Ақмола облысы, Степногор қаласының Спорт сарайында дзюдодан Бөгенбай батырды еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіндегі байрақты бәсекеге Қазақстан қалалары мен аймақтарынан 300-ден астам жасөспірім спортшы қатысты.
Дәстүрлі жарыс әртүрлі атаумен биыл 35-ші рет өткізіліп отыр. Екі күнге созылған кілем додасында ұлдар – 8, қыздар 2 салмақ дәрежесінде шеберліктерін сынға салды.
Республикалық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен грамоталарды, естелік кубоктар мен сыйлықтарды өңірге аты мәлім спорт майталмандары табыс етті. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев әлемдік, құрлықтық және республикалық бәсекелерде оза шапқан балуандарды дайындаған жергілікті бапкерлерге Алғыс хаттар тапсырды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы