­тінші туған күнін тойлайды. Кіндік қаны Воро­неж­де тамған ол соғыс бас­­талған жылы он тоғыз жас­қа толып, өзі сұранып қан майданға аттанған екен.

Ол алғашқы кездері Ново-Псковск жеріндегі аэродром қыз­метінің 466-батальоны құра­мында түрлі міндеттер атқарады. Яғни, ұшақтарға жанармай құю, көлемі үлкен  жылжымалы шам мен фашистерге қарсы стратегиялық қа­­­руларды күтіп ұстау қызметін ұй­­ым­дастыру ісіне де Анна Ва­си­льевна ер азаматтарша атсалысады. 

Кейіннен, 1943 жылға қарай А.Павлова 16-шы Әуе армиясына аэродромдық қызмет көрсетуші 319-батальонға ауысады. Бұл жер­де де ол әскери тапсырмадан орал­ған ұшақтардың пулеметін шешіп алып, тазалап, ауыстырып, оның лен­тасын оқ-дәрімен толтыру ісі­мен тынымсыз айналысады. Тіп­ті, ұшақ аккумуляторларын тоқ көзімен қуаттандыру жұмыстары де осы А.Павлованың міндетіне кірген екен. Қан майдан­дағы қара жұмысты үл­кен жауапкершілікпен  атқара жү­ріп, Анна Васильевна «Морзе» әліп­биінің негізін оқып, үйренеді де көп кешікпей байланысшы міндетін атқаруға кіріседі. 

Дон, Сталинград, Беларусь май­­дандарының бел ортасында бол­ған Анна Васильевна Поль­ша­­ны азат етіп, Берлинді алу ке­зіндегі қан қасапқа да қа­ты­са­ды. Жастық ғұмырының біраз бө­лігін оқ пен оттың ортасында өт­кіз­ген. Анна Васильевна, тіпті, Рей­хстаг қа­бырғасына есімін өз қо­лымен қырнап жазған қыз­дар­дың бірі екен. Ол майдан­да көрсеткен батылдығы мен  ер­лігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орден­і­мен, «Бер­линді алғаны үшін», «Стал­ин­градты қорғағаны үшін», т.б. медальдармен  марапатталған.

Жаны жайсаң бойжеткен қандай қиын кезеңдер болса да үнемі жайдары жүретін. Оның мұндай мінезінің ұшқынын қаруластары оның өлең жазуға құштарлығымен байланыстыратын. Өйткені, сұрапыл соғыс жылдарындағы бір сәттік демалыс кезінде сарбаздар сырнай тартып, ән салып, би билейтін. Осындайда Анна Васильевна қарап қалмай, жүрек қылын шертетін нәзік иірімдерге толы өлеңдері мен қоса, отты өлеңдерін де  оқып, жауынгерлердің жігерін жанитын. Отанға деген сүйіспеншілігін осылайша өлең жолдарына сиғызған қыз, Ұлы Жеңістің жақындауына өзіндік үлесін қосқаны сөзсіз.

Бейбіт заман орнаған кейінгі жыл­дарда Анна Васильевна комму­нистік партия қатарына қа­был­­данып, елі үшін аянбай еңбек етті. Солай десек те, оның өмірі «В бой идут одни старики» деп аталатын көр­кем фильммен астасып кеткен­дей әсер қалдырады. Себебі, со­ғыс жылдарындағы ұш­қыш­тар­дың өмірі мен ерлігін баяндайтын бұл кинодағы оқиға желісі кей­іп­керіміздің көзбен көріп, бастан өткерген оқиғалары еді. 

«Менің өмір жолым осы киномен өрілгендей. Оны әр көрген сайын көзге жас алмау мүмкін емес. Сол жылдарда менің жастық жалыным мен бал-бұл жайнаған балғын күндерім қалды. Бұл кинотуынды маған сонысымен де қымбат», – дейді А.Павлова. 

Анна Васильевна тың игеру жылдарында біздің елімізге келіп, тұрақтап қалды. Пошта байланыс бөлімінде зейнеткерлік жасқа дейін жұмыс істеген ол бүгінде сөзі нық, қимылы ширақ қарт майдангерлер қатарында.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»

АСТАНА