• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

«Универсиада ұсынған»

218 рет
көрсетілді

сертификат 99 қонақ үй мен 106 мейрамханаға берілді Алматыда соңғы жылдары қонақ үйлер саны 3 есе өскеніне қарамастан, олардың қызмет көр­сету сапасы санаттарына сай ма деген сауал жиі алдан шыға­ды. Әсіресе, бұл Универсиада жақын­даған сайын білінуде. Бүгінгі таңда оңтүстік шаһарда қызметін жалғастырып отырған 137 қонақүй бар. Бұл – ресми дерек. Бір қызығы, өткен жылдың 15 маусымы мен 15 қыркүйегі ара­лығында қазақстандық мейрамхана мен қонақүйлер ассоциация­сы арнайы зерттеу жүргізгенде, оған барлығы 165 қонақүй қатысқан еді. Сол сияқты қалада бюджеті төмен хостелдер қатары көбейе түскені байқалады. Алайда, брендке айналған 4, 5 жұлдыздыларын айтпағанда, Алматыдағы қонақүй­лердің көпшілігінің санаты айқын­далмағаны жуырда өткен іскерлік кеңесінде айтылды. Сондықтан, мегаполис әкімі Бауыржан Байбек кезекті рет қала­лық сервистік кластерді дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Шаһар басшысы алдымен туризм, тіпті дағдарыс кезінде де табыс әкелетінін айта келіп, бұл салада да бәсекелестік арта түскенін нақты мысалдармен келтірді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, туризм экономи­каның аралас 30 саласының дамуына ықпал етеді екен. Бұл ретте Алматының әлеуеті жоғары, қазірдің өзінде Қазақстанға жолы түскен әрбір екінші шетелдік турист Алматыны айналып өтпейді. Әкім бұл жиында да қонақүйлер мен тамақтану орындарының сервисін жақсарту, туристік азық-түлік өнім­дерінің түрін көбейту қажеттігін атап өтті. Ол қа­лалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа да көптеген мәселелерді ойдағыдай шешу одан әрі жалғасатынын, сол арқылы туристік тартымдылықтың арта түсетінін қадап тұрып жеткізді. Құзырлы мекемелердің бұл басқосуында қоғамдық орындардың орналасуы мен қонақжайлылығына қатысты Алматы даму орталығы жүргізген зерттеудің қорытындысы шығарылды. Оның басқарма төрайымы Жан­на Төлегенова нысандардың алты бағыт бойынша зерттелгендігін айтты. Олар – кездесу, тұтыну талабын анықтау, коммуникация және сату, пікірталастырушылармен жұмыс істеу, кешіру және ортақ ескертпелер. Қорытынды баға клиенттер пікірінің 4 деңгейі бойынша шығарылған – үздік, жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттанғысыз. «Зерттеу жұмысы «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша жүрді. Онда арнайы анкета толтырылды әрі жаппай іріктеу бойынша тиісті балдар қойылды. Қоғамдық тамақтандырудың 106 нысанының 69-ы – «үздік», 23-і – «жақсы», 13-і «қанағаттанарлық», тек біреуі ғана «қанағаттанғысыз» деген баға алды. Орналасуы бойынша зерттелген 84 нысанның – 29-ы «үздік», 35-і – «жақсы», 20-ы «қанағат­танар­лық» бағаларын иеленді. Орна­ласуы жағынан бар­лық нысандар қанағаттанарлық болып шықты. Жиын соңында «Универсиада ұсы­нады» сертифи­кат­тары 99 қонақүй мен 106 қоғамдық тамақ­тандыру орнына берілді. – Ресми мәлімет бойынша, Универсиада жарыстары кезінде қонақүйлер мен мейрамханалардың жұмысы 84 пайызға артады. Туристік бағыттардың қауырт­тығы 400 пайызға ұлғаяды. Ойын­­дар аяқталған соң қаланың туристік әлеуеті 2,5 есеге өседі. «Уни­вер­сиада ұсынады» сертификаттары және шильдалармен бірге Универсиаданың бренд-буктарын ескере отырып, мейрамханаларды, қонақүйлерді, ойын-сауық орындарын безендірудің бірнеше түрі көрсетілген флеш-карталарды да тараттық, – деді «28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданы өткізуді ұйымдас­тыру дирекциясы» МҚ басшысы Наиль Нуров. Еске сала кетейік, Универсиада Алматыда 2017 жылдың 29 қаң­тары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттік ойындар бағдар­ламасына спорттың 12 түрі енген. Алматыға әлемнің 57 елінен 2 мың спортшы келеді деп күтілуде. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ