Байқауға «Ұлытау» тобының солисі Ержан Әлімбетов бастаған домбырашы Нұркен Әшіров, шертпе күйші Қайрат Айтбаев, шежіреші Рамазан Нұрғалиев, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің халық аспаптар бөлімінің ұстазы Ернат Мотышевтар қазылық етті. Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сөз сөйлеп, қазақтың отбасында домбыра ұстап ән салмайтын, күй күмбірлетпейтін бала жоқ екенін алға тартып, үміттерін үкілеген өнерлі өрендерге сәттілік тіледі. Байқаудың бір ерекшелігі, екі кезеңнен тұрған Құрманғазының «Машина», «Балқаймақ», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Динаның «Сегізінші март», Р.Омаровтың «Жастық шақ», М.Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйлері жиі орындалды. Байқау үш жас ерекшелігі бойынша бағаланды. Әр өнерпаз өз әлінше шеберлігін танытты. Өнерлі ұрпақтары барда еліміз рухани даму жолына түсе алатынын байқадық. Ата-баба жолын жалғап, ұлттық өнерін құдірет көрген балауса буын ұл-қыздарымызға бүкіл көрермен риза болды. Байқау қорытындысында Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов табыстаған бас жүлде Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жәнібек Кәрменов атындағы музыка мектебінің оқушысы Есбол Хапанға бұйырды. Халық әртісі Мағауия Хамзин атындағы арнайы жүлдені орта топта өнер көрсеткен павлодарлық Әйгерім Оразбай иеленсе, «Төкпе күйде өз шеберлігін көрсеткені үшін арнайы жүлде» семейлік Нұржан Нұрланға табыс етілді. Сөйтіп, Баянауыл халқы балғын таланттар шерткен тамаша күйлерді тыңдап, таңданысып, күмбірлеген домбыра үнімен қимай қоштасты. Сан ғасырлық тарихы бар ұлтымыздың ұлы өнері ғасырлар қойнауына енген сайын құдіреті артып, айшықталып келеді. Еліміздегі музыкалық және өнер мектептері арасында өткен осы «Күй-Құдірет» байқауы соның айқын көрінісі.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы