Бұл дəстүрлі фестивальге арнайы шақырту алғандардың бірі – Қазақстан мен Орта Азиядан жалғыз Маңғыстаудағы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық театр ұжымы болса, екіншісі – литвалық театр.
Сахналық өнер ұжымдарының шығармашылық байқауы жəне шеберлік сырлары мен тəжірибе алмасуы, аталған елдер арасындағы мəдени ынтымақтастықты нығайту мақсатындығы фестиваль бағдарламасына жерлестеріміз У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г.Мерғалиева. Басты рольдерді театрдың Р.Ақтаев, С.Сейтқожаева, К.Башаров, М.Өміралиев, С.Сəрсен, Ғ.Тілеген, Е.Бекен, т.б. талантты актерлер сомдаған қойылымның екі көрсетілімі де аншлагпен өтті.
Жергілікті көрермендер мен əріптестері маңғыстаулықтар өнеріне үлкен қошамет көрсетті. Театрдың бас режиссері Г.Мерғалиеваның айтуынша, маңғыстаулық әртістер сахналаған қойылым фестивальдің үздік қойылымдарының бірі деп бағаланды. Сондай-ақ, қазақстандық театр əртістерінің жоғары кəсіби шеберлігі мен сахна мəдениеті туралы түрік баспасөзінде көптеген жылы лебіздер жарияланып, фестивальдің мəдени бағдарламасы аясында көрсеткен ұлттық киімдер жиынтықтары əріптестерін ғана емес тұрғындар мен туристерді де қатты қызықтырып, əлеуметтік желіде белсенді насихатталған.
Əлемдік классикалық туындыны сахналаудағы шеберліктері жəне бағдарламалық мəдени-көпшілік шараларға белсене қатысқаны үшін Н.Жантөрин театры фестивальді ұйымдастырушылар мен ТҮРКСОЙ-дың арнайы жүлделерімен марапатталды.
«Осы өнер сапары арқылы біз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алдымызға қойылған ұлттық мəдениет пен өнердің жетістіктерін əлемдік деңгейде насихаттап, өзге елдермен мəдени байланыстарды нығайтуға үлес қосу жөніндегі міндеттерге атсалыса бастадық. Өзіміздің өремізді көрсетіп, өзгелердегі де кəсіби өсуге қажет тəжірибе, машықтарды үйрендік. Бұл бізге жазда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде елордалықтар мен əлемнің əр түкпірінен келетін қонақтар алдында да ойдағыдай өнер көрсетуімізге жақсы сабақ болды. Ал ЭКСПО-2017 көрермендеріне Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша сахналанған осы аттас драма мен Сұлтанбек Құдайбергеннің «Перзентхана» қойылымын ұсынамыз», дейді шығармашылық топты бастап барған театр директоры Нұрнияз Мұханов.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»