Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың, қызметтік әдептің сақталуын және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауды жүзеге асыру агенттікке жүктелген міндеттердің бірі болып табылады. Жыл басынан бері 52 тексеру жүргізіліп, мемлекеттік қызмет және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманың 2 467 рет бұзылғандығы анықталды. Бұл бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдануда. Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша 103 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, 191 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік шара қарастырылды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 4 айында 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әкімшілік істердің саны 7 есе өскен. Мемлекеттік қызметке конкурс- тық іріктеу рәсімін, қаржылық бақылау шараларын, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мерзімін бұзған, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен құқыққа сәйкес босатпаған бірқатар тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен айналып өте алған жоқ. Үстіміздегі жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша агенттіктің әкімшілік өндірістері бойынша бюджетке 2 млн 445 мың теңге түсті. Осылайша, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде қабылданған шаралар мемлекеттік қызметте жоғарыда көрсетілгендей бағыттағы бұзушылықтар санын қысқартуға ықпал етуде.
«Егемен-ақпарат»