Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы және Мемлекет тарихы институты бірлесе ұйымдастырған «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына арналған брифинг өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Беларусь ұлттық ғылым академиясы Тарих институты директоры, т.ғ.к., доцент Вячеслав Данилович, Башқұртстан мемлекеттік университеті тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Роза Буканова, Колумбия университетінің адъюнкт-профессоры Рафис Абазов және Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған қатысты.
Б. Жұмабеков ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы кітапханасында 28 қарашада басталған «Ашық есік күндері» жыл соңына дейін жалғасатынын айтты.
«Елбасы кітапханасында 100-ден астам бірегей мұрағат материалдарының, 550 тарихи кітаптардың 8 көрмесін тамашалауға болады. Дүйсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарияланған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталады. Оған еліміздің жетістіктері, Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары жайлы қалам тербеген 111 автор 365 жұмысын жолдады», – деді кітапхананың атқарушы директоры.
Сондай-ақ ол «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында талқыланып жатқан өзекті тақырыптарға тоқталып өтті.
«Конференцияның отандық және шетелдік қатысушылары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайтудағы рөлі, ұлттық экономиканы жаңғырту нәтижелері мен басымдықтары, ғылыми-инновациялық саланың жетістіктері мен басымдықтары жайлы өзара пікір алмасып, Қазақстандағы Президенттік институт, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі мәселелерін кеңінен талқыға салды», – деп атап өтті Б. Жұмабеков.
Айдар ӨРІСБАЕВ, "Егемен Қазақстан".