• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Ақша керек пе?

408 рет
көрсетілді

Қолма-қол алып, қол қойыңыз! 1999 жылы қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайту және қолдау мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры құрылды. Әлемнің 104 елінде депозиттерді сақтандыру жүйесінің әр түрлі нысандары қолданылады.  Аталмыш жүйені алғашқы рет Америка Құрама Штаттары жүзеге асырды. Ал оның құрылуына елдегі экономикалық дағдарыс түрткі болды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының беретін кепілі – егер банк мәжбүрлі түрде таратылатын болса, салымшы-жеке тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ұлттық немесе шетел валютасындағы  депозитке салынған қаражаты  мемлекет белгілеген мөлшерде, яғни 10 миллионға дейін ұлттық валютада және 5 миллион теңге көлемінде шетел валютасында қайтарылады.   Сонымен қатар, салымшылардың қаражаты қай банкте болсын өтеледі. Қазіргі таңда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру  қоры мәжбүрлі түрде таратылған «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына қосымша өтемдерді төлеуді бітірді. Бұл туралы және  Қордың басқа да жетістіктері жөнінде оның төрағасы Бақыт ҚОҒЫЛОВ айтып берді. – Бақыт Бектұрғанұлы,  осы жазда «Валют-Транзит Банк» салымшыларына қосымша кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі мәресіне жетті, бұл шара қалай жүзеге асырылды? – «Валют-Транзит Банктің» жеке тұлға-салымшыларына төленетін өтемнің  ең жоғары сомасы 700 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін артты. Өтем көлемінің артуына 2015 жылдың 1 тамызында күшіне енген заң жобасы себеп болды. Осыған сәйкес банк салымшылары, яғни 4 995 адам депозиттері бойынша 5 миллион теңгеге дейін қосымша сыйақысыз қосымша өтем­ақы алуға құқылы. Нәтижесінде, аталмыш банк­тің салымшыларына төлейтін кепілдік берілген өтемнің жалпы сомасы 4,25 млрд теңгені құрады. Өтемді төлеу үрдісіне келер болсақ, Қор оны бүге-шігесіне дейін межелеп қойған. Өткен жылдың 10 тамызынан бастап 2016 жылдың 10 тамызына дейін «Валют-Транзит Банк» салымшыларына қайтарылатын кепілдік берілген өтем «БанкЦентрКредит» АҚ банк-агент арқылы төленіп келді, яғни өз қаражатын алу үшін салымшы банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтініш беруге тиіс еді. Бірақ өтемді төлеу әлі аяқталған жоқ, үстіміздегі жылдың 11 тамызынан бастап бұл жұмысты Қор өз мой­нына алды. Бүгінгі таңда банк салым­шыларының 93%-ына өтем төленді. Қазірге дейін өтініш бермеген салымшылардың арасында тұр­ғы­лық­ты орнын ауыстырған азамат­тар­дың да бар екендігін атап өту керек. Сонымен қатар, салымшы қайтыс болып, мұрагерлері оның депозиті бар екенін білмеуі де мүмкін.  Осыған бай­ланысты Қор ондай азаматтармен бай­ланысқа түсе алмай отыр. Сонда да, Қор оларды іздеу жұмысын тоқтатпайды. Жалпы алғанда, «Валют-Транзит Банк» салымшыларына қосымша өтем төлеу­дің өзі айрықша жағдай,  өйткені, әлем тәжірибесінде мұндай оқиға кездеспеген. Аталмыш шара банк салымшылары арасында түсініспеушіліктің, келеңсіз жағдайдың орын алмауы мақ­сатында жасалды. Себебі, Қараған­ды қаласындағы салымшылар нара­зылықтарын бірнеше мәрте білдіргені белгілі. Сондықтан бұл жұмыс ойдағы­дай орындалды. Өйткені, депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің негізгі мақсаты банк жүйесіне деген сенімді қолдау болып табылады. – Сіз қазіргі кезде барлық қосы­м­ша өтемдерді тікелей жүр­гізіп отырмыз дедіңіз, ол қалай орындалады? – Өтемдерді төлеуді біз салымшылар мен олардың мұрагерлеріне мейлінше ыңғайлы етуге тырысамыз, яғни барлық қаражат өтініште көрсетілген банк шотына аударылады. Мұндай өтінішті жеке тұлға немесе оның заңды өкілі жеке куәлігінің көшірмесін және банкте есепшот ашқаны туралы анықтамамен бірге ұсынуы керек. Егер ол адам мұрагер немесе сенімхат арқылы келген болса, онда мұрагер екендігін растайтын құжаттың немесе қаражатты алуға сенім білдірілген сенімхаттың түпнұсқасын көрсетуі тиіс. Сонымен қатар, өтемақыны алу үшін қашықтықтан, яғни пошта ар­қылы өтініш беруге де болады. Бұндай жағдайда жеке куәлігінің көшір­месін нотариалды түрде куәлан­дыру қажет. Жалпы алғанда, салымшылар қаражатын қайтарып алу үшін осы шараларды орындаса жеткілікті. – Жуырда Қордың осындай жедел қимылына қатысты халықара­лық сарап­шылардың назарын аудар­ғаны туралы ақпарат тарады, бұл рас па? – Иә, рас. 2015 жылдың нәтижесі бо­йынша біз әлемнің 77 елінде депозиттерді сақтандыру бойынша қызмет ететін 83 ұйымның басын қосатын Депозиттерді сақтан­дыру жүйесінің Халықаралық қауым­дастығының  «Салымшыларға кепілді өтемді төлеу және проблемалы банктердің дәрменсіздігін реттеу саласындағы жетістік­тері» аталымы бойынша «2015 жыл­дың депозиттерді сақтандыру ұйымы» деген беделді халықаралық марапатқа ие болдық. Біз мұны мақтан тұтамыз және де мұнымен тоқтап қалмаймыз. – Яғни тапқан-таянғанымызды депозитке қорықпай сала беруімізге бола ма? – Әрине. Қазіргі кезде Қазақ­стандағы салымға кепілдік беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай келеді және әрі қарай да жетілдіріледі. Қор ретіндегі біздің мақсатымыз – банк мәжбүрлі түрде таратылған жағдайда еш кедергісіз қаражатты кепілді түрде қайтару және салымшы үшін ыңғайлы күйде жүргізілуі, бұл біздің қолымызда, біз оны орындай аламыз. Депозитті сақтандыру жүйесіне қатысушы-банктер мәжбүрлі түрде таратылатыны туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен бастап 14 күннен кейін салымшы кепілдік берілген өтемді алуға мүмкіндік алады. Қордың жұмысы және оның кепілдіктері  туралы толық ақпаратты Қордың www.kdif.kz сайтынан оқи аласыздар. Әңгімелескен Ермек ЖАҢАБЕКОВ