Осыған орай ең алдымен ауылшаруашылық құрылымдары сапалы тұқым, арзандатылған жанар-жағармай және қажетті техникамен қамтамасыз етілді. Топырақ құнарын сақтауға қажетті басқа да агротехникалық шаралар толығымен атқарылды. Соңғы кезде кейбір ұсақ шаруа қожалықтары тыңайтқыштарды пайдалану ісіне салғырт қарай бастағандары да жасырын емес. Биыл мұндай теріс тәжірибенің тамырына балта шабылды. Сонымен бірге, олар өз қолдарындағы бұрынғы ескі техниканы жаңғыртуда да қам-қаракет танытуда. Бүгінгі күні болашақ мол өнімге кепіл боларлықтай осындай өзекті мәселелердің бәріне де мемлекеттік тұрғыдан қолдау тетіктері енгізілген. Мәселе соны тиімді түрде пайдалана білуде деуге болады. Бұған дейінгі жылдарда облыстың дәнді дақылдар алқаптарына сапасы екінші санаттан төмен, тіпті кей кездерде үшінші санаттағы тұқым да себіліп келгенін жоққа шығару қиын. Ал биыл себілетін тұқымның басым бөлігін негізінен жоғары және бірінші санаттағы тұқым қоры құрайды.
Ақтөбе о бастан республикамыздағы астық өсіретін өңірлер қатарынан орын алып келеді. Алайда, белгілі бір кезеңде аймақтағы егістік алқаптардың көлемі қысқартылып кеткен жағдайлар да болған. Әрине, оның түрлі объективті және субъективті себептері де болған шығар. Алайда, дәл бүгінгі күні бір мәселе айқын. Бұл – өткен 2016 жылмен салыстырғанда биыл облыстағы егістік алқаптар көлемі 74,2 мың гектарға ұлғайғаны.
Осылайша, биылғы жылы жалпы көлемі 641 мың гектар алқапқа егістік салу жоспарланған. Бұдан алынатын өнім мөлшері қандай болмақ? Бұл жөнінде алдын ала болжам жасап, бал ашу қиын, әрине. Соның ішінде суармалы егіс емес, тәуекелге негізделген, тіпті керек десеңіз, жаз кездеріндегі жауын-шашынға да тәуелділігі бар егістік жағдайында қандай да бір айқын жорамал жасау оңайға түспейді. Әйтсе де қазіргі күні агротехникалық шаралар ойдағыдай жүргізілген жағдайда 480 мың тонна астық жинауға болатыны жөнінде есептер жасалған.
Сөз соңында өңірде бел ортаға таяған көктемгі егістің жай-күйіне келсек, астық өсірушілердің басты назары оны созбай, уақытында аяқтауға аударылған. Бұл істе Қарғалы ауданының диқандары көш бастап келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы