Елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында «Тәуелсіздік тағылымы-25» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті. Шараға еліміздің үздік фотожурналистері ұсынған, сондай-ақ «Менің елім – Қазақстан» фотобайқауына қатысқан 100-ге тарта жұмыс қойылды.
Көрме екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы 9-20 қараша аралығында «Тәуелсіздіктің бесігі» деген атаумен Алматы қаласында өтсе, келесісі 6 желтоқсаннан жыл соңына дейін Астанада жалғасады.
«Еліміз егемендігін алғалы 25 жыл ішінде бірқатар маңызды әрі айтулы оқиғалар жүзеге асты. Олардың еліміздің болашағы мен дамуына елеулі үлес болып қосылары анық. Бүгінге дейінгі уақыт аралығында жас мемлекетіміздің болашаққа жасаған әрбір қадамы фотожурналистердің назарынан тыс қалған жоқ және солар арқылы жұртшылыққа жарияланып, тарих беттерінен орын алып, өскелең ұрпақ үшін сақталып келеді», деді «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асылхан Әбдірайым.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі бұл іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіп отыр. Ұйымдастырушылар келер ұрпаққа жаңа тарихтың шежіресіндей құнды деректерді қызықты етіп жеткізуді мақсат етті.
Фотокөрме аясында «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің фототілшісі Советбек Мағзұмов Қазақсан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, шара шеңберінде Үкімет басшысының фотографы Шүкір Шахайға, «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің фотографы Мұхтар Холдорбековке, қазақ тілінде жарық көретін National Geographic журналының шеф-фотографы Ерболат Шадырақовқа, Қорғаныс министрлігінің фотографы Ермек Сарбасқа және «Егемен Қазақстан» газетінің фотографы Ерлан Омаровқа да құрмет көрсетілді. Оларға тәуелсіз Қазақстанның фотшежіресін жасап жүрген жандар ретінде бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»