Қайтып келген жігіт
Театр өнерінің белгілі майталманы, режиссер Жамбылбек Есенбеков Торғай облыстық музыкалы драма театрында бас режиссер болып істеп, кейін Қарағанды және басқа қалалардағы театрларда болып, біраз жылдардан соң Торғай театрына қайтып оралыпты. Оны жаңа жұмысымен құттықтай келіп сатирик Сейіт Кенжеахметұлы: – Қайтып келген қыз – жаман, қайтып келген жігіт – жақсы, – деген екен.
Өтсіз мал
Сатирик Сейіт сексенінші жылдары бір совхоз директорына телефон шалып, оны әбден көңілдендіріп алып, «бір мал керек еді» депті. Жазда ірі мал сойылмайтыны белгілі ғой, директор сонда да «Қандай мал керек?» деп қалыпты. – Өтсіз мал керек, – депті Секең. Амалы құрыған директор сөз тапқан сатириктің өтінішін орындап жіберіпті.
Не елу, не өлу
Кеңес заманы кезінде ақын-жазушылардың толық жинағы мүшел жастарда немесе өлген кезде ғана шығатын. Сейіттің жұп-жұқа 6-7 жинағы шығып, едәуір танылып қалған кезінде оның досы, Торғай драма театрының директоры Төкен Елтебаев: – Сейіт-ау, осы кітаптардың басын қосып неге бір үлкен кітап шығармайсың? – депті. – Төкен-ау, ондай кітап шығару үшін маған не елу, не өлу керек қой, – деген екен ақын.
Көрген БІЛГЕНОВ
Жердегі жұлдыздар
– Ата,ата, бірдеңе сұрайын. – Бірдеңеңді сұрай ғой, күн-айым. – Теледидарды қарасам, анау да жұлдыз, мынау да жұлдыз. Сұхбатында, Мен – Шолпанмын деп, Шорт кесті бір қыз. Бұрын-соңды көрмеп ем, Шайтан ба деп ойладым, Елсіз жерде шөлдеген. – Олай деме, ұлым, Келемежінің түрін, Тым ағаттық мұның. – Ата, ата, Тыңдаңызшы дұрыстап... – Ойымда жоқ ұрыспақ. – Жердегі жұлдыздар, көктегі жұлдыздарға жақындады, – деп ақырзаманның баласы қақылдады. Қоштаған қоғалы көлдегі Бақалар да бақылдады.
Ит жетектеген ару
Көшеге жетектеп шыққан, Қыздың иті, иттің нағыз хиті. Аузы аумаған дорба, Бұлқынғанда шіреніп, Тоқтатады зорға. Алпамсадай денеге, Қазанымен құймаса, Шөмішің шақ келе ме. Сән қуған бикеш айлығын Бөледі үшке теңдей. Өзіне, пәтерге, Иті де бір сыбаға, Өңеші тесік болғасын, Мөлиіп көзі тұра ма. Зеріктірмес ермегі, Булдөгінің астында, Жұмсақ төсек төрдегі. Аптасына бір рет, Шомылдырып ваннаға, Ет қояды табақпен, Көсек-көсек алдына. Әтірді де себеді, Алты ай сайын ветврач, Дәрісін келіп егеді.
* * * Жабу жауып үстіне, Деп: «салқыннан тоңады». Әкесі мен шешесі, Қарттар үйінің қонағы. Көптен көмек сұраймын, Апасы айтқандай: «Еркегі құрып қалған ба, Құдайдың».
Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ
Қызылорда облысы
Емханада: – Дәрігер, көмектесіңізші, қалай арықтасам болады? – Банкке барып қомақты несие алыңыз... *** Ота жасалғаннан кейін төсекке таңылған науқас дәрігерге: – Кей-кейде іші-бауырым дызылдап, денем селкілдеп кетеді. – Бәсе, «без звукаға» қойып, таппай жүрсем... Қайта ота жасаймыз, ағасы... *** Анализ қорытындысын шығарған дәрігер науқасқа: – Сіздің ағзаңыз құрылыс заттарын сататын дүкенге ұқсайды. – Неге олай дейсіз? – Өйткені, сіздің өтіңіз бен бүйрегіңізде – тас, буындарыңызда – тұз, бұлшық еттеріңізде – темір, өкпеңізде – күл, асқазаныңызда құм жиналып қалған. *** Дәрігер науқасқа: – Егер сіз скрипка тартуыңызды қойсаңыз, дертіңізден құлан-таза айығып кетесіз, – дейді. Науқас рахметін айтып шығып кеткен соң, медбике дәрігерден: – Мына кісінің дерті мен скрипка-ның қандай қатысы бар? – деп сұрайды. – Ол екеуміз бір подъезденбіз... Көршім ғой...
Жылбасы жөніндегі жиналыс
Шығыстан бозамықтанып таң нұры көрінер-көрінбес кездегі қораздың «кукарекулеген» ащы дауысы тәтті түс көріп жатқан аң-құс біткенді шошытып оятты. – Не болып қалды? – Тағы да тауық па? – «Ерте шақырған тауықтың мойнын жұлар» деген, осы-ақ ұйқы бермей қойды, мойнын жұлып тастау керек. Аң-құс дүрлігіп қалды. Бірақ, бұған қоқиланған қораз ыққан да, бұққан да жоқ. Қанатын қомдап ұшқысы келгенімен ұзай алмады, жартысы құлайын деп тұрған кепенің төбесіне топ ете түсті. Қанатын қағып-қағып жіберіп, айналасына айбарлана қарады. – Бір маңызды шаруа бар. Тезірек жиналыңдар! – деп әмір етті сосын. – Мұны жан-жануарлар «аң патшасы арыстанның әмірі» деп ұқты. Мына мешіннің Құдай сүйер бір қылығы жоқ. Ағаштан ағашқа өрмелегеннен басқа түк бітірмейді. Адамға ұқсағанымен, миы жоқ. Миы жоқ болғаннан соң айналасына сыйы жоқ. Сөйте тұра, кейде адамды мазақтаймын деп ерсі қылық көрсетеді. Сонда да оны сыйлап мешін дедік. Өзінің жылы ғой, қалағанын жесін дедік. Ол салтанат құрған жылы біз үндемедік. Оның жылы бітті, таққа енді мен отырдым. Сондықтан да, бұйрығымды тыңдаңдар, – деп қызыл қораз айдары тікірейіп, көздері шатынап, айналасына алара қарады. «Мынау не айтар екен? Сөзінің соңын бағалық» деп ұйқылы-ояу аң-құс келісіп қойғандай үндемеді. Олар тым-тырыс қалған соң қораз «бүкіл аң-құс бұйрығыма бас ұрды» деп ойлады. – Осы мен түкке түсінбеймін, – деді қораз қоқиланып, – адамзатқа титтей де пайдасы жоқ қаптесер тышқан неге жыл басы болады? Даладағысы ала жаздай егіннен егін қоймайды. Осындай зиянкес жәндіктің (жануар деуге қимады) жыл басы болуы әділдік пе, ағайындар-ау? Кукареку деп таңды атырып, кукареку деп кешті батырып жүрген мына мен жыл басына лайықты емеспін бе? Әділдік қашан салтанат құрады? Жыл санауды қайтадан қарау керек. Бүгінгі жиналысымыздың басты мәселесі осы. – «Тауықсыз да таң атады». Осыны да түсінбейтін милау екенсің, – деді түлкі. – Қанша жерден қу болсаң да жылдардан құр қалған сенен ақыл шығар ма? Ділмарсымай жайыңа жүр. «Түлкінің терісі өзінің соры» деген де бар. Адамзат келіп қалмай тұрып бұл жерден қараңды батыр, – деп қораз оған жақтырмай қарады. Түлкі қоразға тап бермек еді, қасқыр оны тыйып тастады. Жыл иесіне тиісуге болмайды! Қасқырды көрген түлкі көздері ежірейіп, кейін шегінді. Мінбеге қоян көтерілді. – Меніңше, қораздікі дұрыс, сөзі сөз-ақ! Таңды бәрімізден бұрын қарсы алатын қораз жыл басы болуға әбден лайық! Сондықтан, қоразға дауыс беруге шақырамын, – деп қоян сөзін қысқа қайырды. Мінбеге үйрек шықты. Ол балпаң-балпаң етіп, өзімен балапандарын сүйреп шықты. – Қораз бен тауық түптеп келгенде бізбен туыс. Оның жыл басы болуын мен де құптаймын! – деп балапандарын шұбыртып мінбеден түсті. Тосыннан ұран тасталғаннан соң ба, қаз басын қаздаң еткізіп көтеріп алды. Тұмауратып жүрмесе де, өп-өтірік жөтеліп алды. Қаңқ-қаңқ етіп ол да мінбеге қарай бара жатты. – Тауық болмаса, сауық болмайды, – деді қаз саңқ етіп. Қораздың айдары одан сайын қып-қызыл болып кетті. Қаз нені бүлдіріп қойғанын енді сезгендей састы. Сосын жалма-жан қанатымен тұмсығын басты. – Жыл басы қораз болсын! – деп мінберден жалма-жан түсіп кетті. Аң-құстардың арасынан біреу жылмаң етіп мінбеге қарай жылжып бара жатты. Ешкі екен. – Үй құстары бүгін неге сонша белсеніп кетті? Мен сіздерге бір жұмбақ жасырайын. Егер құстар тым азайып кетсе «Қызыл кітапқа» жазады. Ал, тым көбейіп кетсе ше? – деп ешкі көзін ежірейтті. – Сол да жұмбақ болып па? Егер құстар тым көбейіп кетсе «Тәтті тағамдар» кітабына жазады, – деп теке бақылдады. Қасқыр тісін қайрады. – Тұқымдарың тұздай құрып бара жатқан сексек баба ұрпағы едіңдер. Өмірлеріңде көрген жақсылықтарың жоқ. Тіпті, маған да жақпайсыңдар. Етіңді жесем, ішіме тоң қатады. Сондықтан, сендерге сүйкенбеймін. Маған керегі семіз қой, соларды өзіме икемдейін. Ал, жыл басына мені сайласаңдар, ешкі тұқымын көбейтемін, – деп қасқыр тілін жалаңдатты. – Бұл күш көрсететін жер емес. Саяси мәселе қаралып жатқанда да қасқыр қасқырлығын істемек пе? – деп аю гүр етті. Қасқырдың жон арқасы дір етті. – Мен тоқал ешкі едім, қалай көбейемін? – деп бір ешкі шыжбыңдады. – Әй, мынауыңның саяси мәселе қаралып жатқанда өз жағдайын қыстырғаны несі? Ешкіні жиналыстан қуып шығайық, – деп түйе тұлданды. Арыстан мен жолбарыс жиынның соңын ала келді. – Бұл не топыр? – деді арыстан гүр етіп. – Мына қораз жыл басы боламын дейді, – деп екеуінің алдынан қасқыр қол қусырып шықты. – «Қыт-қыттаған тауық жұмыртқаламай қоймайды» деген бар еді. Ақыры көкейіндегісін білдірген екен ғой. Жыл басы оның не теңі? – деп жолбарыс жұлқынды. – Кукареку! – деп қораз айқайға басты. – «Ерте шақырған қораздың басын алады» деген, мынаның басын алыңдар! – деп әмір етті арыстан. Құдай қаққанда, осы кезде мешін тақтан түсіп, орнына тауық отырды. Қораз қоқиланып тауықтың қасына қанша барғанымен, тауық тауықтығын істеді. «Тауық бар жерде қауіп бар» деген бәлкім осы шығар. – Бір жыл көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шығар. Сені ме, сені! – деп түлкі тауыққа тап-тап берді. Жылбасы жөніндегі жиналыс осымен бітті. Содан бері қораз тәуліктің кез келген уақытына қарамай «кукарекуіне» басып жүр. Сірә, қызғаныштан шығар. Ал былайғылар «осы қораздан-ақ құтылмайтын болдық. Уақыттан жаңылыстырып бітті» деп налып жүр. Енді біреулер таңның атқанын білдірту үшін есек лайық десе-ді. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, қоразға ренжіп жүргенде күніміз есекке қарап қалса жетіседі екенбіз. Қай уақытта шақырса да тауықтікі табиғи! Төрлет, Тауық жылы!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
ШЫМКЕНТ
Психологпен әңгіме: – Қыз-келіншектер еркектерге қарағанда неге ұзақ жасайды? – Өйткені, олардың әйелдері жоқ.
– Осы сен үш-төрт рет үйлендің, неге неке сақинасын тақпайсың? – Бәрін жарқыратып тағып жүргенім біртүрлі ұят емес пе?
– Етжеңді азаматтар қашанда сыпайы келеді-ә? – Е, олар төбелеске жоқ, қашу да қиын оларға.
– Ғұмырымда ешкімді алдамаппын, ұрлық та жасамаппын, қиянатқа да бармадым!.. Сонда мен неге ғана нашар өмір сүрем? – Өз сұрағыңа өзің жауап беріп тұрсың.
– Ата, сіз неғып дүрбімен күні бойы асүйден шықпайсыз? – Қарсы үйдегі көрші есейген қызын бақылауды тапсырған болатын...
– Аты елге белгілі мекемелерде неге ғана махаббат қызықтары болмайды? – Ондағы қызметкерлердің түгелге жуығы бір-біріне туысқан болып келеді.
Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР