Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Instat компаниясының анализін пайдалана отырып, 2016 жылғы Премьер-Лиганың үздік қақпашыларын жариялады, деп хабарлады sports.kz.
«Астананың» қақпашысы Ненад Эрич өз позициясында өткен маусымның үздігі атанды. Оның индексі – 203-ке тең. Мұндай шешім шығаруға оның қайтарған соққыларының саны, сэйвтері, қарсыласымен жеке шыққандағы ойыны, дәл берген пастары (ұзын, қысқа, конструктивті) т.б. негіз болды.
Еліміздің үш дүркін чемпионы атанған тәжірибелі қақпашы биылғы маусымда 30 ойынға (2850 минут) қатысып, 21 гол жіберген. Сонымен қатар, 79 соққыны қайтарған және 29 сэйв жасады. Қарсыласымен жеке шыққан кезде де сәтті (95%) ойнаған. Ал пастарының дәлдігі 81%-ға тең.
Екінші орында – Ресейдің «Ростов» командасынан жалға алған «Қайраттың» голкипері Стас Покатилов. Оның индексі 201-ді құрайды. Ол барлығы 8 ойынға (763 минут) қатысып, 6 гол жіберген. Бұл ойындарда 24 мәрте (80%) соққы қайтара білген. Бұл қақпашылар арасындағы үздік көрсеткіш. Қарсыласымен бетпе-бет шыққандағы көрсеткіші де көңіл толарлық, 87%-ды құрайды. Сондай-ақ, 84% дәл пас берген.
Үшінші орында – Көкшетаудың «Оқжетпесінде» ойнайтын Саша Стаменкович. Бұл қақпашының индексі – 197. Барлығы 29 ойында (2756 минут) 40 доп жіберген. Чемпионатта 112 соққыны қайтарып, бұл көрсеткіште үздік нәтижеге қол жеткізді. Синегориялық голкипер 55 сэйв жасапты. Қарсыласымен жеке шыққандағы көрсеткіші 90%-ға, ал пастарының дәлдігі 77%-ға тең.
Төртінші орында – Алмат Бекбаев («Ордабасы»), бесінші орында – Денис Төлебаев («Ақжайық»), алтыншы орында – Антон Цирин («Ертіс»), жетінші орында – Давид Лория («Ертіс»), сегізінші орында – Жасұр Нарзықұлов («Атырау»), тоғызыншы – Александр Григоренко («Тараз»), оныншы – Самат Отарбаев («Ақтөбе»).