Соғыс қимылдарын көз алдыңа елестететін әскери мақсаттағы мұндай стратегия жайдан-жай әзірленбейді. Оның түп негізінде көпшілікке белгісіз мүдделер қақтығысы мен мүдделер бәсекелестігі жатады. Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсердің сөзіне қарағанда, Д.Трамп генералдардан исламшылармен күресудің іс-жоспарын ұсынуды сұраған. «Ол өз командасы мүшелерінен алға қойған мақсатқа жету үшін қазіргі қауіп-қатерді тәртіпке келтірудің стратегиясын жасау қажеттігін талап етті», − дейді Ш. Спайсер осы мәселе жөнінде.
АҚШ президенті Д.Трамп өткен жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде Ауғанстан проблемаларына байланысты басқаша пікір білдірген еді. Ол АҚШ әскерлерінің Ауғанстаннан кететін уақыты жеткенін, АҚШ Ауғанстанға жыл сайын ондаған миллиард доллар қаржы шығындап жатқанын айтқан болатын. «Мені Ауғанстаннан бұрын өз елім қызықтырады, − деген еді сонда ол. – Бұл елде біз мектептер мен жолдар саламыз. Оларды жарып жібереді, қайта саламыз, тағы жарып тастайды. Бәрінен бұрын сол соғыстан өз үйлеріне оралған жастарға қиын. Өйткені, олар өмірден өз орнын таба алмай, әуреге түседі. Қанеки, біздер Ауғанстанды емес, АҚШ-ты қалпына келтірейік».
Дональд Трамп президенттікке кандидат болмай тұрған 2013 жылы ауған проблемасын шешудің жолын ұсынған еді. Сондықтан да Кабул билігі оның президент болып сайлануын және оның шешімін асыға күтті. Бірақ, АҚШ-тың жаңа басшысының ұйғарымы жоғарыдағыдай болды. Егер Ауғанстанға қатысты стратегияны Ақ үй басшылығы мақұлдаса, онсыз да ондаған жылдар бойы оқ пен оттың арасында өмір сүріп келе жатқан бейбіт тұрғындарға қиын соғатыны анық. Өйткені, арнайы жіберілген америкалық әскерилер де, «Ислам мемлекеті» мен «Талибанның» содырлары да ауған жерінде қарап жатпайтыны белгілі.
Бұл жерде мәселе АҚШ-тың Ауғанстанға қанша әскер жөнелтетінінде және олардың қандай операцияларға қатысатынында болып отыр. Кейбір ақпараттар бойынша, Ауғанстанға жіберілетін әскерилердің саны 5 мың адамды құрайды. Қазіргі кезде бұл елде АҚШ-тың 8,5 мың, НАТО-ның 4,5 мың әскериі бар. Олар бірлесіп, ауғанстандықтардың ғана емес, бірқатар елдердің де «бас ауруына» айналған «Ислам мемлекеті» мен «Талибан» қозғалысының күштеріне қарсы аяусыз күрес жүргізбек.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде Ауғанстан армиясы ұрыс қимылдарында біраз қиындықтарды басынан кешіруде. Мысалы, өткен жылы олар жараланғандарды қоспағанда, 6,8 мыңдай адамынан айырылған. Көктем келіп, ауа райы жылына салысымен үкімет әскерлері мен талибтер арасында қарулы соғыс қыза түсетіні бар. Оның қыза түсуі есірткі саудасына тікелей байланысты. Бұл үрдіс жылда қайталанады. Жақында, яғни 7 мамырда Құндыз провинциясындағы Калай-зал уезіне бақылау орнату толықтай талибтерге көшті. Құндыз провинциясы губернаторының баспасөз хатшысы М.Акбаридің мәлімдеуінше, олар бірнеше бағыт бойынша шабуыл жасаған. Сарбаздар мен полицейлер барынша қарсылық көрсетсе де, көмек – күшті күтпестен шегінуге мәжбүр болған.
Жалпы, «Ислам мемлекеті» дегенді түбірінен құртпай, біраз елге тыныштық орнамайтыны анық. Бұл мәселе Пентагон басшысы Д.Мэттистің Дания астанасы – Копенгагенде «Ислам мемлекетіне» қарсы соғысып жатқан 14 елдің әскери басшыларымен кездесуінде де сөз болды. Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Д.Мэттис Ауғанстанда өздерінің «айтарлықтай тегеурінді қарсыласпен бетпе-бет келіп отырғанын» жасырмай, ашық мәлімдеді. Соған қарағанда, Ауғанстанға қосымша әскер жіберілетін күн алыс емес сияқты.