• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды

384 рет
көрсетілді

Елордадағы Astana Music Hall-да Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына лайықты азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.  Бұл сыйлық түрлі салада жүріп, өзінің білім-білігімен, табиғи талантымен, белсенділігімен топ жарған жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында екі жылда бір рет 10 аталым бойынша беріліп келеді. Биылғы іс-шараны Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырғандықтан, оған ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев, сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Нұрлан Ермекбаев: «Бұл сыйлық 1993 жылы Президенттің бастамасымен тағайындалған болатын. Сыйлықты берудегі басты  мақсат  – өздерінің асқан талантымен еліміздегі түрлі салалардың дамуына еңбек сіңіріп жүрген жастарымызды қанаттандыру, дарындылығымен, қабілеттерімен көзге түскен жас буынды марапаттау. Мәселен, спортта, қоғамдық қызметте, классикалық музыкада, өнерде тер төгіп жүрген жастар көп. Ендеше, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапаттау арқылы біз міне, осындай жастарды қолдап, олардың таланттарының одан әрі жетілуіне қосымша күш-жігер бергіміз келеді», – дей келе, бұл марапат Президенттің, мемлекеттің жастарымызға жасап отырған қамқорлығының бір белгісі екенін атап өтті. Бүгінге дейін «Дарын» сыйлығына әр жылдары елімізге кеңінен танымал адамдар қол жеткізіп келді. Олардың арасында Нұрлан Өнербаев, Қыдырәлі Болманов, Айгүл Кемелбаева, Ольга Шишигина, Ерболат Құдайбергенов, Бахтияр Артаев, Серік Сәпиев сынды өнер, шығармашылық, спорт салаларының белді өкілдері, «Мұзарт», «Бәйтерек», «Жігіттер» топтары бар. Биыл да бұл сыйлыққа ең үздік әрі талантты жастар ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық ән, сондай-ақ, қоғамдық қызмет аталымдары бойынша марапатталды. Мәселен, «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша сыйлыққа Кәмшат Қоскелова, Элина Паули, Олжас Сулейменов және Жандос Табылғанов ие болды. «Спорт» аталымында «Дарын» сыйлығымен Дмитрий Баландин мен Әділбек Ниязымбетов марапатталды. «Театр және кино» аталымында  Жасұлан Ерболат, Елдар Отарбаев пен Асылхан Төлепов үздік деп танылды. «Эстрада» аталымындағы сыйлықты Қайрат Айдарбеков, Әли Оқапов иеленді. «Халық шығармашылығы» бойынша «Дарын» сыйлығын Жандарбек Бұлғақов пен Саджана Мырзалиева еншіледі. Олжас Қасымов пен Манарбек Қыдырбай «Әдебиет» аталымы бойынша марапатталса, «Ғылым»  аталымындағы жастар сыйлығын Дарын Бөргеков, Мақсат Жабағин, Абылайхан Ескендіров, Артем Козловский мен Ақнұр Тұрғымбаева алды. «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымындағы сыйлықтың жалғыз иегері Әсел Кемелбаева болды. «Журналистика» аталымы бойынша «Дарын» сыйлығын Нұрсұлтан Құрманов пен Ирина Тен иеленді. Ал «Классикалық музыка» аталымымен Рахат-Би Абдысағин, Мақсат Жүсіпов және Азат Мәлік  марапатталды. Барлық жеңімпаздарға «Қазақстан Үкіметінің 2016 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері» атағы, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы берілді. Бұл күні журналистерге берген сұхбатында Дмитрий Баландин жоғары деңгейдегі сыйлыққа ие болу өзі үшін тосын сый болғанын жасырмады. «Мен бұл сыйлықтың иегері атану үшін ешқандай құжат тапсырған жоқпын. Оны Алматы қаласының әкімдігі жіберген болуы керек. Сондықтан, бұл марапат шынымен де, тосын сый, күтпеген жағдай болды. Әрине, бұл мен үшін өте үлкен құрмет, осындай марапатқа ие болғаныма қуанышым шексіз. «Дарын» сыйлығын иелену маған үлкен шабыт беріп отыр», – дейді Олимпиада чемпионы. Ләйла Еділқызы, "Егемен Қазақстан".  
Соңғы жаңалықтар