Таяуда Самат мырзамен арадағы әңгіме жасөспірімдер мен жастар арасында жарқырай көрінген кейбір дарынды спортшылардың ересектер спортына жетпей «жоғалып» кететіні жайлы өрбіді. «Бұл, – дейді Самат Ерғалиев, – спортымыздағы шетін мәселенің бірі. Бізде жастар мен ересектер спортының арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын тетік болмайынша, іс алға жылжымайды. Неге десеңіз, сабақтас дәнекерліктің жоқтығынан жыл сайын ел спортының болашағына баланған небір дарынды спортшыларымыздан айырылып қалып жүрміз. Мәселен, жасөспірім немесе жастар арасында жарқыраған өреннің бәрі құрама командаға мүше болып қабылдана бермейді. Екі үздіктің біреуіне ғана мұндай бақтың бұйыруы мүмкін. Сонда, таланты алдыңғысынан бір мысқал да кем емес екіншісі қайтпек? Рас, қазіргі таңда әр спорт түрі бойынша федерацияларда екі ортада қалып қойған дарынды жастарға арналған тәжірибелік орталықтар ашыла бастады. Міне, таланттың ашылуына зор мүмкіндіктер беретін осы орталықтар мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлыққа алынса, нұр үстіне нұр болар еді». Иә, мемлекет бұл мәселеге мойын бұрмайынша, жас ерекшеліктері бойынша дүниежүзілік додаларда жүлдегер атанып жүрген өрендеріміз өгей баланың күйін кешері анық. Мысалы, жарыстарда үнемі екінші, үшінші болып жүрген жас дарынның бағы өсе келе жануы әбден мүмкін ғой. Жоғарыда Самат мырза айтқан тәжірибелік орталықтарда тұрып, шеберлік ұштаған оғландар, біле-білсек спортымыздың сарқылмас қоры ғана емес, бәсекелестіктің қайнар көзі де емес пе? Осындайда еске түседі. Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат 1998 жылға дейін «Олимпиялық резервтер училищесі» деп аталып келді. Яғни, болашақ чемпиондардың құтханасы сол кезде спортта ерекше көзге түскен тәрбиеленушілерін орта мектеп аттестатын алған соң ұядан бірден ұшырып жібермей, екі жылдық училищеге алып қалатын. Солардың көбі кейіннен ересектер арасында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қайсыбірі қолына училищенің дипломын алып, бапкерлік қызметтен бақытын тапты. Міне, бүгінгі күнде мамандар осы тәжірибенің өміршеңдігін жиі айтып жүр. Расында да, бес жыл интернатта жатып, бес мезгіл тегін тамақ ішкені өз алдына, таңдаған спортының қыр-сырын меңгерген талай дарынды баланың интернаттан түлеп ұшқаннан кейін ұшты-күйлі «жоғалғанын» естігенде желге ұшқан есіл ақша-ай, далаға кеткен есіл еңбек-ай деп қынжыласың... Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 17-18 жасында «КСРО спорт шебері» атағын алып, спортты тастап кеткен талай дарындыны көрдік. Әлбетте, солардың көбі әлемдік, олимпиялық додаларда елдің атын шығарар сирек талант иелері-тұғын. Рас, ол кезде заман басқа болды. Ал қазір ше? Ел есін жиып, еңсе тіктеген бүгінгі күнде балағында биті бар балалардан көз жазып қалу – мамандар мен бапкерлер өз алдына, жалпы спортымыз үшін орны толмас өкініш емес пе? «Талантқа демеу керек, дарынсыз өзі-ақ жарып шығады» деген кім айтса да тауып айтқан нақыл бар. Жалғанда осы сөзде қате жоқтығына талай көз жеткізіп жүрміз. Иә, таланттың мінезі қанша тарпаң болғанымен, қу тірліктің қитұрқысы алдында ол шіркіннің абдырап қалатыны бар. Өйткені, оларға Жаратқан ием дарынды үйіп-төгіп берген де, қарақан бастың қамын ғана күйттейтін жағымсыз мінез-құлыққа орын қалдырмаған ғой. Иә, ел спортының ертеңі жарқын болу үшін жастар спортынан ересектерге өткен ерлерімізге жан-жақты көмек мәселесі мемлекеттік деңгейде кешенді шешімін тапса дейсің. Дарынға қанша баймыз десек те, хас таланттың сұңқар құстың баласындай сыңар һәм сирек туатынын естен шығармағанымыз абзал.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»