Күн райының сан құбылып, бірде жылып, бірде суып, бірқалыпты болмауы дарияға да өз әсерін тигізіп жатыр. Өткендегі аяз Сырдың суын қатырып, мұз құрсауына алған. Онан кейін қайта жылығанда қатқан мұз еріп, ол кептеліп, судың ағынын тежей бастады. Ақырында Жалағаш ауданындағы Ақсу елді мекенінің тұсында орналасқан «Ашырман» қорғаныс бекеті сыр беріп, су бұзып кетті. Қармақшы мен Жалағаш аудандарының арасын су басып, жол жүру мүмкіндігін шектеп тастады.
Тіпті, осындай тасқын кезінде су өткізуге есептелген көпірге де кесірін тигізіп, бір басын су құлатып кеткен. Бүгінде жағдай қалыпқа келді. Дегенмен, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы ішкі жол жабылды. Өйткені, көпір жарамсыз. Негізгі қатынас «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы жүріп жатыр.
Жалпы, дария бойында 56 қауіпті тұс анықталған. Бүгінде оның бойында 91 мекеме, 2000-нан аса адам кезекшілікте тұр. Қауіп келеді-ау деген жердің барлығы қатаң бақылауға алынған. Дегенмен, ауа райының құбылмалығы өзінің кесірін тигізбей қалып жатқан жоқ. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылса да, су арнасынан асып кетіп жатыр.
Тағы бір мәселені айта кеткен абзал. Дария әлі толық қатып үлгерген жоқ. Десек те адамдар мұзға шығып, балық аулауды бастап кеткен сыңайлы. Бұрнағы күні Шиелі ауданында екі адамның балыққа кетіп, қайта оралмағаны туралы дерек шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оларды іздестіріп жатыр. Мамандар тұрғындарды толық қатпаған мұздың үстімен жүрмеуді ескертуде.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы