• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Періште көңіл сәбилер қуанышы

308 рет
көрсетілді

Еліміздегі жалғыз мамандандырылған бет-жақ және ЛОР органдары патологиясымен ауыратын науқастарға тәулік бойы жедел көмек көрсететін Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухана – емдеумен қатар, жанашырлық және қайырымдылық шараларымен де дәстүрлі түрде айналысып келеді. Мұнда ересектермен қатар, кәсіби жоғары білімді үлкен жүректі балалар дәрігерлері жаңа туған нәрестеден бастап 14 жасқа дейін ем-дом көрсетеді. Жуырда Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­ды­ғы­­­на орай аталмыш аурухана ұжымы 25 қайы­­­­ры­м­дылық шара акциясына үн қосып, шаһар­дағы №2 мамандандырылған Сәбилер үйіне келіп, кішкене балақайларға жүрек жылуы мен сүйіспеншіліктерін білдірді. Олар қыста киетін әдемі күртешелер, түрлі ойыншықтар сыйлап, қамкөңіл балаларды бір қуантып тастады. Ойын баласы емес пе, сыйлықтары қолына тиісімен, жүздері бал-бұл жайнап, секіріп қуанғандарын айтпаңыз. Қай­тары­мы­на өлең, тақпақтарын кезек күтпей, бір-бірін тыңдамай айтып жатыр. – Біздер, дәрігерлер күнделікті бала өмірі­мен күресе жүріп, дені сау бала – ата-ананың қуанышы екенін, cондай-ақ, дені сау бала – мемлекеттің болашағы, ұлттың саулығы екенін жақсы түсінеміз, – деді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мая Болшанова. – Сондықтан дәрігер үшін ең үлкен алғыс, рахмет – ол кішкене пациенттерінің жүзінен күлкі көру. Бірақ бүгінде олар тек медициналық көмекке ғана емес, мейірімге, сүйіспеншілікке зәру. Ал қоғамда отбасы, ата-анасы жоқ балаларға аз да болса қамқорлық жасап, қуаныш сыйлау біздің міндетіміз. Сондықтан да төл мереке қарсаңында осындай қайырымдылық шара жасауды азаматтық борышымыз санадық. Бір айта кетерлігі, №5 аурухана өздеріне көрші орналасқан аталмыш балалар үйіне бес жылдан бері тұрақты көмек қолын созып келеді. Оған қоса, емдеу-диагностикалық көмек­­терін де көрсетеді. Әр мереке сайын тәтті­лерін, сыйлықтарын алып барады. Алдағы, 28 жел­тоқсан күні өтетін емдеу орнының жаңа жыл­дық шыршасына балаларды да шақырып отыр. Аурухана ұжымы оларға сыйлықтарын дайындап та қойған. Бүгінде 75 орынға арналған Сәбилер үйінде 5 жасқа дейінгі 50 бала тәрбиеленіп, оның елу пайызы туа салысымен мүгедек, қалған­дары­ның ата-анасы абақтыда отырғандар, ата-ана құқығынан айырылғандар екенін жет­кізген Сәбилер үйінің бас дәрігері Ләтипа Қожам­құлова, мұндағы балаларға мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек ете кетті. «Бүгін біздің Сәбилер үйінде той. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мере­кесіне орай №5 аурухана ұжымы үлкен сыйлық жасап отыр. Балалар соған қатты қуануда. «Қайырымды қол тамұқта күймейді» деген, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, өзіміз сүйіп оқитын «Егемен Қазақстан» газеті арқы­лы аурухана ұжымына ризашылығымызды біл­дір­гіміз келеді. Өйткені, олар бес жылдан бері тұрақты қайырымдылық шараларын көрсетумен бірге, біздің балалардың денсау­лығы­на байланысты келіп те, болмаса ауруханаға жатқызып та тегін емдеп береді, – дейді бас дәрігер. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»