«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өтеді. Біріншісі қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Екіншісі ҰБТ - жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. Кезең-кезеңімен өтетін осы маңызды шараны асқан жауапкершілікпен өткізуді жауапты сала басшыларына жүктеймін», деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашованың айтуынша, облыстағы білім саласы ҰБТ-ға толықтай дайын. Облысымыздағы 1429 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 852 бітіруші үздік аттестатқа, 9-сыныпты бітірушілердің 3568-і үздік куәлікке үмітті.
«Биыл ҰБТ Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жерде өткізіледі. Олардың төртеуі жоғары оқу орындарының, үшеуі аудан орталықтарындағы колледждер, тоғызы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан. Әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде 11-ден 14-ке дейін аудиториялар даярланып, тестілеу пункттері 237 ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыштармен жабдықталып отыр», деді Раушан Ергашова.
Биыл министрліктің тапсырмасына сәйкес 91 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі тұншықтырғыштарды алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тестілеу пункттерінде 26 рамалы металіздегіштер, 226 салқындатқыштар, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 42 бейнетіркегіштер орналастырылған.
Биыл облыста 33112 оқушы мектеп бітіреді. Түлектердің 23760-ы, яғни 71,8 пайызы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға тілек білдірген. Сондай-ақ, биыл ҰБТ тапсыратын 23760 бітірушінің 13585-і тасымалдауды, 12443-і тамақтануды, 1825 оқушы жатын орынды қажет етеді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен бітірушілерді тестілеу орталығына тасымалдауға - 15677,5 мың теңге, жатын орынға– 409,0 мың теңге, тамақтануға – 13128,8 мың теңге бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.