• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 18 Мамыр, 2017

Алматы облысында жартылай фабрикатты тамақ зауыты салынады

176 рет
көрсетілді

2017 жылғы 16 мамырда Астанада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті және Mareven Food Holdings Limited (Кипр) ірі трансұлттық компаниясының қазақстандық жобасы болып табылатын инвестор «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС арасында инвестициялық келісімшартқа қол қойылды.

Инвестициялық келісімшартқа дейін биыл сәуірде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Mareven Food Holdings Limited арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Оның мақсаты басым инвестициялық жобаларды қолдау және Қазақстан тарапынан оны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады, деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайты.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық келісімшарт жасаған кезде инвестордың есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100%-ға азайту, жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану және мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу сияқты жеңілдіктер алуға құқығы бар. Сондай-ақ, кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.

Mareven Food Holdings Limited азық-түлік өнімдерін өндіру және жартылай фабрикаттарды кеңінен тұтыну инфрақұрылымдық жобаларына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ тікелей инвестициялар бойынша қазіргі заманғы жүйелерді өңірлерде дистрибуция құруға және дамытуға маманданған. Холдинг акционерлерінде 70-тен астам елде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша табысты тәжірибелері бар.

2015 жылы «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаны іске қосты. Бұл жоба – Алматы облысының аумағында тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндіретін зауыт құрылысын қамтиды. Жобалық қуатына шыққанға дейінгі Қазақстандағы жалпы инвестициялық көлемі бірнеше ондаған миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, компания жергілікті өндірушілер шығарған жоғары сапалы азық-түлік өнімдері мен жартылай фабрикаттарды қол жетімді бағамен ұсынып, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге және Еуразиялық аймақтағы көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Шикізаттың негізгі үлесі қазақстандық жеткізушілерден сатып алынатын болады. Жоба 600-ге жуық жергілікті халықты жаңа жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік береді. Инвестициялық келісімшарт жасау процессін заңдық тұрғыда EY Қазақстан халықаралық консалтингтік компаниясы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы арқылы  «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-не жобаны іске асыру барысында туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта қызметтің басым түрлері тізімін кеңейту бойынша ҚР заңнамасына өзгерістерді енгізу, сондай-ақ салық кодексінен компанияның инвестициялық қызметіне кедергі жасайтын кейбір нормалар және шектеулерді жою бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Kazakh Invest» компаниясы «Инвесторға кедергі жасамай көмектесу» ұстанымына сүйене отырып, әрбір инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік инвесторларға толық қолдау көрсететін болады. Инвесторлар әрқашан компанияның +7 (727) 620620 телефонына немесе invest@invest.gov.kz электронды поштасына хабарласып, Қазақстанның инвестициялық және бизнес жүргізу аспектілері бойынша кәсіби кеңес ала алады.