• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Медицина 19 Мамыр, 2017

Жұмысшы мәртебеcі

266 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан шыққан, тұрақты жолаушылары жай­ғас­қан жайлы да жаңа автобус Бетпақдаланы бетке алды. Жерінің көп­шілік бөлігі тасты-құмды, шөлді жазық болып келетін Созақ ау­данындағы өндіріс орнының қызметкерлері он бес күндік де­малыстан қайтып барады. Ендігі он бес күнді кен орнында өт­кі­зетін жұмысшылардың бірі отбасындағы жаңалықтарымен бө­лісіп жатса, енді бірі кешегі күндердің елесін іздегендей тере­зеге телміруде. Ортаңғы тұстағы орындықтың арқа сүйенішін өзі­не ыңғайлы ете жайғасқан Ғабит Нұрманов ұялы телефонын қолына алды. Қаладан алыстамай тұрып, ғаламтордан жа­ңалықтарға қанықпақ. Бүгінде жаңалық атаулының жетуі жылдам. Бірінші болып жеткізуге тырысатын ақпараттық сайттар көп. Міне, мына бір жаңалық өзіне тым таныс та жақын көрінді.

Әлемдік ядролық энергетика қажетінің 39 пайызын қамтамасыз етіп отырған елімізде өткен жылы 24 700 тонна уран өндірілген, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 76 пай­ызға көп. Қазіргі кезде Қазақ­стан­да 12 кәсіпорын уран өнді­рі­сі­мен шұғылданады, олардың 11-і Франция, Канада, Жапония, ҚХР, Ре­сеймен серіктестікте құ­рыл­­ған бір­лескен кәсіпорындар. Өн­дірілген уранның барлығы Қытай, Еуропа, Үндістан, АҚШ және Канадаға экс­порт­талады. Қазақстандағы уран қо­­рының 87 пайыздан астамы жерас­ты ұңғымалы шаймалау әдісімен иге­руге жарамды. Бұл технология­ны МАГАТЭ кен орнын игерудің эко­логиялық ең таза әрі тиімді әді­сі деп таныған. Ресми деректерге қарағанда, 2015-2016 жылдары 12 уран өндіруші кәсіпорынның кеңселері Алматыдан уран өнді­рі­ле­тін өңірлерге – Қызылорда және Оң­түстік Қазақстан облыстарына қоныс аударған, нәтижесінде ай­мақ бюджетіне түсетін салық тө­лем­дерінің көлемі 10 млрд теңгеге жет­кен. Кәсіпорындар жұмыс бастағалы бер­гі уақыт ішінде 38 млрд теңгелік әлеу­меттік жобалар құрылысын қар­жыландырған. Осыншама әлеу­мет­тік жобалардың игілігін көріп отыр­ғандардың арасында өзі туып-өс­кен Созақ ауданындағы Шу ауы­лы да бар. Иә, уран өндіруші ком­па­ния мұның ауылын таза ауыз су­мен қамтамасыз етіп, жылдар бой­ғы күрделі мәселені шешіп бер­ді емес пе? Ал аудан көлемінде уран өн­ді­ру­ші компания көмегімен ше­ші­мін тап­қан әлеуметтік мәселе де аз емес. Ау­ылы есіне түскен Ғ.Нұрманов өткен жыл­дарға ой жүгіртіп, терезеден сыр­тқа көз салды.  Өнегелі ата-ананың тәлім-тәр­би­е­сін алып өскен мұның жадында «ұлым, адал бол, еңбек етсең жа­ман болмайсың» деген әке сөзі сақ­талып қалыпты. Қаршадайынан ең­бектеніп, қиындықтан қаймықпай өс­кен бозбала әке жолын қуып, зоотех­ник болғысы келді. Шудың бой­­ында орналасқан ауылдың тұр­мыс-тіршілігіне жарап тұрғаны да төрт түлік еді. Мал шаруашылығы са­ласының маманына сұраныс болу­ы заңдылық. Теріскей Алатауы мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Шу өзенінің маңызын ең әуелі жер­гілікті тұрғындар жақсы біледі. Өзен бойлай қоныс тепкен Шу, Тасты, Жуантөбе, Созақ, Қаратау, Қарағұр сынды алты ауылдың кәсібі – мал шаруашылығы. Мал азығын дай­ындайтын сояулы шөптің басым бөлігі өзен суы жайылған же­р­­­лерден дайындалады. Иә, сол бір жылдары шаруасы өрлеп тұр­ған Шу кеңшарының жас өркені Са­ры­ағаштағы зооветтехникумға түс­кен. Алайда, мал дәрігері болу бұған бұйырмапты. Одақ тарап, шаруашылықтың берекесі кетті. Күнкөріске жарар деген малдың құнын «бартер» деген бәлекет тым құнсыздандырып жіберді. Жастар жұмыс іздеп қалаға қарай ағылды. Кеңшардың дүниесі бөліске түсіп, әркім өз күнін өзі көруге кірісті. Зоо­тех­ник ешкімге керек болмай қалды. Тіпті, ауылдағы үйін бұзып әкет­кендер болды. Шу кеңшары жол торабы емес, ең шалғайдағы ауыл. Бұл да қалаға келіп табылған жұмысты істеп жүргенінде шақыру келіп, әскери міндетін атқаруға аттанды. Азаматтық борышын өтеп келе салысымен отау құрды. От­басы тіршілігін түзеу бірінші ке­зек­­ке қойылып, оқудың кейінге қал­ғаны да сол шақ. Иә, «ерінбей ең­бек етсең жаман болмайсың» деп үнемі айтып отыратын, өмірден ерте өткен әкесі Жабықбай айтқандай, бар қиындықтан еңбекқорлығы алып шықты. Қара жұмыстан қашпады. Ұл-қыздарын қатарынан кем қылмады. Уақыт өте елдің экономикалық жағдайы да жақсара бас­тады. Сол бір кезең туралы Ел­басы Н.Назарбаев биылғы Жол­дау­ында: «Қазақстанның Бірінші жаң­ғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шы­ғып, өз жолымызды қалай бас­та­ған­ымыз жадымызда тұр. Сол кез­де біздің буын іргетасынан бас­тап қолға алып, әлем картасында бол­маған жаңа мемлекет құрды. Жос­парлы экономикадан нарықтық эко­номикаға көшу жүзеге асырыл­ды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кез­де елімізді күйреуге, азамат со­ғы­сы­на, экономикалық күй­зе­ліс­ке ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды», деген болатын. Ғабиттің ойын қасындағы жі­гіт­­тің әңгімесі бөліп жіберді. Ұялы те­л­ефонмен сөйлесіп жатқан сапарласы әлдекімге тапсырма беруде. Әң­гімесіне қарағанда облыс ор­та­лы­ғынан жер алып, жеке үй салып жат­қанға ұқсайды. Соның шаруасын пысықтап, күйген кірпішті қайдан және қанша алу керектігін ай­туда. Иә, қазір өзімен бірге Оң­түстік Қазақстан облысындағы «Ор­талық Мыңқұдық» кен орнында жерасты ұңғылап шаймалау әдісі арқылы уранды өндіруді жүзеге асыратын «Орталық» өндіруші кә­сіпорын» ЖШС-інде жұмыс іс­тей­тін жастардың көбі жеке үй тұр­ғызып, тұрмысын жақсарта тү­суде. Енді біреулері жеке көлікті бо­лып, ата-аналарына көмектесуде. Өйтпегенде ше, тұрақты жұмысы, қомақты табысы бар. Мемлекеттік мерекелерде қосымша сыйақы төленеді. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Әр жұмысшының ден­саулығы да басшылардың ба­қы­лауында. Қажет болса емделеді, демалады. Жиі өткізілетін мәдени, спорттық шаралардан қалмайды. Жасыратыны жоқ, жастарымыздың дені жұмысшы мамандықтарынан қаш­қақтап, заңгер, қаржыгер си­яқ­ты кәсіпті немесе күзет, таксиші си­яқты жеңіл-желпі жұмысты қа­лайтын болған. Ұл-қыздың бәрі жо­ғары оқу орнына талпынады, гран­тқа түсе алмаса, қыруар ақша шы­ғындап, ақылы бөлімде оқиды. Қо­лына диплом алып, жұмыс та­ба алмай көше кезіп жүргендер қан­шама? Ал бұлар жұмысшы ма­ман­дығын қош көрді. «Еңбек ет­пеген адам ішім-жемге жарымай­ды, еңбектенген адам ішіп-жем­нен тарылмайды», дейді халық дана­лығы. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық даналығын одан әрі тереңдетіп, саналы адамдарға сәуле түсірердей етіп тұжырым жасап берді. «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана же­міс өн­бек, тек еңбек қана бар қиын­дық­ты жеңбек», деп жұртты, оның ішінде жастарды ел игілігі жо­лында табанды еңбек етуге ш­а­қыр­д­ы. Еңбектің мән-маңызын тү­сінген, өзімен бірге жұмыс іс­т­еп жүрген жастардың көпшілігі бү­гінде өндірісте оқып, техникалық ма­ман­дық алуда. Дипломды жас­тар да осы арада өсеміз деген үмітте. Қазіргі таңда 2011 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындарының құрамына кіретін, 500-ден астам қызметкері бар серіктестік жоғары білікті ма­мандардан құралған штатқа ие. Жұмысшылардың басым көп­шілігі сол Созақ ауданының тұр­ғын­дары. Табыс та маңдай термен ке­леді. Бұлардың жұмысының өз ерек­ше­лігі, қиындығы бар. Қы­сы су­ық, жа­зы ыстық, қуаң, аңызақ­ты ау­мақта ор­наласқан кен орнын­да жұ­мыс істеу оңай емес. Тө­зім­ді­лік­ті талап етеді.  Иә, осы өңірде туып-өскен Ғ.Нұрманов уран өндірісінен сырттай ха­бар­дар болатын. Кен алатын по­ли­гон­дағы алғашқы жұмыс күндері де есінде. Жерасты ұңғылап шаймалау әдісі арқылы уранды өндіруді жү­зеге асыратын серіктестікке ге­о­­т­ехнологиялық ұңғымалар опе­­ра­торы болып іске кіріскен мұ­­ның міндетін алғаш түсіндіріп, үй­­рет­кен Мұхит Сей­да­лиев болатын. Бүгінде ол қыз­метте са­тылап жоғарылап, учаске бастығы бол­­ды. Барлық жағдайды жасап, үне­­мі қамқорлық танытып жүретін кен орнының бастығы Исахан Есен­­баевқа да жұмысшылардың ай­тар алғысы көп. Ғ.Нұр­ма­нов­тың өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап, өндіріс орнының өр­кен­деуіне өз үлесін қосып жүр­г­ені­не де сегіз жылдан асыпты. Бір ау­ы­сымда жұмысқа кірісетін өзі се­кілді 15 оператор 200-300 ме­тр ара­лықта орналасқан «УП и РР» блок­тарының қалыпты жұ­мы­сын қам­тамасыз етеді. Ашық ас­пан ас­тында, тынымсыз соғатын жел­ді елемей, ауа-райының ыстық-су­ы­ғына төзіп жұмыс істейді. Ау­ысымнан соң демалатын жайлы орын бар, заман талабына сай жаб­­дық­талған. Спортзал, футбол, во­­лей­бол алаңдары және бар. Кен ор­­­нына арнайы автобус апарады. Жал­­пы, еңбек адамына қажетті бар­­­­лық жағдай жасалған. Барлық қыз­­­­­меткерлер белгілі бір мерзімде ме­­­дициналық тексеруден өтеді. Осы жұ­мысының арқасында Ғ.Нұрманов тұр­мысын анағұрлым жақсартып ал­ды. Облыс орталығынан жеке үй салды. Жары Хадиша екеуі ұл-қыз­да­рын оқытты, немере сүйіп отыр. Енді Ғабит еңбектен қол үзбей, сырт­тай білім алуды жоспарлап жүр. Әрине, техникалық мамандық бой­ынша... Облыс орталығынан шығып, Бетпақдаланы бетке ала жүйткіп бара жатқан көліктегі кейіпкеріміз Ғабит Нұрманов та – жұмысшы еке­нін мақтан тұтатын еңбек адамы­ның бірі. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»