Мәжіліс дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң жобасын қараған болатын. Осы заң жобасын талқылауға қатысқан депутаттар Зәуреш Аманжолова, Абзал Ералиев және Василий Олейникке бір-бір сұрақтан қойған едік.
– Зәуреш Жұманәліқызы, сіз осы заң жобасы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Бүкіл халқымызды тіркеуден өткізу адам құқын бұзбай ма?
– Бұл заң жобасы қазіргі уақытта аса қажет. Оны барлық дамыған елдер қолданады. Әрине, оның адам құқықтарын бұзу ықтималдығы бар дегенді көптеген адамдар айтып жүр. Бірақ бұлай дейтін адамдар тіркеудің өзіне қарсылық білдірмейді, тек ДНК мен саусақ өрнектерін адамның айрықша қасиеті ретінде пайдалану тәсіліне жол бермеуді, сонымен бірге, оны сақтаудың жоғары дәрежеде болу керектігін айтады. Мұндай деректер қолды болып кетсе, суық қолды адамдар қылмыстық жолда пайдалануы мүмкін ғой. Сондықтан олардың сақталу дәрежесі жоғары деңгейде болу керектігін талап етуге қоғам толық құқылы.
Сонымен қатар, дактилоскопиялық тіркеудің негізгі міндеттері мен қағидаттарын заң жобасын әзірлеушілер халыққа егжей-тегжейлі түсіндірулері қажет деп санаймын.
– Абзал Жұмашұлы, адам өліміне қатысты қылмысты ашуда дактилоскопиялық тіркеудің озық әдіс екендігі айтылуда. Оны қай жерден көруге болады?
– Дактилоскопиялық тіркеуді енгізудің өзектілігі мен қажеттілігі азаматтарды есепке алудың бірыңғай базасын құру жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, жұмыс іздеуге байланысты көптеген азамат бір қаладан екінші қалаға үнемі көшіп жүреді. Мұндай жағдайда тұрған жерлеріне тіркелу әдісі орындала бермейді. Тіркелмеген азаматтардың қаза табу жағдайлары да, өкінішке қарай, жиі кездеседі. Осындай жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттары табылмаса ондай адамның кім екендігін анықтау қиыншылық тудырады. Сондай жағдайда дактилоскопиялық мәліметтері арқылы мәйіттің кімдікі екені анықталып, қайғылы жағдай туралы туыстарына уақтылы хабар беруге болады.
Бұған қоса, соңғы уақыттарда жиілеп кеткен табиғи апаттарға, өрт, су тасқындарына байланысты көптеген адам ешқандай құжатсыз қалып жатады. Егер азамат дактилоскопиялық тіркеуге енген болса, олардың құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары тез арада шешіледі. Сондай-ақ, қапияда ақыл-есін жоғалтқан адамдар үшін де дактилоскопиялық тіркеудің маңызы зор. Адам өзі туралы ешқандай мәлімет бере алмаған кезде оның туыстарын тауып беру ісіне дактилоскопиялық тіркеулер көмекке келеді. Дактилоскопиялық тіркеу адамның бостандығы мен құқына ешқандай шектеу келтірмейді.
– Василий Иванович, сіздің ойыңызша, заң жобасының тиімділігі қандай?
– Мен бұл заң жобасы азаматтардың құқын қорғауды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, миграциялық бақылауды және қылмыстық істердің алдын алуды жаңа деңгейге көтереді деп санаймын. Заң жобасы халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленгені айтылды. Бүгінгі күні жүзден артық ел өздерінде осындай тәртіпті енгізген екен.
Заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында мүдделі тараптар өздерінің өзгертулері мен толықтыруларын айтты. Олардың көбі заң жобасына енгізілген. Мәселен, дактилоскопиялық және геномдық деректердің сақталуына мемлекет кепілдік беретіндігі туралы заң жобасына толықтыру енгізілгенін айта кетуге болады. Осының өзін адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғауға мемлекет жауапты екендігінің көрінісі деп санаймын.
Жазып алған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»