Осы орайда, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Әскерге бару – азаматтық парызым!» атты облыстық патриоттық акциясы өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл және Ұлы Жеңістің 72 жыл толуына арналды. Акцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Жамбыл облыстық генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Әбдіғаппар Қазиев арнайы қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды. Сондай-ақ, шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әншілері Ерлан Әшімов, Жанат Кодиров «Қазағым жаса!», «Туған елім» патриоттық әндерін орындаса, ата-аналар атынан Гүлжәмилә Отарқызы сөз алып, жас сарбаздарға жылы лебізін білдірді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 85395 әскери бөлімінің барлау ротасының қоян қолтық ұрысының қойылымы да көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жастардың жауынгерлік рухын оятатын айтулы жиында ұйымдастырушылар тарапынан әскер қатарына шақырылған жастарға қажетті заттар табысталды. Сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеуге «Көне Тараз» орталығынан 30 сарбаз салта- натты түрде әскер қатарына аттанды.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы