• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды

390 рет
көрсетілді

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «KEGOC» акционерлік қоғамы Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік бағытында ұлттық электр желісінің транзиттік әлеуетін арттыруға, Шығыс Қазақстан мен оңтүстік өңірлерде электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге және аталған аймақтарда электр қуаты жетіспеушілігінің орнын толтыруға мүмкіндік беретін кең ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұрнағы күні өткен республикалық телекөпір аясында Мемлекет басшысы «KEGOC» АҚ-тың басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевке осы ауқымды жоба шеңберінде «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» бағытымен өткізілген жаңа жоғары вольтты желілерді іске қосуға пәрмен берген болатын. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрлігі электр энергетикасы департаментінің директоры Бауыржан Сәрсенов жаңа электр желілерінің құрылыс жұмыстары, қызметі мен маңызы жөнінде әңгімелеп бері. Департамент директоры «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ ЭЖ салу» кең ауқымды инвестициялық жобасы екі кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «500 кВ және 220 кВ электр жеткізетін 700 шақырым желілер, сондай-ақ, 500 кВ «Семей», 500 кВ «Өскемен» және 1150 кВ «Екібастұз» қосалқы стансалары солтүстікте өндірілетін электр энергия­сын Қазақстанның шығыс өңірлеріне жеткізетін болады», – деді Б.Сәрсенов. Ол сондай-ақ, жобаның ел экономикасын дамыту үшін аса маңызды екеніне тоқталды. «Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылары осы уақытқа дейін Ресей БЭЖ желілері арқылы өтетін және өңірді энергия жүйесімен жалғайтын желілерді қолданып келсе, енді жаңа желілер арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағынан келгенде аса маңызды», – деді департамент директоры. Ол құрылыстың екінші кезеңі – «500 кВ Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма салу» жобасы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Бұл жобаны аяқтау бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Нақты айтқанда, шығыс өңірінің Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесімен байланысын күшейтеді, Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы транзиттік әлеуетті арттырады, шығыстағы өзендердің әлеуетін игеруге жол ашады. Бұл өз кезегінде, жаңартылатын энергия көздерін дамыту саясаты аясында маңызды рөлге ие, – деп атап өтті Б.Сәрсенов. – Бұдан бөлек, жобаны жүзеге асыру барысында тау-кен өнеркәсібінің электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Ақтоғай энергия торабында 500 кВ «Ақтоғай» қосалқы стансасы салынады. Сондай-ақ, «Ақтоғай – Алматы», «Ақтоғай – Достық», «Ақтоғай – Мойынты» бағыттары бойынша темір жол учаскелерін электрлендіруге мүмкіндік туады». Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»