• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Көп көңілінен шыққан ауқымды акция

229 рет
көрсетілді

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Алматы облысындағы Үштөбе темір жол бекетіне ертелете жетті. Көп адам қатысқан темір жол бекетіндегі жиынды Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев ашып, тәуелсіз еліміздің бүгіні туралы сөз қозғады. – Үгіт пойызының қасиетті Қаратал жеріне келіп, еліміздің рухын жанып, болашаққа сенімімізді арттырғанына ал­ғысымыз шексіз. Мұнда барлығы 43 этнос өкілі еңбек етіп, тату-тәтті тірлік кешіп отыр – деді әкім. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған осы­нау республикалық акцияның жан-жақты ойластырылғандығы сол, әлеу­мет­тік іс-шараларды толық атқаруға салалық ма­ман­дардың уақыттары молынан жетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғы­лы­ми-сарапшылық кеңесінің және этно­мә­дени бірлестіктердің өкілдерімен кез­­десуге 150 адам қатысты. «Тәуелсіз Қа­зақстан» пойызымен келген кәсіби маман­дар­дың бір тобы Үштөбе қаласындағы ба­лаларды оңалту орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Тағы бір баса айтар дүние – Қоғамдық келісім кеңесінің және «Нұр Отан» пар­тиясының Қоғамдық қабылдауына 12 адам келіп, кеңес алды. Олар көкейлеріндегі көп мәселеге жауап алғандарын  айтты. Әлеуметтік мәселелер бойынша әң­гіме қозғайтын болсақ, зейнеткерлер барға қанағат тұтатындарын, ең бастысы елдің тыныштығы екенін алға тартып жатты. Ал Әділет министрлігінің заңгерлері құқықтық көмек көрсету және заң мәселелері бойынша 31 азаматқа кон­­сультативтік кеңес берді. Ауыл ша­руашылығы, Инвестициялар және даму ми­нистрлiктерінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан басқосуға кә­сіпкерлік және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша 33 тұрғын келіп, ке­ңес алды. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын көптен күтіп жүргендерге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілдерінің қатысуымен консультативтік кеңес беріл­ді. Барлығы 336 адам кеңес алса, олардың 55-і балалар болды. Бұл ретте, Астана және Алматы қалаларындағы медициналық орталықтарға 16 адам жіберілетіндігін және үйлерінде дәрігерлік көмекті 25 науқастың алғанын да атап өткен абзал. Білім және ғылым министрлігінің ұйым­дастыруымен ауданның үздік мұға­лімдерімен, білім беру ұйымдарының бас­шыларымен кездесуге 140 және қа­былдауға 28 адам келгенін де айта кетейік. Қорыта айтқанда, бұл күні барлық іс-шараға 2000-нан аса адам қамтылды. Әрине, халық разы. Себебі, облыс орта­лы­ғының іргесінде орналасқанымен, дер кезінде дәрігерлік көмек алу да уа­қытты талап етеді. Ал бүгін аудан орта­лы­ғына кәсіби мамандардың жүздеп келіп, көңілдер кілтін тапқаны қуантты. Сол қуаныштарын бір-бірімен бөліскен үштөбеліктер бір жасап қалды. Риза халық «әп, бәрекелді» деп алғыстарын ағыта «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын шаттықпен шығарып салды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Қаратал ауданы